Екі ел – бір марапат
ҚР СІМ-нің еңбек сіңірген дипломаты, ардагері, Франция-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының директоры Мүнира Артықбекова Францияның ең құрметті наградасы – «Құрмет легионы» орденінің кавалері болған алғашқы қазақ әйелі ретінде тарихқа енді. Museofnomad порталына берген сұхбатында Мүнира Абдулкаюмовна марапаттан алған эмоцияларымен бөлісті, сондай-ақ Франция мен Қазақстанның қарым-қатынасы туралы айтты.
Мен Қазақстан мен Франция арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығын нығайту саласында 32 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бірақ мені «Құрмет легионы» орденімен марапаттағаны таңқалдырып қана қоймай, қуантқанын жасырмаймын. Францияның Қазақстандағы елшісі Дидье Канесса мырзаның, президент Эммануэль Макронның мені орденмен марапаттау туралы шешім қабылдағаны туралы хатын алған кезде таңқалғанннан бұл не туралы екенін бірден түсінбедім. Барлығын ұққан кезде тіпті көзіме жас алдым. Мен Францияда жұмыс істеген алғашқы қазақстандық дипломаттардың қатарында болдым. Қазақстан Тәуелсіз мемлекет атанғаннан кейін, біз халықаралық қатынастарды нөлден бастап құрдық, екі елдің арасында байланыс орнаттық. Тіпті өзіміз француздарға қазақша әндер орындадық. Нәтижесінде, міне, осындай құрметті марапат!
Менің дипломатиялық мансабым және Франциямен ұзақ қарым-қатынасым – бақытты сәттің салдары. Мектепте мен ағылшын тілін оқыдым, дипломат болуды армандадым, бірақ қарапайым алматылық қызға арманды жүзеге асыру қиын болатынын түсіндім: ол үшін МГИМО-ға түсу керек еді, ал дипломаттардың балаларын арнайы квоталар бойынша қабылдайды. Мен ҚазМУ-дің тарих факультетіне, ал бір жылдан кейін педагогикалық институттың ағылшын бөліміне түсе алмадым. Бірақ қабылдау бөлімінде маған ректордың атына өтініш жазу ұсынылды, мені француз бөліміне апару керек болды, өйткені онда студенттер жетіспеді. Ал француз тіліне деген сүйіспеншілік өмірлік махаббатыма айналды. Содан кейін ғылыми мансап, ЛМУ-да тағылымдама, экономикалық білім алдым. 1990-жылдардың басында Қазақстан СІМ француз тілінде экономистердің тапшылығын бастан өткергенде, менің айым оңынан туды. Осылайша балалық арманым орындалды: мен еліміздің Париждегі елшілігінде жұмыс істедім, біраз уақыт Франциядағы Қазақстан істерінде Уақытша Сенімді өкілі болдым (елші өз қызметінен кеткен, ал жаңасы әлі тағайындалмаған жағдайда елшінің міндетін атқарушы дипломат. – ред.ескерт.), БҰҰ-да жұмыс істедім.
Қазақстан мен Францияның қарым-қатынасы – өзара сыйластыққа негізделген тең серіктестердің қарым-қатынасы іспетті. Екі елдің арасында Достық келісімшартына, өзара түсіністік және ынтымақтастық, стратегиялық әріптестік туралы келісімшартына қол қойылды. Франция демократияны дамытуда, экономикалық дамуда бай тәжірибеге ие, ол ЕО-ның жетекші мемлекеттерінің бірі. Бұл тәжірибе біз үшін қызықты және маңызды екені сөзсіз. Ал Қазақстан Орталық Азияда жетекші орын алады, біздің еліміз Франция үшін саяси және экономикалық тұрғыдан өте маңызды.
Бүгін мен Франция-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасын басқарамын және француз серіктестерімен ынтымақтастығымызға өте қуаныштымын. Қазір палатада 55 мүше бар, олар әртүрлі саладағы компаниялар: қаржы және банк секторларынан, фармацевтика саласынан, тау-кен секторынан, мұнай өнеркәсібінен. Француз компаниялары мұнда жұмыс істеуге мүдделі, олар қазақстандық реформаларды көріп, оларды қолдайды.
Біздің елдерді 8000 км қашықтық бөлсе де, екі елдің мәдениеті арасында көптеген ұқсастықтар бар. Біріншіден – тіл. Иә, иә, таң қалмаңыз! Француз тілі роман тілдер тобына, ал қазақ тілі түркі тілдеріне жатса да, басқа көптеген тілдерде жоқ дыбыстар қазақ және француз тілдерінде бар. Француздар біз сияқты, дос болуды біледі, олар да үлкендерді құрметтейді. Францияда Қазақстандағыдай көптеген ұлттар бір-бірімен тіл табысады. Әрине, біздің ас үйлерімізде де ұқсас қасиеттер бар – біздің халықтар қой етін өте жақсы көреді.
Жалпы, мәдениет пен ағарту саласындағы ынтымақтастығымыз мені өте қуантады. Қазақстанға Франциядан әртістер, музыканттар үнемі келіп тұрады. Франция-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасына, мысалы, «Сорбонна-Қазақстан» институты мен Alma U бизнес-университеті сияқты жоғары оқу орындары кіретінін атап өткім келеді. Әйгілі француз Сорбоннасының біздің елімізде өкілдігі бар екенін және Alma U да Еуропада танымал, әрі атақты екенін біз мақтан тұтамыз.
Мен қолымда барым үшін отбасыма ризамын. Әрқашан маған сенетін және қолдайтын ата-анам мен бауырларым, ұлым Болат. Бұл беделді марапатты, Құрмет Легион орденін мен оларға арнағым келеді.
Автор: Игорь Топорков
Аударған: Мөлдір Адамжан