Элисар Нурмагамбетов: «Бизнеске жаңа келгендер не айту керек екенін ойласа, тәжірибелілері не сұрау керек деп ойлайды»
Элисар Нұрмағамбетов – Black Ice Al стартапының негізін қалаушысы, әрі атқарушы директоры. Бастапқыда Consilienz атауымен танылған. Бұл ақшаны жылыстату, алаяқтық және адам саудасы сияқты қаржылық қылмыстарды анықтайтын бағдарламалық жасақтама жүйесі. Ол Forbes Next 1000 тізіміне енген қазақстандық. Кәсіпкер ретінде Элисар табысқа жетудің құпияларын ашып, жеке тәжірибесімен бөлісті.
Өзіңіз жайлы, отбасыңыз туралы айтып берсеңіз. Мамандығыңыз қандай?
Мен Алматылықпын, жасым 28-де. Қазіргі уақытта мен АҚШ-та тұрамын, осында жұмыс істеймін. Мамандығым бойынша заңгер, экономист және басқарушымын. Менің отбасым – анам және қарындасым. Оларды қатты жақсы көремін, және барлығы үшін алғысым шексіз. Болашақта менің басты құндылығыма айналатын отбасын құрғым келеді.
Бизнес әлеміне қалай келдіңіз? Барлығы неден басталды?
Университеттің бірінші курсында оқып жүрген кезден-ақ мен тек біліммен алысқа бармайтынымды түсіндім. Сөйтіп тегін жұмыс істей бастадым. Табысты кәсіпкерлерден қажетті дағдыларды үйрендім. Тікелей басшылармен жұмыс жасау көптеген мүмкіндіктер сыйлады. Олардың тәжірибелерін сүзгіден өткізіп, өзім де қайталап көрдім. Ең бастысы, үлкен тәуекелге бармадым. Себебі, жақсы нәтижеге жетудің төте жолын басшыларым көрсетті. Олардың тәжірибесіне сүйене отырып, нәтиже шығарып көрдім. Бұл менің ең үлкен артықшылығым болды.
Бірде бастықтарымның бірі бұл саланың қалай жұмыс істейтінін түбегейлі түсіну үшін 20 жылдан астам уақыт жұмсауға болатынын айтты. Сондай-ақ, осы жолдан өткен 20 дос тауып, солардан үйренуге болады деді. Бұл мен үшін ең маңызды қағидаға айналды. Олар маған көп ақша салды, миллиондаған қаражат инвестициялады. Ал мен қажетті байланыстар орнатып, жабық іс-шараларға қатысып, басқалардан бұрын маңызды ақпарат алуды үйрендім. Мен журналист сияқты қызмет атқардым десе де болады. Біздің саладағы табысты адамдармен кездесулер ұйымдастырдым. Мен оларға бірдеңе сатуға тырыспадым. Мақсатым айтқан сөздерін тыңдау, керек ақпараттарды жазу және сенімді қарым-қатынас орнату ғана болды. Жаңадан келген кәсіпкер не айту керек екенін ойласа, ал тәжірибелі маман не сұрау керек екенін ойлайды. Кейін бүкіл команда менің әр кездесуімді талдап, қателіктермен жұмыс жасайды. Біз алынған ақпаратты бірге өңдейміз. Бұл бізге стратегия құруға, жаңа өнімдер жасауға, қызметті жақсартуға көмектесті. Сонымен қатар, менімен тәжірибелі, дәлелденген бизнесмендер жұмыс істеді. Олар дұрыс ойлауды, тәуекелге баруды және ресурстарды басқаруды үйретеді. Мен жұмыста толық дербестікке ие болдым. Күрделі мәселелерді шешіп, үлкен тәуекелдерге де бардым. Бірақ жауапкершілікті тек өзім ғана көтерген жоқпын.
Шынымды айтсам, бірде-бір Гарвард маған мұндай білім мен орта бере алмайтын еді. Осыдан кейін өз ісімді бастадым. Әрине, бұл қиынырақ болды. Өйткені, барлық тәуекелдерге жауапкершілікті өзім көтердім. Алдыңғы жұмысым қазіргі ісімнің моделі болған секілді. Иә, көптеген қателіктер мен үлкен стресс те болды. Себебі мен процесті өзім игердім. Алайда, үлкен жеңістер мен жеңілістерден кейін мен жоғалтудан қорықпайтын болдым. Бұл маған жаңа мүмкіндіктер әлемін ашты.
Отандық және шет елдік бизнес жүргізу процесінде айырмашылық бар ма? Егер бар болса қандай?
Әрине. Айырмашылық өте үлкен. Қазір АҚШ-та өз бизнесін жасауға, технологияларды экспорттауға тырысатын көптеген қазақстандық компаниялар бар. Көпшілігінің бұл ойы іске аспай жатады. Себебі Америка нарығы жақсы жетілген және өте күрделі. Сонымен қатар, отандық нарықтан түбегейлі ерекшеленеді. Бізде клиенттер көп емес, олар үшін тек бірнеше компания күреседі. Сәйкесінше арасынан 1-2 компания ғана көшбасшы болады. Кейін олар нарықты басып алып, жан-жақты өсе бастайды. АҚШ-та бәрі басқаша, нарық өте үлкен және бәсекелестер де көп. Сізге тек қана бір бағытта ең үздік болу керек. Бірнеше бағытта орташа болу нәтиже бермейді. Сондай-ақ, шағын нарық есебінен Қазақстанда бір кездесу арқылы қажетті адамдармен тілдесу оңай. Ал АҚШ-та оңай емес, мұнда адамдар әлемнің түкпір-түкпірінен келеді. Сәйкесінше нарық оларға күмәнмен қарайды, әрі оңайшылықпен ортаға кіргізбейді.
Стартаптарға қандай кеңес бересіз? Қандай қателіктердің алдын алу керек? Оларға пайдасын әкелетін қандай тиімді жолдар бар?
Бизнеспен айналыспаңыз және жүйке жүйеңізді сақтаңыз. Қалжыңдаймын. Ең алдымен сәтсіздіктен қорықпауға кеңес берер едім. Өмір әлі алда, сіздің шексіз мүмкіндігіңіз бар. Бизнесте ең бастысы – сіздің өніміңіз, идеяңыз, ақшаңыз, инвесторларыңыз емес. Бастысы бұл сіз және жетістіктеріңізді қайталай білу қабілетіңіз. Жеңіліс таптыңыз ба? Жақсы, қайтадан байқап көріңіз. Өз қорқынышыңызды жеңгеннен кейін ғана сізге жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Екінші кеңесім, бизнесте сіздің ақылыңыз, шығармашылығыңыз, талантыңыз, байланыстарыңыз, тіпті мінезіңіздің күші де, менмендік те маңызды емес. Бизнес – бұл әрекет, белсенділік. Әркет етсеңіз ғана орындалады. Әрекет энергияны қажет етеді. Үшіншісі – процеске емес, нәтижеге назар аударыңыз. Ол үшін тәртіп. керек. Сіз ең пайдалы өнімді, ең жақсы команданы, ең тиімді стратегияны ойластырып қоюыңыз мүмкін. Бірақ егер, бұл нақты нәтижеге әкелмесе, онда бәрі бекершілік. Майлстоунға жетіңіз, мінсіз болмаса да, бастысы бұл нәтиже. Сізде фидбэк жинауға және жақсартуға әлі же уақыт бар.
Сіз әрқашан ресурста боласыз ба? Энергияны қалпына келтіруге не көмектеседі?
Энергия – бұл менің жұмысымның ең маңызды бөлшегі. Энергиясыз әрекет жоқ, әрекетсіз нәтиже жоқ. Сондай-ақ, тәуекелге бару, белгісіздік жағдайында шешім қабылдау үлкен энергияны талап етеді. Сондықтан мен команда мен серіктестеріме барлық ішкі міндеттерді өздері басқара алатыны үшін өте ризамын. Маған процеске араласудың қажеті жоқ. Бұл энергияны үнемдейді. Клиенттермен кездесуге, мүмкіндіктерді іздеуге және тәуекелдерге объективті түрде қарауға мүмкіндік береді.
Энергия оймен тікелей байланысты. Неліктен мұны істейтінімді білсем және қойылған мақсат маған ұнайтын болса, бұл маған қуат береді. Мысалы, маған біздің сала өте ұнайды, ол өте байсалды және консервативті болып саналады. Мен процеске қиындатусыз қарауға тырысамын. Сонымен қатар, өзіме ұнайтын нәрселерді ғана жасаймын. Ал маған ұнамайтын істерді дәл сол істі ұнататын адамдарға табыстаймын. Мен үнемі джакузиге, бассейнге, ваннаға барамын. Дәмді тамақтанамын, жақсы уақыт өткіземін. Жақында ғана мен демалысқа бардым. Мұхит, жағажай, күн, қызықты кештер, әдемі көрініс, жағымды компания — мұның бәрі демалуға қатты көмектеседі. Сіз әлемге жаңа көзқараспен қарай бастайсыз.
Қазақстан сізге несімен ұнайды?
Біздің елде маған барлығы ұнайды. Ең бастысы, әрине, бұл – адамдар. Олар барлық қиындықтарға қарамастан, мейірімділігі мен шынайылығын, мақсатына жетуге деген ұмтылысын жоғалтпайды. Әсіресе тағамдарымызды сағындым. Өз еліңде, жақындарыңның ортасында отырғанға не жетсін. Отбасылық бас қосуларымызды, үйдің атмосферасын ерекше сағындым. Біздің мәдениетті өте жақсы көремін және қазақстандық комедияларды жиі қайталап қараймын. Бұл маған өз елімде жүргендей әсер қалдырады.
Қалай ойлайсыз көшпенділер музасы болған не? Олар шабытты қайдан алады?
Менің ойымша, біздің халқымыз – өте көңілді және жігерлі халық. Көшпенділерге кең дала шабыт берді деп ойлаймын. Ашық аспан, таза ауа, мәдениетіміз. Қазір де жай ғана ойлап отырып, шабыт алудамын. Әсем табиғатқа тамсанып, өз халқының ортасында болудан асқан жақсы не болуы мүмкін. Ішіңде бірден романтика орнап, қуаттанып, алға ұмтылғың келіп тұрады. Мүмкін, бұл көшпенділердің рухы шығар. Меніңше ол біздің әрқайсымыздың жүрегімізде.
Элисар Нурмагамбетовке бизнес әлемі туралы егжей-тегжейлі ақпарат бергені үшін алғыс айтамыз. "Museofnomad" редакциясы әрқашан Қазақстанның айырықша тұлғаларымен бөлісуге дайын. Қазақстан – таланттар мекені.
Сұхбаттасқан: Мөлдір Адамжан
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан