Ең алдымен тәрбие
Alma U университетінің президенті Асылбек Қожахметов көшпенділер философиясы және қазақстандық білім қандай болу керектігі туралы өз пікірімен бөлісті.
Көшпенділер мен номадизм тақырыбы мені қатты қызықтырады. Көшпенділер – Жер тұрғындарының аз ғана бөлігі, алайда олар оның тоғыздан бір бөлігін алып жатты! Бұл көшпелі өмір салтының арқасында мүмкін болды. Қыста – қыстауда, жазда – жайлауда. Сонымен қатар Шыңғыс ханның Еуропаға жасаған жорығы ата-бабаларымыз үшін жақсы қорғаныс болды. Оның әскерінің негізгі бөлігі – қыпшақтар, протоказахтар. Тиісінше, олар майдан шебінде жүргенде, ешкім олардың жеріне кіруді ойлаған жоқ.
Көшпенділердің ең басты қасиеттерінің бірі – ұтқырлық. Осыған байланысты мен де өзімді көшпелі сезінемін: алыс сапарға көлікпен шыққанды ұнатамын, мысалы: Ыстықкөлге бару – сүйікті сапарларымның бірі. Бірақ биікте отыру үшін, міндетті түрде джипке мінемін. Шын мәнінде, әрқашан осылай болған: атқа қонған кез келген қазақ қанаттанып, ерекше күйге түседі!
Қазақтарда трайбализм дамыған деген пікірді естіген едім. Жоқ, мүлдем олай емес. Халықты жүздер мен руларға бөлу арамызды ажыратпайды, керісінше, бізді біріктіреді, өйткені барлық қазақтар бір-бірімен өзара туыс. Неліктен бұрын ел арасында ешқашан ұрлық болған емес? Өйткені ешкім өз туысына ұрлыққа түспейді! Сондықтан мен жүзге бөлу мемлекеттік саясатта міндетті түрде қолданылуы керек деп санаймын!
Әр қазақ өзінің жеті атасын жатқа білуге міндетті. Бұл – тарихи дәстүр, өйткені сіз жеті атаға толмай, қыз беріп, қыз алыса алмайсыз. Сонымен қатар бұл өзіңіздің алыс-жақын туыстарыңызды табуға көмектеседі. Ал мен өз руластарымды еліміздің кез келген қаласынан іздеймін.
Көшпенділер – өте бауырмал адамдар. Егер көшпенді ашушаң, шайпау болса, ол жай ғана көпшіліктің ортасында аман қалмайды. Номадтың тағы бір жақсы қасиеті – табиғатқа деген сүйіспеншілігі. Себебі оның өмірі табиғатпен тікелей байланысты.
Елдің мемлекеттік саясатының негіздері – мәдениет пен білім болуы керек. Білім мамандық ретінде емес, тәрбие ретінде берілуі тиіс. Мықты білім – мықты экономика. Керісінше болмауы керек! Біз нарықтық экономиканы мұнай қоры арқасында құра алдық, алайда білім мен мәдениет әлі де жетіспейді. Ал тәрбиесіз, бірақ білімді адам – ел үшін қайғы.
Тәрбие маңыздылығының тамаша үлгісі – Әлихан Бөкейханов. Ол әрдайым елге қызмет мәдениеттен құралуы керек деп айтқан және өзі осы қағидаларды ұстанған.
Қыркүйек айында Қазақстанның солтүстігіндегі Лобаново ауылында «Зейнеп» колледжін аштық. Менің ойымша, біздің ауылдарда да, қалаларда да көптеген талантты жандар бар. Ауылдан келген адамдарға қалаға орналасып, сіңісіп кету қиынырақ. Тағы бір мәселе – мұғалімдердің жетіспеушілігі. Мәселе оларға аз жалақы төленетіндігінде емес – оларға деген құрметтің жетіспейтінінде. Мұғалім қоғамдағы ең құрметті адамға айналған кезде жастар бұл мамандыққа саналы таңдаумен келеді.
Автор: Игорь Топорков
Аударған: Мөлдір Адамжан