Гауһар Бегейқызы: Ыңғайлы болу – ЫҢҒАЙСЫЗ

Қазіргі таңда «өзін-өзі дамыту», «өз-өзіңді тану» трендке айналды. Практикалар мен психологиялық сессияларға қатысу норма болып та кетті. Мұның маңызы неде? Бұл сұрақтың жауабын табу үшін кәсіби практик маман Гауһар Бегейқызымен сұхбаттастық.

Ендеше жолдасымен бірге 4 бала тәрбиелеп отырған көпбала ана, 17 жыл ата-енесімен бірге тұрып, келіндік қызметін атқарып жүрген, өзінің авторлық «Жанның ақиқаты» этно стильдегі мак карталарын ойлап тапқан кейіпкеріміздің «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап тауып, ассоциативті метафаралық карталарға қалай келгенін бірге білейік.

Мен де өз замандастарым сияқты «кеңестік кезеңде» өстім. Біз үкіметтің құлағанын да, қайтадан құрылғанын да, тәуелсіздік алуымызды, алғашқы жылдардағы дағдарысты да көрген ұрпақпыз. Қазіргімен салыстырғанда ата-анамыздың тәрбиелеу функциясы басқаша еді. Мақтау алуға да, ұрыс естуге де «лайықты» болуды үйрендік. Яғни, ештеңе бекерден бекер келмейтінін, оңай ештеңе жоғын кішкентайымыздан үйретті. Ал бұл уақыт өте келе «үздік болу синдромына» алып келді. Барлық салада ең бірінші болуға тырыстық. Сонда ғана бізді мақтап, жақсы көреді деп ойлайтынбыз... Меніңше бұл менің қатарластарымның көбіне таныс сезім...

Балаларымыз өсіп, күнделікті қадағалауымды қажет етпейтіндігін түсінген кезімде мен өз-өзімді зерттей бастадым. Мен кіммін? Осы сұрақты өзіме жиі қойып, жауап беруім терең ойланған сайын қиындай түсті. Міне дәл осы кезде мен ізденуді бастадым. Өзім сияқты бір келіншектен алғаш рет мак карталар туралы естіп, кеңесіне сүйене отырып барып көрдім. «Расскрылись все карты» дейді ғой, дәл солай тура мағынасында мен үшін барлығы анық бола бастады. Іштегі үрейдің де, сенімсіздіктің де, шарасыздықтың да себебін таптым. Сенесіз бе? Өз жанымның ақиқатын анық ести бастадым...

Сонда біздің өмірімізде өзін-өзі іздеу жолы қашан және қалай басталады?

Әрбір адам өзінше бөлек, жеке тұлға, ол қоғам үшін маңызды. Бірақ көбі шыныменде өзінің қаншалықты маңызды екенін түсінбейді. Өзін шаблондармен шектеп, күйбең тіршілікке еніп кетеді. Құтқарушылар біздің арамызда өте көп. Психология бұл категориядағыларды өзгелерді бірінші орынға қойып, басқаларға көмектесуді өзінің міндеті санайтындар деп сипаттайды. Иә, әрбір екінші қазақ әйелі құтқарушы десем артық айтпағаным шығар. Нәтижесінде өзін екінші орынға қойып, айналасындағылардың бәріне жақсы болуға тырысудан шаршайтын немесе жан-жағында көмегіне мұқтаж ешкім қалмаған кезең басталады. Сол кезде ол айнаға қарағандай өз жан дүниесіне үңіліп бастайды. Сұрақтар көбейеді. Оларға жауап іздеу арқылы сен өзіңді таба бастайсың... Бұл ұзақ жол, кейде адасқандай көрінесің, бірақ соңында өз жаныңның ақиқатына үңілесің...

Ойың – айнаң. Жақсы ойлауға көбіне не кедергі. Адамдар неге шексіз армандаудан қорқады? Өз-өзіңді шектейтін шаблондар ең алғаш қашан пайда болады?

Жақсы ойлау бұл ең пайдалы әдет. Әрбір істен тек жақсылық көру, айналаңа жақсы ниеттес болу, жақсы адамдардың бар екеніне сену, олардың қатарынан болуға тырысу бұның барлығы үлкен жұмыстың нәтижесі. Бала кезімізде біз тек позитивті ойлаумен боламыз. Бірақ өсе келе кейде жақыныңның, кейде бөтен біреудің сөзі үлкен тыйымға айналуы мүмкін. Миымыздағы шаблондар солай сызыла бастайды. Ал оны бұзып шығу үшін ерік жігер керек. Армандау тегін болса да сенімі өшкен адамдар бар. Олар ең алдымен өзіне сенуді тоқтатқан. Сосын айналасына, сосын ойларына, ештеңе риясыз сене алмайды. Әрқашан күдік пен үрей тұрады миында. Одан құтылудың жалғыз жолы – ойыңды тәрбиелеу. Мысалы сізді біреу ренжітті делік. Оған қарсы агрессия көрсетудің орнына күлімдеп көріңіз. Дәл қазір өмірінің қиын кезеңі шығар деген жақсы оймен оған артық энергия құртпаңыз. Түсіністік танытып, агрессия тасмалдаушы болудан саналы түрде бастартыңыз. Егер сіз басқа біреуге ашулансаңыз, жолыңыздан шыққан тағы да бір адамның ашуына себеп боларыңыз анық. Тізбекті бұзыңыз,керісінше қуаныш сыйлаңыз. Сізді ренжіткен адам өз ісіне өзі ұялатындай реакция беріңіз.

Жанның ақиқатын табу оңай ма?

Өз дауысыңды ести алу өте маңызды. Бұл – баға жетпес сый. Себебі, мына күйбең тіршілікте кейде біз айналамыздағылардың дауысын анық есту үшін өз үнімізді естуді ұмытып  кетеміз. Бұл ақырында шыңырауға алып келеді. Өз жаныңызды аялаңыз. Сізді өзіңізден артық түсінетін адам жоқ. Сондықтан арман қалауларыңызды тұншықтырмай мейілінше тыңдауға әрекет етіңіз. Жанының ақиқатын тапқан адам гармонияда өмір сүреді. Ол өзінің әр таңдауынан шынайылық пен бақытты сезінетін болады. Менің мак карталарымың «жанның ақиқаты»  деп аталуы бекер емес. Менің басты мақсатым, өз жан дауысын ести алмай, көп дауыстың арасында адасып жүргендерге жол көрсету. Өйткені мұның барлығы өзімнің де басымнан өткен. Мен бұл жолға өз тәжірибиеммен келдім. Айналамдағы тоқтаусыз тіршілік пен үздіксіз қозғалыстың арасында тек мен бір орында тұрып қалғандай сезімде болып, қайдан және қалай жаныма дауа табарымды, тіпті жан баласына ұқтыра алмаған бұл дертімнің себебі неде екенінде де түсіне алмаған кезім болған. Үздіксіз, ақырындап жасалған қадамдардың нәтижесінде бүгін мен өзім сияқты жандардың  бағдарына айналдым. Жанның ақиқаты – менің өз жанымның үнін іздеу жолымның жемісі. Мак карталардың көбі орыс тілінде екендігі мені ойландырды. Сосын әрбір адам өз сұрағының жауабын өз тілінде алуы керек деп шештім. Содан кейін, иллюстратормен келісіп әрбір картаға жеке жеке сурет салғыздым, қазақ тіліндегі әдемі сөз тіркестері мен ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінділер алып, шетелдік танымал тұлғалардың цитаталарын ана тілімізге аудардым. Бұл карталар этно-стильде жасалған өзімнің төл туындым. Бастысы, қабылдауыма келген әрбір жанның өз жауабын тауып, қуанышпен қайтуы. Бұл ақталған үміт, атқарылған еңбектің шынайы жемісі.

“Дәл қазір және осы сәтте болу" күйіне өту  үшін қаншалықты ұзақ жол жүрдіңіз? Адам "+"(плюс) және "–" (минус)  позициясында болуды өзі таңдайды ма?

Дәл қазіргі сәтпен өмір сүру оңай емес. Кейде миымыздағы сансыз ойлар мен ақпараттар ағына біздің басты байлығымызды, осы сәттен ләззат алу мүмкіндігін ұрлап алады. Мен әлі күнге дейін ойым шашырамауы үшін арнайы практикаларды жасаймын. Өйткені, осы сәттің бағасын білу өте маңызды. Біресе өткенге деген өкінішпен, біресе болашаққа деген үмітпен біз дәл қазіргі сәттің рахатын сезіне алмай жатамыз. + позицияға өту де осы сәтпен өмір сүрумен тікелей байланысты. Егер ойың басқа уақытта қалықтап жүрсе өзіңді аяп, сенімсіздік танытып оп-оңай – позияцияға өтіп кетесің. Сенің бүгінгі әрбір эмоцияң өзіңнің саналы таңдауың. Сондықтан  дәл қазір тура осы сәтпен өмір сүруге білуіңізге тілектеспін.

Отбасы және әйел туралы айтқанда неге көбіне жауапкершілік артып, мүмкіндіктер азаяды. Әйел тұрмыс құрған соң жұтылып кетпеуі үшін не істеуі керек?

Әйел адам көп жағдайда отбасын бірінші орынға қояды. Бір жағынан бұл дұрыс. Оның таңдауы қате немесе мүлдем олай жасамау керек деп айта алмаймын. Бірақ менің айтпағым сол отбасыдағы әйел образы. Ол егер бақытты, әр күніне қуанышты болса уайымдайтын ешетеңе жоқ. Ал егер оның бақыты отбасы мүшелеріне тікелей тәуелді болса, тек солардың қуанышы ғана әйелді өзіне разы қылатын болса онда жағдай қиын.

Әрбір адам жеке тұлға. Әйел болсын, ер болсын ол өзінің жеке дамуына, арман-тілектеріне назар аударуы керек. Ешқандай рөлге енбей, бала ретінде де, жар ретінде де, ана-әке ретінде де өз міндеттерін орындай отырып, «тұлға» ретінде өзінің алдындағы жауапкершілігін ұмытпау керек. Біз ең алдымен өз өзімізге аманатпыз. Айнаға қарағанда қалыптасқан, өзіне-өзі риза, өзін шынайы жақсы көретін жанды көретін болсаңыз отбасын құру, келіндік өмір, балалы болу  сияқты кезеңнің бәрінде үйлесімділікке қол жеткізесіз. Әйелге әйел жанашыр. Сондықтан да, өзімнің басымнан өткен жағдай болғандықтан, барша әйел жаратылысына өз жанының тыныштығы мен ақиқатына адаспай жетуге тілектеспін.

Отбасы тек жауапкершілік ордасы емес, онда өзара түсіністік, бірге даму, шынайы қолдау және көп мүмкіндіктер бар. Өз отбасыңызды өзіңіздің торыңызға айналдырмаңыз. Керісінше ол сіздің ең үлкен әлеміңіз, және міндетті түрде ол жақты сіз бақытты болуыңыз керек.


Жанның ақиқаты мак карталарына мен де жүгініп көрдім. Тосыннан келген идея болғандықтан дайын сұрақтарым болмады. Гауһар ханымда базалық 5 сұрақ бар. Соларға жауап алу арқылы өзіңе шынымен не керек екенін де түсінуге болады. Алғашында жай ғана қызығушылық болғанымен, маған түскен карталар да, онда жазылған сөздер де бірден қандай белгі екенін ұға алдым. Ойынның ерекшелігі: картаға қарап суреттен түсінгеніңді бірінші сен айтасың, сонда өз сұрағыңа өзің  қалай байқамай жауап бергеніңді түсінбей де қалады екенсің. Әрі қарай Гауһар ханым өзінің кеңестерімен бөлісіп, карталардың  сырын да ашып береді. Ал маған ең қатты ұнағаны барлығы қазақша, суреттер қазақы стильде, жаныңа жақын, құлаққа жағымды.

 

Сұхбаттасқан: Мөлдір Айболқызы

Көбірек оқыңыз