Мәңгілік қозғалыс
Арманжан Байтасовты қазақстандық медианың негізін қалаушылардың бірі деп айтуға болады. «31 арна» телеканалының $150 млн бағада ресейлік «СТС Медиа» холдингіне сатылуы рекордқа айналып, отандық бизнес тарихына енген.
Бүгінде оның қоржынында: Forbes Kazakhstan, MuzZone телеарнасы, Business FM радиосы, Іcon телекоммуникациялық компаниясы және басқа да активтер бар. Сонымен қатар Арманжан Мерекеұлы білім беру саласының да меценаты, бірнеше Қайырымдылық қорларының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі. Белсенді өмір салтын ұстанады. Жұбайы Диляра екеуі студенттік шақтарынан бері бірге, бүгінде үш бала тәрбиелеуде.
Muse of nomad редакциясының өкілі кәсіпкермен кездесіп, көшпенділер рухының жетістікке жету жолында қалай көмектесетіні туралы сөз қозғады.
– Арманжан Мерекеұлы, сіз үшін біздің еліміздің артықшылығы неде?
– Елімізде маған барлығы ұнайды. Батыс, Шығыс, Солтүстік, Оңтүстік Қазақстан – барлығы бірдей көз сүріндіреді. Алматы облысы – туристік маршруттардың орталығы десе де болады. Халқымызды, барлық қазақстандықтарды, ұлттық тағамдарымызды жақсы көремін. Біздің еліміз әлі жас, бұл болашаққа нық қадаммен ұмтылатынымызды білдіреді. Мен жастарымыздың оқуға деген ынтасын форумдарда жиі байқаймын, әрі өте қатты бағалаймын. Білімге деген құштарлықтары бірден сезіледі. Бұл біздің халқымызға тән қасиет.
– Muse of nomad – «Көшпенділер музасы немесе шабыты» деп аударылады. Қалай ойлайсыз, көшпенділерді шабыттандырған не?
– Мүмкін, тарихи тұрғыдан алып қарағанда, «көшпенді» деген – бұл өмір салты шығар. Бұл қоршаған әлеммен үйлесімде өмір сүре білу. Көшпенділер – зор арманшылдар. Біздің ондаған жылдар бойы әртүрлі қызықты жерлерге бірге саяхаттайтын, отбасылық достарымызбен бірлесіп құрған «Номадтар» деп аталатын тобымыз бар. Біз әлемді үнемі қозғалыста жүру арқылы танимыз. Әркез жаңа елмен, жаңа тағамдармен, жаңа мәдениетпен, жаңа адамдармен танысу – әлемдегі ең керемет сезім шығар. Бұл бізді жаңашылдыққа шабыттандырады. Нәтижесінде жаңа көріністер мен жаңа идеялар пайда болады. Көшпенділерге тән қасиет – мәңгілік қозғалыста болу.
Автор: Газиза Габи
Аударған: Мөлдір Адамжан
Фотограф: Даулет Кажкенов, @dan_smat