Махаббат бар, өлім жоқ
Жұлдыз Қасымбекова – Кyz Paradise сән дүкендері мен Over Pack Lounge Bar желісінің иесі және төрт баланың анасы. Оның өмірі өте ғажайып, шытырман оқиғалар мен қызықтарға, жетістіктер мен қиындықтарға толы. Жұлдыздың өмірбаяны тұтас бір романға арқау боларын біліп, біз оны бірнеше тарауға бөлдік те, әрқайсысына жеке-жеке тоқталдық.
1-тарау. Жұлдыз бес жасында шағын кондитерлік империяны қалай құрды, ал 14 жасында СӨС арқасында қалайша кросс-сейлдің патшайымы атанды.
Мен бала кезімнен, дәлірек айтқанда, бес жасымнан бастап жұмыс істей бастадым. Мен 1990 жылдары Жамбыл облысында қарапайым отбасында өстім. Анам базарда сауда жасауға мәжбүр болды да, ағам екеумізді өзімен бірге алып жүретін. Онда біз анамызға көрсетпей, шоколад пен кәмпитті қалтамызға толтырып алатынбыз, сөйтіп жүріп спирт те саттық. Содан түскен шағын табысымызды (1, 3, 5 теңге) бір-бірімізбен бөлісіп, мектеп асханасына жұмсайтынбыз.
Ал заңды түрде мен он төрт жасымда жұмыс істей бастадым. Жетінші сыныпты бітірген кезімде тәтеммен бірге Алматыға көштік. Басқа бір тәтемнің сөмкелер мен аксессуарлар сататын дүкені бар болатын, ол Benetton (Бүкіл әлем бойынша франчайзингтік дүкендер желісі бар итальяндық сауда компаниясы. – Ред.) компаниясының өкілі еді. Маған сол дүкенге жұмысқа орналасуды ұсынды. Сөйтіп, бірінші күні-ақ мен 140 мың теңгеге сауда жасадым!
Айта кететін бір жәйт – ол кезде мен ритейлмен (бөлшек саудамен) айналысамын деп тіпті ойлаған жоқпын. Өзім туристік компания ашуды армандайтынмын. Неге екенін білесіз бе? Әлемді тегін аралау үшін! «Жағдайым жақсы болса, еркін саяхат жасай аламын, әлемнің кез келген еліне билет сатып ала аламын» деген ой сол кезде мүлдем ойыма келмеген екен!
2-тарау. Қазақ қызының АҚШ-тың Шығыс жағалауындағы шытырман оқиғалары. Жұлдыз қалай Солтүстік Каролина фермерлерін қазақ тағамдарымен таныстырды және Нью-Джерси штатындағы шағын қаланың жұлдызына айналды.
Мен бұл өмірде қаншалықты көп нәрсені істей алатынымды Америка Құрама Штаттарына «Work and Travel» арқылы барған кезде нақты түсіндім.
Біздің бірінші аялдама Солтүстік Каролинадағы ранчо болды. Онда мен даяшы болып жұмыс істедім және Моңғолия мен Украинадан келген қыздармен бірге тұрдым. Әлі есімде, бір жергілікті тұрғын менен қазақтың ұлттық тағамдары туралы сұрай бастады, мен жылқы етін жейтінімізді айттым. Ол терезеге жақындады да, далада жайылып жүрген жылқыларды көрсетіп: «Мен дұрыс түсіндім бе, сіздер мыналарды жейсіздер ме?» – деп сұрады. Менің берген жауабымды естіп, ол шошып кетті.
Кейінірек мее Нью-Джерси штатындағы шағын қалаға көшіп, осындағы кейуанаға қамқоршы болдым. Ол Альцгеймер ауруымен ауыратын еді, бірақ біз екеуміз достасып кеттік. Алайда кейін жалақымды алып, кетер кезде ол әженің агрессияға бейім екенін білдім, бұл туралы мені алдын ала ескертпеген болатын.
Осы сапардан кейін мен өзімнің көпшіл екенімді, тіпті ең қиын жағдайдан да сытылып шыға алатынымды түсіндім.
3-тарау. Сұлу Жұлдыздың жүрегін заңгер қалай жаулап алды. Спойлер: кәсіби біліктілік пен шаруаға бейімділік қасиеті көмектесті.
Мен болашақ күйеуім Олжаспен «Вконтакте» желісінде таныстым. Ол менің жекеме бірнеше хат жазды, бірақ алғашында мен оған назар аудармадым, өйткені ол маған ұнамаған еді. Алайда бір жағдай бәрін шешті.
Бірде туыстарымызбен бәріміз Алматыда ауыр жол апатына ұшырадық, ал апатқа қатысушы екінші жақ біздің кінәмізді (кінәміз болмаса да) дәлелдеуге тырысты.
Содан кейін анам мені Олжасқа хат жазуыма, заңгер ретінде шағым жазуға көмектесуін сұрауымды өтінді. Әрине, мен бас тарттым, бірақ соңында келістім. Сөйтіп біздің үйге қолында папкасы бар, сабырлы, іскер жігіт келді де, үстелдің басына отырып, арыз жазды. Біз сотта жеңіп шықтық. Мен оған өте риза болдым, бірақ онымен бірге болуды әлі жоспарламаған едім. Ал тәтем шұғыл түрде соған тұрмысқа шығуым керек екенін бірден айтты.
Бірінші кездесуімізге ол гүлмен де емес, жұмсақ ойыншықпен де емес, бір қап алмамен келді. Сол кезде тәтем «Қандай шаруаға бейім жігіт», – деді. Ақыры мен оның сенімді жігіт екеніне көзім жетті, сөйтіп біраз уақыттан кейін біз шаңырақ көтердік.
4-тарау. Жұлдыз бөлшек саудаға қалай кетті, күйеуінің құқық қорғау органдарынан кетуіне, әрі қарай бизнес серіктес болуға шабыттандырды.
2009 жылы мен турфирмада менеджер болып (есіңізде ме, армандап едім ғой), айына 50 мың теңге айлық алып тұрдым, Олжас оқуын жалғастырды. Біраз уақыттан кейін біз екі балалы болдық, күйеуімнің құқық қорғау органдарында мансабы басталды.
Сол кезде тәтем мені дүкеніне басқарушы лауазымына қайтадан шақырды. Өте жақсы айлық төледі (айына шамамен 1000 доллар), бірақ менің одан да көп табыс тапқым келді. Эксперимент ретінде мен бір футболканы «Ауырлық орталығына» орналастырдым. Сұраныс болды, сөйтіп мен сату үшін тағы да көбірек футболкалар алдым.
Бұл ісім маған ұнады, бірақ футболкалармен алысқа бара алмайтынымыз бірден белгілі болды. Мен Қытайдан, Гуанчжоудан сөмкелер сатып алып, оларды осылай қайтадан сатуға бел байладым. Сауда жүре бастады, содан кейін Олжас бизнесті бірге дамытайық деген ұсыныс айтты, ал органнан біржолата кетуге шешім қабылдады.
Біраз уақыттан кейін мен дүкен аштым. Жұмыс барысында біз бір-бірімізді керемет толықтырып отырдық. Мысалы, Олжас клиенттер көбірек келуі үшін, оларға жеңілдік жасауға шебер болатын. Ал мен ондайды білмеймін! Рас, кейде ол бәріне бірдей жеңілдік жасағаны кейін белгілі болды (күледі).
5-тарау. Өмірдің ең қиын кезеңдері және жақын адамнан айырылу
2021 жылы менің қайын атам қайтыс болды. Жерлеу рәсімінде Олжас өзін нашар сезініп, денсаулығы сыр берді – құлағы шыңылдап, есінен танып қалды. МРТ-ға бардық, оның басынан алманың көлеміндей ми ісігі табылды. Ұзақ, ауыр тексерулер басталды, ақыр соңында ота жасайтын болды. Операция кезінде дәрігерлер ми қарыншасына зақым келтіріп, бұл оның санасының айтарлықтай өзгеруіне әсер етті.
Біз қайтадан операция жасату үшін Түркияға аттандық, онда әр күн сайынғы ем үшін қыруар қаражат қажет болды. Ол кезде мен төртінші баламызға жүкті едім. Олжасқа ота жасалды, алайда біраз уақыттан кейін оның өмірден өтіп кетуі мүмкін екенін айтты. Оның үстіне менің Түркияда босанып қалмауым үшін, барлық туыстар үйге қайтуымды өтінді. Сөйтіп мен үйге оралдым, ал Олжас сол жақта қалды. Бізге бейнеқоңыраулар ұйымдастырып отырды: сол сәт өте қиын болды, Олжас сөйлей алмаса да, экран арқылы маған сүйіспеншілігін білдіріп, махаббатын жолдайтын. Көп ұзамай оны үйге, Алматыға жіберу керек екені белгілі болды. Бірақ қалай? Ол төсекке таңылған, әдеттегі күнделікті рейс оны алмайды. Санитарлық авиация? Бұл өте қиын. Әйтеуір қалай болғанда да, біз тасымалдауды ұйымдастырып, Олжасты елге жеткіздік.
Жаңа 2022 жылды мен жартыкеш жағдайда қарсы алдым. Үйтіп-бүйтіп дастархан жайдым, шампанды ұмытып кетіппін, ойым мүлде басқа жақта болып жүрді.
Олжастың өмірінің соңғы күндері 2022 жылдың қаңтар айындағы қанды оқиғалармен қатарлас келді. Қалада әскери жағдай болды, тонаушылар қаптап, коменданттық сағат жарияланды.
Олжастың қайтыс болғаны туралы 7 қаңтар күні маған ағасы хабарлады. Оның денесін мәйітханадан алу (туған жерінде жерлеу үшін) өте ауыр болғанымен қоймай, өзіміз оқтың астында қалдық.
6-тарау. Ештеңеге қарамастан, өмір сүру туралы…
Бір жыл өтті. Олжассыз өте қиын, әрине. Ол қайтыс болғаннан кейін, көп ұзамай біздің төртінші баламыз дүниеге келді. Мен оның бар-бизнесін жүргізуге ұзақ уақыт тырыстым, бірақ, күйеуімнің алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып мұндай шешім қабылдау қиын болса да, сатамын деп шештім. Бір қуанатыны дүкендер желісі ақырындап жұмыс істеп, алға қарай өркендеп келеді. Балаларды тәрбиелеуге маған әкем көмектеседі: ол өзін немерелеріне арнаған ақылшы, данагөй ата!
Мен де өз-өзіме келдім, өмір сүргім келіп, адамдармен араласа бастадым. Ең бастысы – өмірлік және кәсіби тәжірибеммен Instagram парақшамда оқырмандармен бөлісе бастадым, оны оқыған әйелдерден сол қиындыққа уақытқа дейін қалай шыдап жүргенімді сұрайды. Ақырында соның бәріне жауап беретін уақыт келді деп шештім: қазір мен бизнес-кеңесшімін. Уақыт өтіп жатыр, өмір жалғасуда!