Ольга Мигунова. Ұлтым орыс болғанмен, жаным - қазақ
Ольга Мигунова – нағыз бесаспап жан. Ол Instagram-да жеке блог жүргізумен (оқырман саны 1 миллион), косметологиялық салондар желісін басқарумен қатар екі баланың анасы, сүйікті әйел рөлдерін қатар алып жүр. Сізде де бірден «бұл қалай?» деген сұрақ туындады ма? Осы сұраққа жауап алу үшін, біз Ольганың өзімен тілдестік.
Менің блогерлік жолым 2010 жылдары басталды. Достарым көпшілік менің өмір жолымды білуі керек екенін айтты. Мәселе мынада – мен ата-анамнан ерте айырылдым, ал материалдық жағынан жақындарыммен біршама қиын өмір сүрдік – төртеуіміз бір бөлмеде тұрдық. Мен 15 жасымнан жұмыс істедім, жарнама парақшаларын тараттым, содан кейін сатушы болдым. Экономист мамандығы бойынша білім алдым, бірақ ол менікі емес екенін дер кезінде түсініп, жаныма жақын шығармашылыққа бет бұрдым.
Дәл осы аралықта «Қалалық аңыздар» («Городские легенды») телехикаясына кастинг жарияланғаны туралы кездейсоқ естідім. Сенесіз бе? Мен өттім! Басты рөлдердің бірі қазақ жігітіне ғашық орыс қызын сомдадым. Екі ғашық бір-бірін жақсы көреді, бірақ жігіттің ата-анасы олардың қарым-қатынасына үзілді-кесілді қарсы. «Ромео мен Джульетта» хикаясының алматылық нұсқасы десе де артық емес. Тек түпнұсқадан айырмашылығы – бізде бәрі жақсы аяқталды: менің кейіпкерім сүйіктісіне бесбармақ дайындап, қол ұстасып қатар ғұмыр кешті. Содан кейін музыкалық телеарнада, радиода жұмыс істедім. Бастысы Instagram парақшамды белсенді түрде жүргізумен болдым.
Сіз өзіңізді әрқашан «блогер» ретінде ұстауыңыз қажет. Яғни, сіздің парақшаңыз үнемі жаңартылып отыруы керек. Мен басынан бастап үнемі пост жазумен болдым, сториз пайда болған кезде оны да белсенді түрде түсіріп отырдым. Нәтижесінде Instagram-дағы оқырмандарым менің екінші отбасыма айналды! Айтпақшы, олардың негізгі бөлігі менімен 2010 жылдардан бастап бірге. Иә, сөйтіп менің бүкіл өмірім көпшіліктің назарында болады. Десе де, бұл – менің саналы түрде таңдаған жолым.
Әрине, комментарийлерде өзім сұрамасам да, мен ылғи әртүрлі кеңестер аламын. Бастапқы кезде бұл тіпті менің ызамды келтіретін, ал кейін оған сабырмен қарайтын болдым. «Ит үреді – керуен көшеді» дегендей.
Менің ұлтым орыс болғанмен, жаным қазақ. Алматыда туып-өстім, бұл – менің Отаным, менің кіндік қаным тамып, тәй-тәйлап алғашқы қадам басқан жерім. Біз орыс отбасы болсақ та, дастарханымыз бешбармақсыз жайылмайды! Мен өз халқымды, олардың қонақжайлылығын жақсы көремін. Бизнесті кеңейту мәселесін талқылағанда, біз оны басқа елдерге де тарату жөнінде жиі айтамыз, алайда көшу туралы мүлдем сөз болмайды.
Менің бизнесім – Dreambody сұлулық салондар желісі. Алматыдағы алғашқы салонды өзіме көмектесу үшін аштым (күледі), өйткені мен жақсы косметолог таба алмадым. Әрине, салонның ашылғаны туралы Instagram парақшамда хабарлап едім, адамдар бізге бірден келе бастады! Сөйтіп екіншісін ашуға тура келді. Қазір үш қалада – Алматы, Астана және Шымкент қалаларында салонымыз бар.
Қазақстанда өмір сүре отырып, мен көшпелі елдің мәдениетін бойыма сіңірдім. Көшпенді – еркін, тәуелсіз адам. Қазір бізде көптеген адамдарға дәл осы қасиеттер жетіспейді. Біз үнемі бір нәрсенің соңынан қуып, бір жерге асығумен боламыз. Ал ішкі еркіндік жетіспейді! Өзімді белгілі бір дәрежеде көшпенді деп те атай аламын, өйткені мен орын ауыстырғанды ұнатамын, бірақ міндетті түрде үйге оралуым керек.
Күйеуім екеуміздің шаңырақ құрғанымызға биыл 15 жыл толды, екі бала тәрбиелеп отырмыз. Біздің отбасымыздағы берекенің құпиясы – әрқашан ашық сөйлесетіндігімізде. Ешкім ештеңені бұғып қалмайды. Нәтижесінде қарым-қатынасымыз дұрыс, арамызда жарылуға жақын бомба жоқ. Біз үстел басында шай ішіп отырып, әркімнің жүрегінде не бар екенін ашық айтамыз. Мүмкін, бұл аздап идеалистік болып көрінетін шығар, бірақ барымыз осы.