Qamalladin Media – бақыт саудагерлері
Қазақстандық блогерлік қызметтердің нарығы қандай? Бұл туралы бізге digital-жарнама саласында маманданған алғашқы агенттіктердің бірінің негізін қалаушы Абылайхан Камаладин айтып берді.
Блогерлік қызметтің қаншалықты қажет екенін түсінген Абылайхан Камаладин Qamalladin Media компаниясын құрды, жаңа және айтарлықтай күрделі қызмет саласын игере отырып, оны «аяғына нық тұрғыза» алды. «Бастапқыда біз үлкен миссияны меңзеген жоқпыз. Біздің міндетіміз – блогерлерге көмектесу еді. Егер сіз осы салада қандай былықтың орын алғанын білсеңіз ғой: клиенттер блогерлерді алдаған, блогерлер – клиенттерді. Интертеймент енді ғана пайда болып, нарық құру қажет болды. Мен сол кезде «Алма-Ата – штат Небраска» ютуб–жобасының менеджері болдым. Бірақ тіпті пранктердің миллиондаған қаралымдары бізге жарнаманы 300–400 мың теңгеге сатуға мүмкіндік бермеді. Ал қазір мұндай интеграциялар 5 млн теңгеге дейін тұрады».
2016-17 жылдары ютуб-блогерлердің көптігі, ал менеджерлердің жетіспейтіндігі байқалды. Әр блогер клиентке өзіндік көзқарасын білдіре отырып, жарнаманы өз бетінше сатты. Тапсырыс беруші наразылығын білдіргенімен, блогерлер оларды елемеді. Олармен қатынас құру өз нәтижесін бермеді, сондықтан Абылайхан қарым-қатынасты жақсартуды өз қолына алды. Бұл нарық пен бизнеске тиімді болды, интертейменттің дамуымен агенттікте «Алма-Ата – штат Небраска» үшін тапсырыстар көлемі ұлғайды.
Бұл жобаның басында «Біз – бақыт саудагерлеріміз!» атты ұраны пайда болды. Креативті ұран көңіл-күй мен қуаныш сыйлайтын вайнерлерді монетизациялайтын команда жұмысының сипатынан туындаған. «Бақытты біріктіріп, вайндарды қараңыз», – деп Qamalladin Media ұрандатты.
«Біз блогерлерді, қаралымдарды немесе трафикті сатпаймыз. Біз жауапкершілікті сатамыз», – деп түсіндіреді бизнесмен. – Біздің клиенттер Qamalladin Media компаниясы кез келген форс-мажор және блогерлермен міндеттемелердің орындалмағаны үшін жауап беретінін біледі. Айыппұл санкцияларын төлейміз немесе кемшіліктердің орнын бонустық жобалармен толтырамыз».
Тез дамып келе жатқан нарық жағдайына бейімделе отырып, агенттік шағын және орта бизнес (ШОБ) өкілдерімен жұмыс істейді, бірақ бұл ретте Qamalladin Media заңға сәйкес бәрін рәсімдеп, салық төлей отырып, құжаттаманы талап етеді.
Абылайхан контакт орнату талантына ие, адамдармен қарым-қатынас жасау дағдысы оған табысқа жетуге көмектесті. Сонымен қатар табандылық! Ресейлік әріптестер қазақтардың мықтылығына таңдана қарап, бұларға қымыз ба екен энергия беретін? – деп таңырқау білдіреді. Біз жай ғана осындай жағдайда өсіп, көп нәрсені көрдік, жемқорлықты да, хаосты да. Алға жылжуды және әрекет етуді үйрендік».
Блогерлер нарығының дамуы көптеген қиындықтармен және нюанстармен байланысты. Сіз мінезі қиын және бизнес туралы өзіндік түсінігі бар блогерлермен ортақ тіл таба білуіңіз керек. Бұл ретте Абылайхан егер қандай да бір қиындықтар туындаса, проблемаларға шағымданбай, шешу жолдарын іздеу керек екеніне сенімді. Нарықтың ізашары болу оңай емес, бәрін нөлден бастау керек. «Біздің бизнес тәуекелдерге негізделген. Тәуекел біздің қанымызда!» – деп жас бизнесмен ынтамен жігерлендіреді.
Абылайханның Вьетнам мен Түркия нарығына шығу жөнінде үлкен жоспарлары бар. Бизнесменнің өр мақсаты таяу шетелдер мен ТМД елдерін қоса қамту болып табылады: «Біз қазірдің өзінде Армения блогерлерін украиндықтарға сатамыз, бұл біздің тәуекелдер мен жауапкершілікті өз мойнымызға алуға дайын екенімізді білдіреді. Біздің серіктестер ешқашан оларды алдамайтынымызды біледі. Алда – клиенттер, блогерлер пулын арттыру, Қазақстанда «Тик-Токтың» ресми өкілдігін құру».
Абылайхан көшпенділерге жарқын болашаққа деген сенім шабыт бере отырып, оларды алға жетеледі деп есептейді. Біздің ата-бабаларымыз бізде кез келген жағдайда бейімделу және өмір сүру қабілетін қалыптастырған. Бұл қасиет қазіргі қазақтарға көпшілік арасында өзіндік болмысын жоғалтпауға, кез келген салада өз дарындарын айқын көрсетуге көмектеседі. Бұл дағды бізде ДНҚ деңгейінде берілген, – деп санайды бизнесмен.
Сұхбаттасқан: Ерлан Нукенов , @erlannuken
Сурет: Айдын Ахмет, @aidyn_ahmet