Қазақстан халқына банктерден қаржылық қолдау

Қазақстан - біздің ортақ үйіміз. Елдегі тәртіпсіздіктер кезінде біршама кәсіпорындар мен көптеген адамдар зардап шекті. Бір отбасы ретінде біз олардың әрқайсысының қайғысына ортақпыз. Осы қиын күндерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бір-бірімізге демеу бола білдік. Қолдау үшін құрылған қорлар қазірдің өзінде әртүрлі ұйымдардың қаражаттарымен толтырылуда. Отандық банктер де бұл істе шетте қалған жоқ. Олардың әрқайсысы қаңтардағы оқиғалардан кейін елді қалпына келтіруге өз үлесін қосты.

 

Halyk Bank шағын және микробизнес секторынан зардап шеккен кәсіпкерлерге көмекке, сондай-ақ қираған объектілерді тез арада қалпына келтіруге және дереу шешуді талап ететін өзге де міндеттерге өз қаражатынан 3 миллиард теңге бөлмек.

Бұған дейін Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова Atameken Business Channel-ге берген сұхбатында банктің қоғамға террористік шабуылдар мен жаппай тәртіпсіздіктердің жойқын салдарын жеңуге көмектесуге дайын екенін айтқан болатын.

«Менің ойымша, қазір күш бірлікте, біз нендей қиындыққа, қандай жауға болсын қарсы тұра аламыз. Мен өз елімді өте жақсы көремін, әрине, әркім қолынан келгенше көмектесе алады және солай істеу керек деп санаймын. Бірге болумыз керек, бұл күшті жасампаздыққа, жақсылыққа бағыттау керек. Менің ойымша, осы қиын күндерде барлығы ең маңыздысы, әрі ең бағалысы – адамдардың өмірі мен денсаулығы екенін сезінді. Сондықтан барлығымызға бейбітшілік, денсаулық, тыныштық пен жақсылық тілеймін», - деп атап өтті Үміт Шаяхметова....

Сондай-ақ, Сбербанк Алматыда таяудағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қатты зардап шеккен орындарды қалпына келтіру үшін Қазақстанда жарты миллиардтан астам теңге бөлді.

Атап айтқанда,  осы қаражат есебінен, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Орталық мемлекеттік музейінің ғимараттары қалпына келтіріліп, пайдалануға берілетін болады.

Сонымен қатар, Сбербанк атынан Алматы қаласына заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған он  реанимобильдер, соның ішінде дефибрилляторлар, жүрек соғу жиілігін бақылау жүйелері, портативті өкпені желдету аппараттары және оттегі баллондары берілді.

Сбербанк Қазақстан Басқарма төрағасы Ельдар Тенизбаев атап өткендей: «Алматы күрделі кезеңді бастан кешуде. Қазір басты ортақ мақсат - туған қаламызға бұрынғы келбетін қайтару. Біз осы маңызды іске өз үлесімізді қосқымыз келеді. Алматыға алдыңғы қатарлы медициналық жабдықтармен жабдықталған он жедел жәрдем көлігін сыйладық. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық кітапханасы мен Орталық мемлекеттік мұражайын өз күшімен қайта құру туралы шешім қабылданды. Ортақ күш-жігердің арқасында біз барлығын қайта қалпына келтіріп қана қоймай, одан да күшті боламыз деп сенемін».

Мәжіліс отырысында Мемлекет басшысы «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қор құруды тапсырды. Kaspi.kz компанияның негізін қалаушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе қорға 10 миллиард теңге аударатынын хабарлады.

Қорға аударылған қаражат азаматтардың денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларындағы проблемаларын шешуге бағытталады. Қордың арқасында төтенше жағдайлар кезінде және ТЖ режимін енгізу кезінде зардап шеккен халыққа көмек көрсетіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, Қор сирек кездесетін аурулары бар балаларды емдеуге көмек көрсетеді, әлеуметтік және мәдени объектілердің құрылысын қаржыландыратын болады.

 

Авторы: Мөлдір Адамжан

Фото: баспасөз қызметі мұрағаттарынан

 

Көбірек оқыңыз