Қазақстандық бизнесмендерден 2 миллиард

Қазақстандық бизнесмендер қаңтар оқиғасының салдарымен күресте көмек көрсетуге дайын екендіктерін хабарлады. Олар зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 2 млрд теңге бөлді.

Берік Қаниев пен Юрий Пак (Lancaster Group Kazakhstan), Тимур Турлов (Freedom Finance Holding), Сергей Кан ("Қазақ мұнай және газ институты" АҚ), Айдын Рахымбаев, Асхат Омаров және Бауыржан Исабаев (BI Group) ҚР бизнес-қоғамдастығын президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан бастамаларды жүзеге асыруға  және қолдауға шақырған ашық үндеу жасады.

«Қымбатты отандастар! Біз қаңтар айындағы оқиғалар кезінде қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Біз зардап шеккендерге шынайы жанашырлық танытып, тезірек сауығуларына тілекшіміз.

Біз барлық қиындықтар мен күйзелістерді бірге жеңе алатындығымызға сенімдіміз. Қазақстандықтармен бірлікте ынтымақтастық  таныта отырып, біз жеке қаражатымыздан 2 млрд теңге бөлуге  шешім қабылдадық:

- қаза тапқандардың отбасыларына көмек;

- қалаларды (Алматы және басқаларды)қалпына келтіруге;

- зардап шеккен шағын бизнеске көмек.

Бұл қадам – әрқайсымыздың ерікті түрде шын жүрегімізбен жақсы көретін қалаларымызды қалпына келтіруге үлес қосуға деген ақ ниетіміз.

Соңғы оқиғалардан кейін «алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген сөздің астарында не жатқанын түсінгендейміз. Сондықтан барлығымыз бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, осы қиындықтарды да жеңетінімізге сенемін. Күшіміз – бірлікте. Жаңа Қазақстанымыз­ды құруға бірге атсалысайық.

Бизнес–қоғамдастық өкілдерін осы бастаманы қолдап атсалысуға шақырамыз. Қазақстандық қалаларға бұрынғы келбетін қайтару, экономикалық белсенділікті қалпына келтіру және көмек қолын созу біздің қолымыздан келеді!

Қазақстандықтарға ашық аспан мен зор денсаулық тілейміз!» – делінген үндеуде.

«Біз достарымызбен бірге көптеген қайырымдылық жобаларға қаржылық қолдау танытамыз. Жеке, қоғамдық ұйымдар, аналар үйі, Іqanat және тағы сол сияқты. Ал ауыр қайғылы жайт болғанда біз бірігіп, қол ұшын созуға тырысамыз. Елдегі жағдайдан соң, достарымызбен ақылдаса келе, 2 млрд теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылдадық. Аталған қаражат біраз мәселені шешуге септігін тигізеді деген үміттемін. Әрине, бөлінетін қаражат алдымен Алматыға, ондағы марқұм болған жандардың отбасы мен жақындарына жұмсалады. Содан соң Шымкент, Талдықорған, Тараз және тағы басқа қалаларға бағытталады» деп жазды танымал кәсіпкер, «BI Group» компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев Instagram парақшасында.

 «Бәрімізге бірігетін сәт келді. Біз әріптестеріммен және достарыммен бірге елімізді, Алматы қаласын және таяудағы оқиғалар салдарынан зардап шеккен басқа да қалаларды қолдауға дайынбыз. Жақында біз ашық үндеу жасадық, онда Қазақстанның бизнес-қоғамдастығын президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан бастамаларды қолдауға шақырдық. Қаңтар айындағы оқиғалар кезінде қаза болғандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтамыз. Барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз. Біздің еліміздің нендей жағдайды бастан кешіргенін көру өте ауыр. Біз барлық қиындықтар мен күйзелістерді бірге ғана жеңе алатынымызға сенімдіміз», – деп бөлісті Берік Қаниев.

 

Авторы: Мөлдір Адамжан

Фото: баспасөз қызметі мұрағаттарынан

Көбірек оқыңыз