Шабыт көзі: Қазіргі замандағы әйелдер миссиясы
Жанна Кан – меценат, өнерді дамытушы, кәсіпкер, Damiani, La Perla брендтерінің ресми дистрибьюторы. Zardozi, Constella брендтерінің, Аlto club қауымдастығы мен «Senior Club» 60+ клубының негізін қалаушы. Ол ұйымдастырған Zhanna Kan Group командасы қайырымдылықпен және қоғам дамуына үлес қосуға бағытталған іс-шараларды өткізумен белсенді түрде айналысады. Оның шығармашылығы мен барлық қызметі әйелдермен тікелей байланысты. Зергерлік бұйымдар мен сән индустриясында жұмыс істей отырып, ол осы әлемдегі өз миссиясын әйелдер арқылы қызмет етумен біріктірді. Әйелдің бейнесі – қоғамның айнасы. Біз Жаннамен әйелдер туралы әңгімемізді оның миссиясынан бастап, кімнен шабыт алатынымен аяқтадық.
Сіз өз миссияңызды қалай тұжырымдай аласыз?
Менің миссиям – әйел болудың ғажап екеніне әйелдерді сендіруге көмектесу. Өйткені өмір теңіз секілді бізге қиындықтардың әртүрлі толқындарын әкеледі. Алайда әр әйелдің жүрегінде оның өзіне белгісіз қара түнекті жарықтандыруға дайын күш пен оптимизмнің жалыны жанып тұрады. Менің әрбір жобам әйелдердің өздеріне деген сенімділігін арттыруға, оларды бірегей ететін сұлулық пен күшті көруге көмектесуге бағытталған.
Қиын кезде қалай өмір сүруге болады?
Өмірде қиын кезең болуы мүмкін, бірақ мен «бәрі өткінші, бұл да өтеді» деген қағиданы ұстанамын. Тағдырдың барлық сыйы мен сынағына мен жаңа мүмкіндіктер ретінде қараймын. Қытай тілінде «қиындықтар» мен «мүмкіндіктер» сөзі бірдей иероглифпен таңбаланатынын мен бір жерден естіген едім. Ендеше есте сақтаңыз: өмірде орын алатын кез келген жағдай немесе жолыққан әрбір адам – бұл тәжірибе, бұл өзіңізді одан әрі жақсартуға үйрету үшін жіберілген ұстаз. Сондықтан да мен бәріне оптимизммен қараймын.
Қазіргі таңда әйелдер қандай қасиеттерге ие болуы керек деп ойлайсыз?
Даналық! Икемділік, эмпат, кез келген жағдайға бейімделе алатындай үнемі ресурстарға толы болуы керек. Әйел айналасына шабыт сыйлайды. Сондықтан да ол бір орнында тұрмай, үздіксіз дамып отыруы тиіс, әрі өзгелерді де ынталандыруы керек. Бұл өмірде біздің ең маңызды миссиямыз бар екенін түсінуіміз керек: біз бала туып, оны тәрбиелейміз, ал балалар – жарқын болашағымыз. Ендеше ертеңіміз қандай болатыны өзімізге байланысты, балаларымыздың бойында адами құндылықтарды қалыптастыра отырып, олардың дүниетанымын кеңейтіп, біз сенімді болашақ құрамыз.
Әйел – еркектің музасы, отбасының қамқоршысы. Жалпы, үйдегі ғана емес, қоғамдағы атмосфера да әйелдер қауымының жай-күйіне байланысты. Әйел өзінің отбасы үшін де, жалпы қоғам үшін де сүйіспеншілік пен ынталандыру негізі, ол әрқашан қолдаушы.
Сізді қандай әйелдер шабыттандырады?
Мені концлагерьдің барлық қасіретін бастан өткерген, бірақ сенімін де, адамгершілігін де жоғалтпаған әйел – Эдит Ева Эгер шабыттандырады. Оның 2017 жылы жарық көрген «Таңдау» (Выбор) атты естелігі халықаралық бестселлерге айналды. Соғыс аяқталғаннан кейін 35 жыл өткен соң, Эдит белгілі психолог атанып, ол өткен күннің естеліктерінен және тірі қалғаны үшін өзін-өзі кінәлі сезінуден арылу үшін Аушвицке оралады. Эдит сауығуға көмектескен пациенттерінің әсерлі оқиғаларын өзінің жеке сапарымен алмастырып отырады. Ол қазір 95 жасында да жанның емшісі болып, басқаларды шабыттандыруды, ынталандыруды, қолдауды жалғастырып келеді.
Шабыт – тек құр сөз ғана емес, бұл өмір салты. Менің ойымша, мұндай тамаша әйелдің кітабы көптеген адамдарды шабыттандыратын болады.