Саида Лихардус. Әлем үшін
Аяулы жар және ана ғана емес, сонымен бірге табысты кәсіпкер болу, әсіресе интернационалды отбасында өте қиын. Алайда Саида Лихардус бәрі де мүмкін екендігін дәлелдеді!
Менің есімім Саида, араб тілінен аударғанда – «бақытты» деген ұғымды білдіреді. Міне, 43 жыл бойы менің өмірімді есімімнің мағынасы сипаттайтындай етіп сүруге тырысып жүрмін.
Мен Солтүстік Қазақстанда, Петропавловск қаласында дүниеге келдім. Әкем Бауыржан Құлжанов мен өмірге келер кезде еркін күрестен Қазақстан чемпионы атанған.
Балалық шағымда менің тұлға ретінде қалыптасуыма әсер еткен оқиға орын алды. 1990 жыл, АҚШ-та Ерікті ойындар чемпионаты. Соған КСРО өз делегациясын жіберді, оның арасында менің әкем де бар – спорттағы үздік жетістіктері мен милицияда жұмыс істегенінің арқасы. Делегаттар сол жердегі отбасыларда тұрды, сондай отбасының біріне менің әкем тоқтаған. Әкем әртүрлі сыйлықтар алып келді – ойыншықтар, косметика, киімдер. Сол кезде әкем маған міндетті түрде Америкаға оқуға барасың деп айтқан еді. Мен небары 10 жаста болсам да, осы сөздер мені қанаттандырды, содан кейін ағылшын тілін қарқынды оқи бастадым.
Арада алты жыл өткенде, 1996 жылы мен әкеммен бірге Америкаға бардым, ол Қазақстанның олимпиада құрамасының делегациясында болды. Сол сапарда біз Нью-Йорктан бастап, Майамиге дейін Шығыс жағалауын толық аралап шықтық. Әрине, бұл сапар маған өте тамаша әсер қалдырды! Әкем өткен жолы келгенде тоқтаған отбасымен кездестік. Бір жылдан кейін мен мектепті бітірген соң, студенттік алмасу бойынша келіп, солардың біреуінің үйінде тұрмақшы болып келістік. Бәрі солай болып шықты.
Америка менің тұлға ретінде дамуыма анық әсер етті – мен ашылдым және мақсатыма ұмтыла бастадым. Мен адамдардың ашық болуын қаншалықты бағалайтынымды дәл осы кезде түсіндім. Осы сапардан кейін мен Нью-Йоркке оқуға бару туралы ойлана бастадым, бірақ ата-анаммен бірге ол қымбат деп шештік. Сөйтіп Қазақстанға қайтып оралдым. Одан кейін Қазақстан квотасы бойынша Ресей Кеден академиясының заң факультетіне оқуға түстім.
Төртінші курста жазда өзімнің ең жақын құрбым, белорустық Ольга деген қызбен Иван Купала күнін тойлап жүрген кезде мен өзімнің болашақ өмірлік жарым – Душанмен таныстым, ол жерде біз топ болып биледік, оттың үстінен секірдік. Ол Словакиядан ММХҚИ-на оқуға келген екен.
Менің жасым 21-де, ол 25-те болатын. Оны алғаш рет көргенде, ол маған ұнамайтын адамдар қатарынан екендігін анық түсіндім. Бірақ ол менімен жақын танысқысы келіп, артымнан қалмады. Егер мен оған қарай қадам жасасам, онда Қазақстанға қайта алмайтынымды сездім. Одан кейін тек мені ғана емес, сол мейрамда болғандардың барлығын тәнті қылған жағдай орын алды.
Қыздардың есімдері жазылған қағазды жігіттер жүргізушінің шляпасынан суырып алып, сол қызбен бірге орманға гүлдеген қырыққұлақты іздеу үшін баруы керек болған. Душанның кезегі келгенде, ол ойыннан бас тартып, қағазды суырып алмайтындығын және тек менімен ғана барғысы келетіндігін айтты. Ал шараның ұйымдастырушысы айтқанынан қайтпай тұрып алды. Сөйтіп, сенесіз бе... ол менің есімім жазылған қағазды суырып алды! Мен бұл тегін емес, тағдырдың сыйы деп ойладым.
Институт аяқтағаннан кейін біз үйлендік. 300 қонақ келген біздің қазақстандық тойымыз 3 аптаға созылды – тұтас Қазақстан арқылы солтүстіктен оңтүстікке дейін өтті. Келесі 5 жылда біз Мәскеуде жұмыс істедік, одан кейін Словакияға көштік, сол жерде үлкен ұлымыз дүниеге келді. Бұл 2007 жыл болатын. Сол жылы біз бірлескен кәсібімізді ашып, қозғала бастадық.
Сол кездің өзінде күйеуім тәжірибелі кәсіпкер болатын: ол сноубординг бойынша Словакияның экс-чемпионы, осы спортқа арналған жабдықтарды сатумен айналысты. Бірақ ол қашан да жай ақша табумен ғана айналысып қоймай, жаңалық ашқысы, инновация алып келгісі келетін.
2011 жылы біз Словакияда «Тесла» компаниясының ескі зауыты (ұлы физик Никола Тесланың құрметіне аталған, Илон Маск компаниясының «аттасы» ғана) сатылатындығын білдік, ол электрлік жүйелер өндіретін. Біз осы зауытты сатып алдық та, оның жұмысына бірақ уақыт қолдау жасап тұрдық.
2020 жылы пандемия орын
алды. Біз әлемге өзгеріс енгізу керек екенін және экология, инновация жағына қарай жылжу керектігін түсіндік. Әрі өзіміздің миссиямызды көз алдымызға елестеттік – яғни әлемде энергияның барынша көп мөлшері табиғатқа еш зиянын тигізбей өндірілуіне өз үлесімізді қосу керекпіз. Күн батареялары бүкіл әлемге белгілі еді, бірақ батарея қоймалары – оларды көп мөлшерде сақтауға болатын жерлер өте аз болды. Оның үстіне Румынияда күн электростанциясы бар.
Бұл жай ғана бизнес емес, бұл – ең жоғары мағынада айтылған біздің миссиямыз. Менің ойымша, XXI ғасырда миллиондаған машиналар әлі күнге дейін бензинмен жүретіндігі – қалыпты жағдай емес. Жасыл энергетика, ғаламшарды ластамайтын өндіріс орындары – міне, өмірдің негізі осылар болуы керек. Біздің зауыттар күн энергиясын бірен-саран ғана емес, жаппай пайдалану үшін өз үлесін қосуда. Біз осы мақсатқа қол жеткізетіндігімізге мен сенімдімін және бұл – өмірді босқа өткізбегендігіміздің дәлелі.
Қазір біз белгілі бір үйлесімділікте өмір сүреміз, жұмыс пен жеке өмірдің арасындағы балансты тең ұстаймыз. Біздің отбасымыз интернационалды: балалар орыс және словак тілінде сөйлейді, аздап қазақша да біледі. Біз қазақтардың да, словактардың да мерекелерін тойлаймыз, балалар Қазақстанның тағамдарын өте жақсы көреді. Біз бақытты болғанда ғана бойымызда осы әлемді жақсарту үшін қажетті көбірек күш пен энергия табылады!