ХХІ ғасырдағы Жібек жолы
Хабиб пен Анель Давлетходжаевтар Қазақстандағы ең ірі компаниялардың біріне айналған Haaaas логистикалық компаниясын нөлден бастап құрды. Анель тек іскер әйел ғана емес, сонымен қатар бес баланың анасы.
Абай Құнанбаев: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес», – дейді. Бастапқыда сіз өз миссияңызды көз алдыңызға қалай елестеттіңіз? Уақыт өте келе ол қандай өзгерістерге ұшырады? Ал қазір миссияңызды қалай тұжырымдай аласыз – адам ретінде де, кәсіпкер ретінде де?
– Бүгінгі таңда біздің миссиямыз шынымен жаһандық деңгейде: біз адамдар арасындағы көпір секілдіміз, әр елдерді, олардың мәдениеттерін және тауарларын біріктіреміз, бүкіл планета халқының өмір сүру сапасын арттырамыз. Осыдан 11 жыл бұрын бізде мұндай жаһандық миссия болған жоқ. Бізде тек материалдық жағдайымызды жақсартуға, үйлену тойын жасауға деген үлкен құлшыныс қана болды.
Миссиямызды кейінірек түсіндік. Бизнес қарқын алған кезде біз: «Мұның бәрі не үшін? Әрі қарай не істейміз? Өйткені HAAAAS жай ғана бизнес болуы мүмкін емес» деген сауалдармен бетпе-бет келдік.
Менің жеке өзімнің миссиям туралы айтатын болсақ, оны мен өз-өзіңді дамытуда және отбасың мен аудиторияңа өз тәжірибеңді таратуда деп түсінемін. Ал өмірімнің мәні мен қуанышы – әрине, балаларым!
Біздің басылым көшпенділер мәдениетіне арналған, ал логистика – олардың ісінің жалғасы іспетті. Заманауи көшпенді дегеніміз кім?
– Заманауи көшпенді – бір жерде тұрмайтын адам. Оның ақша жинау, үй сатып алу немесе тұрақта автокөлік паркін ашу сияқты белгілі бір іске байланысты мақсаты жоқ. Ол жалдамалы пәтерде алты ай өмір сүріп, содан кейін әлемнің екінші бұрышына оп-оңай ұшып кете алады. Қазіргі көшпенділер – бұл эмоциясы мен әсерлері бірінші орында тұрған саяхатшылар. Олар үшін бір жерде тұрақтау – қанатынан айырылған құспен тең.
Заманауи көшпенді неден шабыттанады?
– Барлық жерден! Бізді қоршаған әлем өте кең, әрі алуан түрлі. Пейзаждар, мәдениет, әртүрлі халықтар мен олардың дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, мәдени орындары мен ұлттық тағамдары, дәмдері және эмоциялары – міне, көшпенділер үшін шабыт деген осы. Заманауи көшпенділердің ішкі әлемі соншалықты бай және өте ерекше, сондықтан олардан үйренетін нәрсе бәрімізге де көп.
Сіз үшін отбасыңыздың қаншалықты маңызды екендігі туралы сіздің әлеуметтік желілеріңізбен, компанияңыздың қызметімен үстірт болса да таныс адам оңай қорытынды жасай алады. Отбасыңызда жылдар бойы жалғасын тапқан салт-дәстүрлер мен рәсімдер, әдет-ғұрыптар туралы айтып беріңізші.
– Біз халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтейміз. Баланың дүниеге келуіне байланысты шілдехана рәсімін міндетті түрде өткіземіз. Бала алғашқы қадамын жасауға жақындағанда, тұсау кесер рәсімін жасаймыз. Ұлдарымызға үлкен мереке ұйымдастыра отырып, сүндеттеу рәсімін міндетті түрде тойлаймыз. Әр жұма сайын мен шелпек пісіремін, осылайша өмірден өткен жақындарым мен туыстарымды еске аламын. Хабиб бірнеше жыл бұрын мал союды және оны құрбандыққа шалуды үйренуді мақсат еткен болатын. Отбасымыздың үлкені ретінде әкем өзі оны барлығына үйретті. Енді ол мұны ептілікпен өзі де жасай алады және болашақта осы іске біздің ұлдарымызды да баулуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар біз барлық мерекелерді әрқашан үлкен отбасымызбен бірге атап өтеміз – кең дастархан жайып, бір-бірімізге деген құрметімізді, сүйіспеншілігімізді білдіреміз, өзара энергиямен алмасамыз. Адамның ең маңызды міндеті – мейірімділік пен сүйіспеншілік таныта білу, жақындарының қасында болу, оларды құрметтеу және сыйлау, кез келген уақытта көмек қолын соза білу және иманды болу екенін біз әрқашан балаларға айтып отырамыз.
Егер бизнес болмаса, Анель Давлетходжаева кім болар еді?
– Шынымды айтсам, мен өзімді бизнестен басқа салада көрмеймін. Жалпы экономикаға, елдің дамуына әсер ететін жаһандық нәрсе жасау мен үшін өте маңызды. Мен жалдамалы жұмысқа орналасуға да тырыстым, бірақ ол менікі емес екен. Мен тек үй шаруасындағы әйел де бола алмас едім. Маған үлкен пропорциялар мен әртүрлі тапсырмалар қажет. Мен іскер әйелдің де, жардың да, ананың да, қыздың да, әпкенің де, үй шаруасындағы әйелдің де, құрбының да, блогердің де функцияларын оңай үйлестіре аламын. Мен өз мүмкіндіктерімді барлық жерде жүзеге асыра аламын.
Өз тұжырымдамаңызды келтірсеңіз, біздің мәдениетіміздің күші неде?
– Менің ойымша, қазақ халқы – мәдени жағынан ең бай халықтардың бірі, өйткені біз көпұлтты елде өмір сүріп жатырмыз және барлық ұлттардың ең жақсысын бойымызға сіңірдік. Біздің халқымыздың айрықша белгілері – қонақжайлылығы пен ашықтығы. Ал заманауи әлем үшін бұл нағыз гауһар тас. Әлем дамып келеді, жаһандану қарқын алуда, бірақ адамдар адамдықтың не екенін, мейірімділік, имандылық, ізгіліктің не екенін ұмыта бастады. Бұл қасиеттерсіз бүкіл әлемде бейбітшілік орнату мүмкін емес.
Автор: Игорь Топорков
Аударған: Мөлдір Адамжан