68 жастағы Comeback. Минимализм патшайымы

..."Фольксваген-жук" көлігін сатып, 200 мың марк несие алған 25жастағы бойжеткен Гамбургте өз есімімен сән бутигін ашады. Біздің айналамызда оқиға желісі осыған ұқсас сценарийлер өте көп. Алайда оның барлығы бірдей happyend бола бермейді. Дегенмен, Jil Sander өз есімін күні бүгінге дейін трендке айналған, бренд ретінде қалыптастыра алды.

 

 

Жил Сандер 1943 жылы 27 қарашада Гамбургте дүниеге келген. Дизайн негіздерін болашақ дизайнер Крефельд қаласындағы тоқыма өнеркәсібі мектебінде оқи бастады. Кәсіби білімін аяқтағаннан кейін ол өзінің мансабын Petra және Constanze сән журналында редактор қызметінен бастайды. Бірақ, 1967 жылы жалдамалы қызметкер болудан шаршап, еркіндікті аңсайды... Осы күннен бастап жеке брендінің құрылу тарихы басталды.

Сандер 1973 жылы өзінің алғашқы топтамасын шығарады. Алғашында тек тапсырыспен ғана киім тігіп танымал болады. Ол өз коллекцияларында базалық түстер палитрасының қолданылуына, киім дизайнының қарапайымдылығы мен ыңғайлылығын ескереді. Кейінгі жылдары ашық, жарқын, түрлі-түсті киімдер де ұсына бастайды. Ол әшекейлер мен ою-өрнектерден гөрі, киімнің пішіні мен формасына баса назар аударады. Осылайша, 1978 жылы Сандер Jil Sander GmbH сән үйінің негізін қалайды. Оның алғашқы әрекеттері сәтсіз болса да, ол өз стилі мен талғамына адал болады. Минимализм ашық түстердегі жарқын образдардың ішінде бірден танымал бола қойған жоқ. Дегенмен, ол сәнқойлардың тарапынан еленіп, кәсіби бағалауға қол жеткізеді.

 

 

1979 жылы Сандер тек киім тігіп қана қоймай, сонымен қатар, косметика мен парфюмерия желісін ашады. 1980 жылы ең үздік еуропалық дизайнерлердің бірі ретінде "алтын жіп" сыйлығына ие болды. Дәл осы жылы Венадағы қолданбалы өнер Жоғары мектебінде сән сыныбына дәріс беруге шақырту алады, ол мұнда Карл Лагерфельдтің (KarlLagerfeld) орнын алмастырады. 1983 жылы дизайнер Мюнхен қаласы бекіткен сән саласының сыйлығына ие болады. Шамамен осы уақытта, Миландағы сән апталығында өз коллекцияларын ұсына бастайды. Бұған дейін бірде-бір неміс дизайнері аяқ баспаған жерге алғашқы болып қадам жасайды.

 

 

1997 жылы Сандер өз брендінің ерлерге арналған топтамасын шығарады. Ал екі жылдан кейін, ол өз компаниясының акцияларының көп бөлігін жылдық айналыммен, Миландағы Рrada Group концерніне 214 миллион неміс маркасына сатады. Итальяндықтармен жасалған келісім бойынша Сандер компанияның оның басқарма төрағасы және брендтің шығармашылық директоры ретінде жұмысын жалғастыруы керек еді. Алайда тағдырдың өз жоспарлары болған екен... Prada Group-тың басшысы Patrizio Bertelli-мен бизнесті жүргізуге байланысты келіспеушіліктен туындаған жанжалға сәйкес, Сандер төрт айдан кейін компаниядан кететі. Араға біраз уақыт салып екі ханым татуласады, дегенмен, ол бұл жұмыста ұзаққа бармайды.

Onward Holdings-тің басшылығы Сандерге марканың тізгінін қайтадан өз қолына алу туралы ұсыныс білдіреді. 68 жастағы Сандер бірден келісім береді. Он жылдық үзілістен кейінгі Comeback ерекше әсерлі болды! Екі жыл ішінде минимализмнің алтын кезеңдерінен кем түспейтін үш бірдей тамаша топтама дайындап шығады. Кейін 2012 жылы өз жасын ескере отырып, сән үйімен қайтадан қоштасады. Бұл жолы қайта оралмайтыны анық еді...

Минимализм тек 1990 жылдарды ғана хитке айналған жоқ, бұл бренд күні бүгінге дейін сән әлемінде сұранысқа ие.

 

Авторы: Мөлдір Адамжан

Фото: ашық дерек көздерінен

Көбірек оқыңыз