Әлемге танымал жұлдыз Канн қызыл кілеміне қазақстандық әшекеймен шықты
2025 жылғы Канн кинофестивалі кеше, Францияда ресми түрде ашылды. Алдағы күндері Лазур жағалауы әлемдік киноөнер, артхаус және жоғары сәннің эпицентріне айналмақ.
Ашылу күнінде-ақ әлем жұлдыздары мен олардың жарқыраған образдары қызу талқылауға түсті. Әсіресе стилисттердің назарын өзіне аударған қонақ — инфлюенсер Фархана Боди. Оның кешкі образына ерекше әсер берген зергерлік бұйымдар – қазақстандық Saltanat Diamond Gallery брендіне тиесілі.

Ұлттық нақыш заманауи минимализммен шебер үйлесіп, кешкі киімге жарасымды әр берді.
«Қазір қызыл кілемде әртүрлі мәдениеттер мен тарихтардың көрініс тапқаны қуантады. Шын мәнінде эксклюзив болу — бұл тек көзге түсу емес, тыңдала білу де», – деді Фархана Боди журналистерге берген сұхбатында.

Бұл пікір биылғы Канн фестивалінің ортақ рухын айқындайды: шара жаңа есімдер мен мәдениеттерге ашық, әрі әлемдік тренд пен дәстүрді үндестіретін эстетикалық кеңістікке айналды.
Айта кетейік, 2025 жылғы наурыз айында Saltanat брендінің зергерлік бұйымдарын Голливуд актрисасы Рэйчел Зеглер де «Ақшақар» фильмінің промо-турында таққан болатын.