Алматыда «ETHNO POP-UP STORE» – ең ірі этно-мәдени фестивалі өтті
Алматыда дизайнерлерді, музыканттарды және дәстүрлі өнер шеберлерін біріктіретін «ETHNO POP-UP STORE» фестивалі өтті. Бұл фестиваль этно-мәдени бағыттағы ең ірі шаралардың бірі болып, ерекше шығармашылық алаңға айналды. Мұнда қонақтар эксклюзивті топтамалармен танысып, жанды музыканы тыңдап, ұлттық мұраны сезінуге мүмкіндік алды.

Фестивальдің ұйымдастырушысы – музыкалық «SEN» студиясының негізін қалаушы, әнші және актриса Динара Сұлтан. Оның айтуынша, фестивальдің атауы қазақ халқының көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты: «ETHNO POP-UP STORE» – «этно-көшпелі дүкен» деген мағынаны білдіреді. Бұл атау шараның көшпелі форматын және дәстүрлермен сабақтастығын көрсетеді.
2022 жылы алғаш рет өткізілген фестиваль жылдан жылға кеңейіп келеді. Егер ең алғашқы шараға 20 дизайнер қатысқан болса, 2025 жылы олардың саны 130-ға жетті.
— 2022 жылдан бері біз алты фестиваль өткіздік. Соңғы екі жылда фестиваль жылына екі рет ұйымдастырылатын болды. Біз ауқымымызды кеңейтіп, фестивальдің тек Алматыда ғана емес, бүкіл Қазақстанда танымал болғанын қалаймыз. Сондай-ақ шетелден де қонақтар келсе деген арманымыз бар. Өткен жылы 70 қолөнерші қатысты, ал биыл олардың саны 130-ға жетті. Олардың қатарында Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген шеберлер де бар. Біз қонақтар мен шеберлерге барынша жайлы жағдай жасауға тырыстық, – деді Динара Сұлтан.
Фестиваль өз аудиториясын кеңейтіп, дәстүрлі мотивтер мен заманауи өнер форматтарын біріктіруде. «ETHNO POP-UP STORE» Қазақстан мәдени өмірінің маңызды бөлігіне айналып, этникалық сән мен қолөнерді халықаралық деңгейде дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуда.