Бизнес пен отбасы – өмірлік дуэт
Дамир Құмарбек пен Раушан Ғайсина ерлі-зайыптылар ғана емес, мықты бизнес тандемінің үлгісі. Шағын көрме залынан Қазақстандағы ең танымал сән компанияларының біріне айналған Gaissina брендін дамытып келе жатқандарына 15 жыл болды. Бренд дизайнерлері қазіргі трендтерді қазақстандық тұтынушының талғамына сай бейімдей келе, Еуропа мен АҚШ-тың сән подиумдарын жіті бақылап отырады.
Дамир мен Раушан бес баланы тәрбиелей отырып, Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Ақтау сияқты ірі қалаларында Gaissina брендінің 11 сән дүкендерін ашты. Бүгінгі күні олар табысты жұмыс істеп тұр.
Gaissina брендінің орташа баға сегментіндегі киімдері көптеген тұтынушыларға қол жетімді. Киімдерді тігу кезінде тек жоғары сапалы материалдар мен қосымша бұйымдар пайдаланылады, ал тәжірибелі технологтар олардың тігілуі мен өлшемдерінің дұрыс болуын мұқият қадағалайды. Нәтижесінде түпкілікті сатып алушы сәнді және қолайлы киімдерге ғана емес, сонымен қатар қазақстандықтардың ерекше климатына, менталитетіне және талғамына сай брендке ие болады.
Брендтің құрылу тарихы. Gaissina брендінің өмір жолы шағын көрме залынан басталды, оның негізін жас кезінде Раушан қалаған болатын. Үйленгенге дейін Дамирде бизнестің әртүрлі салаларында істеген еңбек тәжірибесі болды: ол гүл дүкені, көлік жуу және автокөлік бөлшектерімен айналысты. Ал отбасын құрғаннан кейін ол эстетикаға көбірек бейім екенін түсініп, сән индустриясын таңдады да, әйелінің серіктесі болуға шешім қабылдайды.
Раушан: «Мегатау» сауда орталығында менің шағын ғана бутигім болды, сол кезде мен бір жарнама агенттігінің иесімен таныстым. Нақты қай жылы екені қазір есімде жоқ. Ол маған дүкеннің маңдайшасына брендтің атын іліп қоюды ұсынды – айта кету керек, ол кезде менің тегім жазылған сөмке-пакеттер шығарған едім, ал бизнесті өз атыммен атау әлі соншалықты қалыпты дәстүр емес еді. Шындығында, Gaissina әжептәуір жақсы естілді. Қазір бренд атауына өзімнің тегім ретінде қарамаймын. Gaissina менің тұңғышым сияқты: ол кезде мен не істеу керектігін және қалай істесем дұрыс болатындығын да білмедім, алайда ішкі түйсігіме сенімді болдым, ақыры ол бізді табысқа әкелді.
Мен алдымен бизнесті балалар киімінен бастап, әртүрлі үлгідегі киімдермен айналыстым. Бірақ үлкендердің киіміне әрқашан қызығатынмын. Бір әдемі киім көрсем, мейлі ол көйлек, күртеше, т.б. болсын, оны қандай қыз киюі керек екенін көз алдыма елестете бастаймын. Мен әр адамға жеке-жеке киім таңдау керек деп ойлаймын, өйткені әр адамның өз стилі, өз дене бітімі мен талғамы бар. Біз дүкенге келген әрбір адам өз қалауын өзіне ұнайтын стильде қанағаттандыра алатындығына көз жеткізуге тырысамыз.
Мен үшін Gaissina жай ғана киім дүкені емес, ол әйелдерге арналған сән бұрышы, мұнда олар өздерін әр қырынан көрсете алады. Өйткені киім – біздің сыртқы көркіміз. Ата-бабаларымыз: «Адам көркі – шүберек», «Киіміне қарап қарсы ал, ақылына қарап шығарып сал» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан біздің команданың мақсаты мен міндеті – әрбір әйелдің даралығын біздің образдар арқылы ашу.
Кез келген халықтың тарихына үңілсеңіз, олардың өздеріне тән ұлттық киімдері бар екенін байқайсыз. Сол арқылы әрбір қыз өзінің ұлттық болмысын аша отырып, ерекше бір келбетке ие болады. Қазір белгілі брендтер кімге болса да қолжетімді, ал атақты дизайнерлер әлемнің кез келген түкпірінде отырып шабыттанып, өз өнімдерін жасай береді.
Біз әйелдер қауымымен тікелей жұмыс істейтіндіктен, бұл тақырып маған өте жақын. Менің түсінігімде қазіргі қазақ әйелдері ғана емес, әлемнің кез келген түкпіріндегі әрбір әйел де – толыққанды және сан қырлы тұлға. Ол өз құндылықтарына басымдық бере отырып, бақытын құрумен де, әрі өзімен де бір мезетте қатар айналыса алады. Сөйте тұра, ол өте нәзік, әрі биязы, бұл – табиғаттың әр әйелге берген ең үлкен сыйы.
Ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас. Дамир – Алматы қаласының тумасы, Орталық Азия университетін тәмамдаған соң, бірден бизнеспен айналысқан. Ал Раушан Жаңатас қаласында дүниеге келіп, бала кезінде отбасымен Алматыға көшіп келген. РМК-ны үздік бітірген ол «Тұран» университетіне оқуға түседі. Оқуды бітіргеннен кейін ол сән индустриясын таңдап, осы салада жеке бизнесін дамыта бастайды.
Тағдыр оларды 2007 жылы табыстырды. Үйлену тойына дейін ерлі-зайыптылар үш жыл кездесіп, 2012 жылы отбасын құрды. Дамир болашақ жұбайы екеуі велосипед теуіп жүрген алғашқы кездесулерін өзінің ең жақсы естелігі деп санайды. Ал Раушанның есінде екеуі бірге жол апатына ұшыраған күн мәңгі сақталыпты. «Кездесіп жүргенімізге жарты жыл болғанда, біз жол апатына ұшырадық, ең қызығы – көліктің рулінде мен болған едім, ал ауруханаға Дамир түсті. Сол кезде Дамир менің үстімнен арыз жаза ма деп қатты қорқып, оған қамқорлық жасап, тамақ әкеліп, күтім жасадым. Мені жол полициясы айыппұл салуға шақырған кезде Дамирдің арыз жазбағанын білдім, керісінше, менің куәлігімді жол полициясы тартып алмас үшін, ол маған қатты көмектесті. Осы үшін де оған шексіз алғыс айтамын, әрі бұл оқиғаның соңы бақытты аяқталғанына өте қуаныштымын», – дейді оны үреймен еске алған Раушан.
Дамир әйелінің бойындағы барлық қасиеттерді өте жоғары бағалайды: әсіресе оның даналығы жұмыста, үйде, адамдармен қарым-қатынаста, отбасында ерекше көрінеді. Ал әйелі үшін күйеуінің ең жақсы қасиеті – оның өте белсенділігі. Дамир ойға алғанын бірден іске айналдыра алады. Раушан күнделікті өмірден мынадай қарапайым мысал келтіреді: «Шаңғы тебуге бару үшін, мен өз ойымды жинақтауым керек: балаларға қолғап сатып алу керек, оларды жуындырып, киіндіруім керек» деп ойлаймын, Ал Дамир болса, тезірек бәрін дайындап, киініп шыға бастайды. Бұл жағынан ол мені толықтырады».
Отбасылық өмірдегі рөлдерді өзара бөліп алу – бірге өмір сүрудің маңызды құрамдас бөлігінің бірі болып табылады. Ерлі-зайыптылар дәстүрлі форматты таңдап, ортақ шешімге келеді: ер адам – отбасының тірегі, ал әйел – отбасына жайлы өмір қалыптастырушы. Қызметте Раушан барлық басқарушылық жұмыстар мен операцияларды күйеуіне тапсырды, ал үйдегі шаруашылықты өз мойнына алды. Отбасындағы ең басты қағида – жұмыс жайлы барлық мәселелерді кеңседе қалдырады, ал үй табалдырығын аттаған бойда олар ерлі-зайыптылар ретінде бар көңілдерін бала-шағаға бөледі.
Дамирдің бос уақыты бола қалса, оны отбасы мен сапалы демалысқа арнауға тырысады: бірігіп шаңғы тебеді, велосипед тебеді, кітап оқиды. Ерлі-зайыптылардың ойынша, жұмысқа да, үйге де және отбасына да әрқашан уақыт табуға болады.
Ана мен әкенің рөлі. Балалардың дүниеге келуі. Ана атанғаннан кейін Раушан материалдық жауапкершілікті сезіне бастайды. Бұрын оның барлық назары тек өзінде болды, барлық жоспарды өзіне жайлы қылып, өз қалауы бойынша құратын. Тұрмысқа шыққаннан кейін өмірін күйеуімен бөлісті, ал баласы дүниеге келгенде, ол нағыз отбасы дегеннің не екенін анық түсінді. Ана атанғаннан кейін ол балаларының болашағы үшін ақша жинай бастайды, өйткені балаларға барынша жақсы жағдай жасағымыз келеді ғой. Баласы дүниеге келгеннен кейін Раушанда аналық мейірім ашылып, пейілі кеңейеді, әйелдік қасиеттері артып, әйелдің ішкі жан дүниесін, табиғатын жақсы түсіне бастағанын ерекше бір сезіммен бөліседі. Ана болу – әрбір қыздың бойына тән генетикалық деңгейдегі қасиет екеніне ол шын жүрегімен сенеді. Ал әрбір қыз ана болуды ішкі дүниесімен армандайды. Ол өзінің сүйікті жары мен сүйкімді балалары бар екеніне қарап, өзіндік әдеттерін ұмытқанын қуана-қуана айтады.
Ата-ана болу – ең алдымен үлкен жауапкершілік. Балаңның қандай адам болып өсіп шығатынына деген жауапкершілік. Ерлі-зайыптылардың айтуынша, олар балаларының өздерін жігерлендіретін іспен айналысқанын қалайды. Әке болу мәртебесі еркектік қасиеттерді көбірек жұмылдырып, алға ұмтылуға күш береді деп есептейді Дамир. Өйткені өмірдің сапалы болуына деген жауапкершілік ең алдымен ер адамның – ердің, әкенің мойнында.
Бизнестегі бірлескен жемісті еңбек тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге оның шекарасынан асып, шетке шығуды жоспарлауға да мүмкіндік берді. Дамир мен Раушанның отбасы мен бизнесі – біртұтас ұғым. Ал 5 бала мен 11 дүкен – олардың басты мотивациясы мен шабыты болып табылады.