Дала көшпенділерінің киім-кешегі
Ертеректе киіміне қарай оның иесі қандай әлеуметтік ортаға жататындығын, отбасы және жас санаты қандай екендігін бірден түсінуге болатын еді. Мұны түс гаммасымен де, бас киімнің пішінімен де және зергерлік бұйымдармен де жорамалдауға болатын.
Әйелдер киімінде ұлттық ғажайып нақыштармен әшекейленген және жүн, жібек, күміс, алтын жіппен, сондай-ақ зерлі жіппен қолмен кестеленген шұға, жібек, баршын, барқыт тәрізді маталардың түрлері кеңінен қолданылған. Інжу, седеп, маржан, көгілдір моншақтар мен ұсақ моншақтар сияқты әшекейлер де шебер қолданылды. Кесте үйде жасалған кенеп маталарға да, теріге де, күдері мен киізге тоқылды. Бай және ауқатты әйелдердің костюмдері аң терісінен жасалған тонмен немесе терімен безендіріліп, зергерлік бұйымдармен, аксессуарлармен, кеудеге арналған тұмарлармен толықтырылған.
Қымбат маталар мен зергерлік бұйымдарды әйелдердің барлығы бірдей ала алмаған, алайда киімнің ұлттық ерекшелігі барлық әлеуметтік санаттағы әйелдерден айқын көрініп тұрды.
Тұрмысқа шықпаған қыздарға арналған киімнің ең қызықты бөлшегі – жиектемемен, майда моншақпен, жіптермен кестеленген, шашақтармен немесе тігілген тиындармен әдеміленген, көйлекке тағылатын арнайы кеудеше – жалпы алғанда, киімнің ерекше әдемі және биязы бөлшегі. Ал тұрмысқа шыққан әйелдердің киіміндегі ең қызықты бөлшек – бас киімнің алқа бөлігі болды.
ХІХ ғасырдың соңына қарай әйелдердің көйлегі түзу, тұтас пішілген болды, бұл пішін осы күнге дейін сақталып, жарқын ұлттық ою-өрнекпен және қынама қамзолмен бірлесіп, қазақтың ұлттық киімін бейнелейді. Өткен замандағы қазақ әйелдерінің киім-кешегіндегі тағы бір өзіндік және қызықтыратын ерекшелігі – бас киімнің әр алуан түрі болуы, оның тазалығы және күннің кез келген уақытында, жылдың кез келген маусымында мінсіз күйде сақталуы. Өкінішке орай, кейде діни себептермен (мысалы, аза тұту кезінде) өзгертуге тыйым салынған бас киімнен басқасы алуан түрлі болған.
Қамзолдардың жеңдері қысқа және ұзын болып тігілген, күнделікті көйлектерді санға немесе белге дейінгі жеңсіз киіммен киюге ыңғайлы болды. Әйелдер халаттары ерлердікіне қарағанда жарқын түстерімен және түрлі-түсті көмкерілген жиектерімен ерекшеленді. Мереке үшін аң терісімен, кестемен, зермен безендірілген қымбат маталардан арнайы сәнді шапандар тігілді.
Қазақ әйелінің отбасылық жағдайы бас киімді алдын ала таңдауды анықтап, жазылмаған заңдылықтарды ұстануды талап етті. Тұрмыс құрмаған қыздар тақиялар киген. Барқыттан жарқыратып жасалған тақиялар алтын жіптермен сонылап тігіліп, төбесіне бекітілген сондай мата бүкіл жоғарғы жағын жауып, шеті төмен түсіріліп тұрған – талғампаз әйелдің бас киімі осылайша жасалынған. Бай-қуатты қыздар түлкі, кәмшат немесе құндыз жұрыны бар жылы бөріктер киген. Тұмар ретінде үкінің қауырсындары бас киімнің төбесіне бекітіліп, бас киімге сәндік беріп тұрған.
30 жасқа дейін әйелдер ашық түсті киім киген, ең сүйікті түс гаммасы ретінде шие, күлгін, қызғылт сары, сондай-ақ түрлі-түсті көңілді және романтикалық түстерді қоса алғанда, барлық реңктері бар қызыл түс болды. Отыз жастан кейін киімнің мұндай түсін таңдау әдепсіз болып саналды – киімнің өңі қарапайым, күңгірт болды, ал зергерлік бұйымдар мен кестелер өте қарапайым және ұстамды болды, кесте тігуде жарқын тастар мен жылтыр бөлшектер қолданылмады. Бірақ сонда да сәндік киім мен зергерлік бұйымдар кез келген жастағы және әлеуметтік жағдайдағы әйелдің түр-әлпетіне керемет нәзіктік пен сәнді екпін берді.
Қазақ әйелдері бас киімдерді, зергерлік бұйымдар мен киім-кешекті әрбір маңызды оқиғаға арнап безендіргені оларға әсемдік мен нәзіктік берді. Әйелдерге арналып, қарапайым ғана тігілген киім ерлердің киіміне ешқандай жолмен тең келмеді немесе қазіргі тілмен «унисекс» деп аталатын заманауи киімге де тең келмеді, яғни жынысына қарамастан, барлығына ортақ, жарамды киім болмады. Әйелдер киімі тек әйелдерге ғана тиесілі болса, нақты биязылығы мен өзгешелігінің арқасында оның барлық ұлттық нақышында қазақ халқының тек әйелдерге ғана тән қайталанбас бір ғажайып бөлігі, нышаны болды.
Қазақ әйелінің өміріндегі ең маңызды оқиға, әрине, үйлену тойы болды. Қыз баланың отбасы осы оқиғаға оның дүниеге келген кезінен бастап дерлік дайындалды. Қалыңдықтың тұрмысқа шығар сәтте киетін костюмі бұл өмірдің, бұл дайындықтың шарықтау шегі екенін растады. Бай қалыңдықтың үйлену тойының бас киімі – сәукеле – ерекше пішінімен және әшекейлерінің көптігімен ерекшеленді. Биік, 70 сантиметрге дейін жететін сәукеле тойға дейін алдын ала дайындалған, ол асыл тастармен, інжу-маржандармен және самайлық алқалармен безендірілді. Алдымен сәукеленің қаңқасы матамен қапталып, оған асыл немесе жартылай асыл тастардан ұялар салынды, содан кейін желке жағына балықтың мүсіндік бейнесі жасалды, бұл өркендеуді білдіреді.
Сәукеледен бастап, арқаға дейін қымбат матадан тігілген кең лента төмен түсіріледі. Қалыңдықтың үйлену тойына киетін бас киімін жасау үшін, кесу, кесте тігу, зергерлік бұйымдар жасау, құю, нақыштау, қалыптау, өрнектеу шеберлері қажет болды. Олар бір сәукелемен бір жыл бойы айналысқан. Ал бай емес, орташа отбасынан шыққан қалыңдықтар үшін сәукелені шашақтармен безендірді, оған әртүрлі ұсақ тиындар мен жартылай бағалы тастардан ою-өрнектер жасалды. Сосын сәукелені ұзын алқамен – жақтаулармен толықтырды, олардың ұзындығы кейде белге дейін жететін және оны кеудесіндегі арнайы қалташаларға байлап қойған.
Бұл керемет бас киім үйлену тойынан кейін шамамен бір жыл бойы киіліп, содан кейін шамамен бес жыл бойы тек үлкен мерекелерде ғана киілетін. Содан кейін тұрмыстағы әйелдер сәукеленің жеңілдетілген нұсқасы – желек киген. 25–30 жасында немесе тұңғышын дүниеге әкелгеннен кейін әйел ақ матадан жасалған бас киім кие бастаған. Оның төменгі бөлігі – кимешек – басына киілген, ал жоғарғы бөлігі – шалма – оның үстіне оралған. Бүгінгі таңда Қазақстанда егде жастағы әйелдер бұл әдемі бас киімді әлі де киеді. Кейде мойнын, кеудесін, иығын жауып, басын тығыз жабатын кимешек киетін егде жастағы әйелдерді қазір де кездестіруге болады.
Өткен ғасырларда қазақ халқында жынысына байланысты үлкен айырмашылықтар тек аяқ киімдерде ғана болған жоқ. Айырмашылықтар адамның жасына байланысты байқалды: жастар 10 сантиметрге дейін өкшелері бар етіктерді, ал үлкендер өкшесіз аяқ киім кигенді жөн көрді. Жеңіл етіктер – ішіктер – аяқты қаптайтын жұмсақ былғарыдан жасалды, кебіс калоштарымен киілген, ал үйге кіргенде калошты шешіп кірген.
Дала көшпенділерінің киімдері ықшамды, ыңғайлы және қарапайым болуы керек. Бірақ біздің ата-бабаларымыз адамның киім-кешегіне көп көңіл бөлді, өйткені қымбат тастармен безендірілген зат өзіндік инвестиция ретінде қызмет етті. Көшпенділердің үйлері мен тұрақты мекенжайы болмады, сондықтан олар барлық байлықтарын өздерімен бірге алып жүруге мәжбүр болды. Осы тұрғыдан алғанда, зергерлік бұйымдар отбасында үлкен рөл атқарды, себебі жаңа туылған қыз баланың киімін ол тұрмыс құрғанға дейін асыл тастармен безендіре бастаған. Отбасы неғұрлым бай болса, қыздың тұрмысқа шығарда киетін көйлегі соғұрлым қымбат болған. Осылайша қалыңдықтың киімі банктік шот сияқты қызмет етті.
- Ұлттық костюмдер http://visitkazakhstan.kz/ru/about/77/
- Дереккөз: http://e-history.kz/ru/publications/view/2107 © e-history.kz
- Кунсткамера жинақтарындағы қазақтың дәстүрлі мәдениеті. И.В. Стасевич. Ұлттық костюм. – Алматы, 2008. – 224 б.
Авторы: Мадина Құрбаналиева, @madina_kurbanali
Сурет: ANTIKA галереясының мұрағатынан