Гардероб жинау – артық жүктен арылу

Адамға көп жағдайда жиналып тұрған таза үй, қатар-қатар тізілген кітап сөресі, бүктеліп тұрған киімдер көтеріңкі көңіл-күй сылайды. Егер үйдегі біраз қоқыстан, киілмейтін киімнен, ұсталмайтын заттан арылсаң, жеңілдеп, ойың реттеліп, жаңа бастамаларға дайын боласың дейді психологтар. Тіпті қазір терапияны үй жинатудан бастайтын мамандар да кездеседі. Демек, артық жүктен құтылу – өз өміріңді реттеу. 

5b88b839ef551e55000a5b2d0aa3ea05jpg 

Сіздің өміріңіздегі қоқыс тек жұмыс кеңсеңіз бен ас үйдегі жәшіктен ғана емес, ол көбіне сөрелер мен шкафтағы ескірсе де қимайтын киімдерімізден тұрады. Сол үшін қажет емес заттардан арылу аса маңызды. Гардероб жинау –  артық киімнен құтылу, не киемін деген мәселені шешуге жасалған алғашқы қадам. Алайда оны жинаудың да өз реті мен ережесі бар. 

Ең әуелі сөрелерден, ілгіштен, тартпалардан бір маусымда киетін барлық киім, аяқ киім, аксессуарларды шығарамыз. Кейін оларды үш топқа бөлеміз: кимейтін, тігіп, қысқартатын (жөндеуге жарайтын киім) және киюге келетін киім. 

Ескірген, түгі шыққан, қысқарған, үлкейіп кеткен, созылған, жыртылған, қазір актуалды емес киімдерді бірден алып тастаңыз. Оларды жинап қоқысқа немесе қайта өңдеуге жіберіңіз. Егер  арасында  киюге келетін бүтін, жаңа, сапалы киіміңіз болса және оларды лақтыруға қимасаңыз, қайырымдылық пункттеріне өткізсеңіз болады.

Ал жөндеуге келетін киімдерді көп уақыт созбай шеберханаға апарып, тіктіріп жаңа өң беріңіз. Киюге келетін, сәйкесінше жаңа, сапалы, актуал киімдерді алып қаламыз. Аяқ киім, аксессуармен де дәл солай істеген жөн.

Келесі қадам – іріктеу. Алдымен белдемше мен шалбарларыңызды сорттап алыңыз. Артынша олармен үйлесетін сырт киімдерді таңдап дайын образдарды құрастырыңыз. Бұл арқылы сіз өзіңізге ұнайтын  лук дайындайсыз. Сондықтан киімдерді сәйкестендіріп, капсула жасап көріңіз.

Нәтижесінде, киімдеріңіз азайып, ретке келе бастайды. Әдемі образ шығару үшін бір капсулаға топ, біріне жейде немесе шалбар жетіспеуі мүмкін. Сондықтан шоп-тізім жасап, сізге аса қажет  киімдерді тізіп шығыңыз. Гардероб жинаудың ең басты артықшылығы – шопингке нақты жоспармен бару. Көзге көрінген әдемі көйлекті ала салмай, кемі 1-2 маусым бойы сіздің қажетіңізге жарайтын киім іздеген абзал.

Аталған қадамдарды орындасаңыз, артық жүктен де, ретсіз ақша шашудан да құтыласыз. Әрине, ең әуелі базалық гардероб жинап алған дұрыс. Бастысы дағды қалыптастырсаңыз және әдетке айналдырыңыз. Кейін ескірген не жиі кюден жалыққан киімдеріңізді өзіңіз-ақ гардеробыңыздан алып тастайсыз.

 

Автор: Ардақ Әлімбетова

Фотосуреттер: баспасөз қызметі мұрағатынан

Көбірек оқыңыз