Off-White брендінің негізін қалаушы Virgil Abloh өмірден озды
Әйгілі американдық дизайнер Virgil Abloh сирек кездесетін дерттен көз жұмды. Оның өлімінің басты себебі онкологиялық ауру болған.
Бұл туралы Вирджилдің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Ол әйгілі Louis Vuitton брендінің шығармашылық директоры болған. Сондай-ақ Off-White сән үйінің негізін қалаушысы, әрі атқарушы директоры қызметін атқарған.
"Бізге бұл жаңалық өте ауыр тиді. Virgil тек керемет дизайнер ғана емес, сонымен қатар жан дүниесі әдемі, парасатты адам болған еді. LVMH отбасы осындай қиын сәтте менімен бірге оның жақындары мен туыстарына қайғыра көңіл айтады", — деді Louis Vuitton брендінің иесі Бернар Арно.
Virgil Abloh бірнеше жыл бойы онкологиялық аурумен күрескен. Дизайнердің туыстары жүрек ангиосаркомасымен ауырғанын айтты. Бұл сирек кездесетін және агрессивті ауру, тез әрі жылдам дамуымен ерекшеленді. Ісіктің бұл түрі перителий мен эндотелий жасушаларынан түзіледі. Адамның терісі, миы, бауыры, бүйрегі және өкпесі зақымданады.
Дизайнер өз диагнозы туралы 2019 жылы білген. Аса күрделі ем түрленрін қабылдаған. Алайда медициналық процедуралар дизайнердің жұмысын жалғастыруына кедергі болмады. Ол сән, өнер және мәдениет саласындағы маңызды жобаларды жүргізуді жалғастырды. Американдық Рокфорд қаласының тумасы денсаулығына байланысты қиындықтарын бірде-бір рет жария етпеді.
"Қиындықтарға қарамастан, оның жұмыс этикасы, жұмысына деген қызығушылығы мен оптимизмі өзгерген жоқ. Virgil өз ісіне және миссиясына адал болды. Ол: "Мен жасағанның бәрі —17 жастағы өзім үшін",-деп айтатын. Ол өнер болашақ ұрпақты шабыттандырады деп сенді", — деп атап өтті Аблоның жақындары.
Virgil Abloh 2013 жылы Off-White брендін құрды және бес жылдан кейін Louis Vuitton командасына қосылды. Time журналы оны әлемдегі ең ықпалды 100 адамның қатарына қосқан. Кәсіби жетістіктерден басқа, ол сән индустриясында теңдік пен әртүрлілік идеяларын алға тарта алды.
Ол үшін отбасы мықты қозғаушы күш болған. Соның арқасында ол қиындықтарды жеңіп, мақсаттарына қол жеткізе білді. Сәнгердің артында әйелі мен екі баласы қалды.
Автор: Мөлдір Адамжан
Фото: ашық дерек көзінен