Қазіргі заман этностилі
Сән әлеміндегі жарқын, батыл стильдердің бірі – этностиль. Бұл әртүрлі халықтардың салт-дәстүрлері мен мәдениетінің көрінісі. Әрбір ұлттың өзіне тән ерекшеліктері мен қайталанбас өзгешеліктері бар. Ұлттық нақыштағы киім үлгілері заманауи дизайнда көрініс тауып, сән әлемінде өзіндік орын алуда.
«Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек...» қазақ қызының сипаттамасына айналғандай. Алайда бұл тіркестен көз алдымызға қазақ көйлек пен кәжекей киген, қос бұрымды, шашбау таққан ару келеді. Бірақ заманауи қазақ қызының бүгінгі стилі бұрынғыдай емес. Сән әлемі бір орында тұрмайды, күн сайын жаңа киім үлгілері шығып, трендтер өзгеріп отырады.
Жалпы этностильдің сән әлемінде бірнеше бағыттары бар. Мысалы: Африка, Шығыс, Египет, жапон, үнді, грек, славян және буряттар мен моңғол халықтарының ұлттық киімдері мен акссесуарларындағы этностильдің жарқын бейнесін байқауға болады.
Қазақ халқының ұлтық киімдері мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің айқын көрінісі. Ол заманауи сән нарығына сай түрленіп, жаңашыл көрінске ие болатыны да қалыпты. Этностиль киімнің барлық түрінде көрініс таба алады. Бастысы дизайндағы ұлттық элементтер. Сонымен қатар, дұрыс таңдалған акссесуарлар образыңызға ұлттық бояу қосады. Ендеше назарларыңызға өз образыңызға этностиль элементтерін қосудың бірнеше мысалдарын ұсынамыз.
Әшекей бұйымдар
Ұлттық нақыштағы әшекей-бұйымдар: шашбау, білезік, шекелік, алқа, сырға бүгінде көпшіліктің сұранысына ие. Дұрыс таңдалған бұйымдар образыңызды ерекше етеді. Бастысы оларды кез келген стильмен үйлестіруге болады.
Тақия
Заманауи бас киім ретінде қалпақ (шляпа) бірнеше жылдар бойы трендтен қалар емес. Алайда ұлттық нақыштағы тақияны да күнделікті образыңызбен үйлестіруге болады. Тіпті мерекелік кештерге де киіп баруға болады. Бастысы түсін және матасын дұрыс таңдаған абзал
Шапан. Кәжекей
Сырт киімдердің ішінде сұранысқа ие тренч пен джекет таңдау да өзгелерді қайталаудан шаршадыңыз ба? Ендеше ұлттық шапан мен кәжекейдің заманауи үлгілерін таңдаңыз. Күнделікті образдармен де, мерекелік киімдермен де ерекше үйлесетін бұл сырт киімдер сіздің гардеробыңыздан ерекше орын алады. Бастысы өңіңізді ашатын түстерді дұрыс таңдаңыз.
Кешкі көйлек
Басқалардан өзгеше болғыңыз келсе мерекелік кештерге де этностильдің элементі бар киімдер таңдаңыз. Мәселен кешкі көйлегіңізді қазақы нақыштағы белдік пен кестеленген ою-өрнек ерекшелендіреді.
Аксесуралар
Егер гардеробыңыздағы киімдеріңізді этностильге сай өзгерткіңіз келсе сәйкес аксесуарлар таңдаңыз. Мысалы: түйреуіш немесе сөмке ұтымды таңдау болады.
Сән – стиль. Стиль – талғам. Талғам – таңдау. Ал таңдау – қалау. Адамның өмір сүру салты мен құндылықтары қалауына қарай өлшенеді. Демек, мәдениет пен салт-дәстүрлерді дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды дамыту үшін кез келген салада өзіндік ерекшелігімізді қалыптастыру қажет. Ол үшін біздің қоғамда қазақылық тренд, made in kz брендке айналуы керек.
Автор: Мөлдір Адамжан
Суреттер: Nomad Moon, whyes_acces, Aida KaumeNOVA жеке коллекцияларынан