Шығыс маржаны
«МОНСЬЕ ДИОРДЫҢ ӨЗІ ОНЫ КӨРГІСІ КЕЛЕДІ»...
Париж подиумындағы азиялық модель – тек сирек кездесетін құбылыс қана емес, бұл барлық ережелерді бұзу. Алла Ильчунның тағдырында таңқалдыратын бұндай мысалдар жетерлік. Біз модельдер туралы барлық стереотиптерді бірінші болып бұзып, көздің үстін тік бағыттағы жебелер сияқты қылып бояп (стрелка для глаз), beauty индустриясына жаңалық енгізген Dior сән үйінің «шығыс маржаны» туралы баяндаймыз...
Өткен ғасырдың ортасында Париж подиумдарында қазақ-орыс тектес алғашқы жұлдыз Алла Ильчун жарқырады. Ол Кристиан Диордың, содан кейін Ив Сен-Лоранның сүйікті моделі және музасы болды.
Алла 1926 жылы (басқа деректер бойынша – 1921 ж.) – Қытайдың орыстар салған Харбин қаласында теміржолшы Қуанышхан Елшін мен опера әншісі Тамара Михайлованың отбасында дүниеге келген. Жапон армиясы Қытайдың солтүстік-шығысын басып алғанда, Елшін отбасы Парижге қашуға шешім қабылдайды. Бірақ Франция астанасына тек анасы мен қызы ғана жете алады. Парижде, туған топырағынан мыңдаған шақырым жерде Алланың подиумға шығар жолы басталады.
Оның анасы Тамара жергілікті кабареде ән айтады, ал Алла Париждегі мейрамханалардың бірінде ыдыс жуушы болып жұмыс істейді. Ол әрдайым көңіл-күйін түсірмей, алда сәттілік күтіп тұрғанына сенімді болады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде француздық партизан қақтығысы кезінде тіпті қатардағы медбике және байланысшы да болады.
Ол қара түннен соң, арайлап ақ таң атарына сенді және Алланың бұл сенімі ақталды. Кутюрье Кристиан Диордың сән үйіне кастингке құрбысына қолдау көрсету үшін бірге еріп барады. Дәлізде досын күтіп тұрған сәтінде оған «сізді монсье Диордың өзі көргісі келеді», – дейді. Алланың көйлегін ауыстырып кигізіп, ернін қызыл далаппен бояп, дене өлшемдерін алып, жауап күтуін сұрайды. Сән әлеміне тап боламын деп мүлдем ойламаған оған көп ұзамай «сіз іріктеуден өттіңіз» деген қоңырау соғылады.
Осы сәттен бастап ол Диордың өмірінің соңғы сәтіне дейін, он бір жыл бойы жолдары ажырамай, бірге жұмыс істейді. Ұлы кутюрье Шығыс әйелін тек нәзіктігі мен қыпша белі (47 см) үшін ғана бағалап қоймай, оны өзінің «бойтұмары» санап, өзіне сәттілік әкелетініне сенеді.
Шығыстың сұлуы өзінің ерекше бет-бейнесімен көпшіліктің назарын бірден аудартады. Алла подиумға киіп шыққан көйлектерге бірден сұраныс артып, жаппай сатылатын болады.
Қазақ-орыс шаңырағында дүниеге келіп, атақты Диордың әрбір туындысына дүйім жұртты тамсандыра білген ару бүгінде сән әлемінің тарихында ойып тұрып орын алады.
Автор: Мөлдір Адамжан
Фото: баспасөз қызметі мұрағатынан