Трендтердің барлығы бірдей антитрендтке айналмайды

Сән апталығына келген қонақтардың арқасында 2021 жылдың күзінде  қандай сырт киімдер трендте болатыны белгілі болды. Париждегі сән апталығы Vogue фотографы, әрі Style du Monde негізін қалаушы Асиель үшін нағыз мереке болды. Оның объективіне ең әдемі Street Style образдары түсті. Сәнқойлардың қай категориясы үлкен танымалдылыққа ие болғанын оның суреттерінен көруге болады. Қонақтардың біразы көпшілкті таң қалдырмақшы болып барынша ашық жарқын бейнелерді таңдаған. Олар тіпті  үйлеспейтін түстерді де үйлестіре білген.  Келесі бір топ керісінше өз образдарында  ұстамдылықпен және минимализммен ерекшеленді...

Біз 2021 жылы трендте болатын сырт киімдерге шолу жасадық. Гардеробыңызды жаңартуға асықпаңыз, алдымен бірнеше жыл бұрын сәнде болған киімдер жоқ па тексеріп алыңыз. Себебі, трендтердің барлығы антитрендке айналмайды.

Барлығының сүйіктісіне айнала білген  қара пальто

Әрбір нәзік жандылардың гардеробында кішкентай қара көйлек қана емес, сонымен қатар қара пальто да  болуы керек. Дәл осы түсті таңдасаңыз сіз ештеңеден ұтылмайсыз. Бұл пальтоны  кешкі жиындарға арналған көйлектермен  киіп қана қоймай, күнделікті  образыңызды да толықтыра аласыз. Классикалық үлгіде киінгенді ұнататын, әрдайым биік өкше мен көйлек киіп жүретін  аруларға да әдемі жарасады.  Сонымен қатар, casual үлгісінде киінгенді ұнататындарға да жарасымды.

 

Ақ пальто

Егер сізде қара пальто болса, онда биыл ақ түсін сатып алыңыз. Көпшіліктен ерекшеленуді ұнататындар ақ пальтоны таңдағандары абзал.  Сіз онымен total look жасай аласыз, тіпті ең ашық түстермен де үйлестіре аласыз. Ұзын былғары қолғап пен қара етік сіздің образыңызды әдемі толықтырады.

 

Қысқа ішік*

Ішіктер бірнеше  жыл бойы трендтен шықпады. Сондықтан,  биыл еш ойланбастан сатып алсаңыз болады. Өзінің қалың фактурасына қарамастан, ол негізгі ақ  жейделермен және жұқа жібек блузкалармен тамаша үйлеседі.

 

Тренч әрқашан трендте

Күздің алғашқы күндерінен бастап тренчты еш ойланбастан сатып ала аласыз. Олар жаңбырлы немесе бұлтты күндерде өте қолайлы. Тіпті оны көктемде де киюге болады. Ұзын тренчтің базалық түстерін сатып алғаныңыз жөн. Олар сізге ұзақ және сапалы қызмет етеді. Образыңызды ашық түсті шарфтармен толықтыруға болады.

 

Oversize Пиджак

Егер сізде пальто да, ішік те, тренч те болатын болса, биыл қара түсті оversize пиджак сатып алыңыз. Ол бой мен  салмаққа қарамастан нәзік жандылардың бәріне бірдей жарасады. Оны джинсымен, көйлекпен, тіпті көлемді жемпірмен де киюге болады. Бұл сыртқы киімдердің ең әмбебап түрі. Сізді талдырмаш әрі нәзік етіп көрсетеді.

*ішік – жылы сыртқы киім, сыртын берік матадан, ішін аң, мал терілерінен тігеді.

 

Авторы: Мөлдір Адамжан

Фото: ашық дерек көздерінен

Көбірек оқыңыз