Түстерді әдемі үйлестірудің 5 әдісі

Көктем келген кезде, жаздың жылы күндері көшедегі түрлі колоритті көп байқаймыз. Жанды жадыратар жайма-шуақ күндер қиялға қанат бітіреді. Сол шақта түрлі өзгерістерге жиі аңсарымыз ауа бастайды.

  

Көп адамда қызғылт, күлгін, сары, жасыл түсті киімдерді тек жазда кию керек деген стереотип қалыптасқан. Ал салқын күндері, әсіресе күзде сұр, қара киім кию әдет болып кеткенге ұқсайды. Иә, түсті бір-бірімен үйлестіру көп уақытты қажет етеді, шығармашыл көзқарас та керек. Сондықтан көбіміз сол баяғы ақ жейде мен қара шалбарды киіп жүре береміз. Алайда түстермен жұмыс істеу шынында сіз ойлағандай қиын емес. Тек Иоханнес Иттен мырзаның шеңберін көңілге түйсеңіз болғаны.

340px-farbkreis-itten-1961svgpng 

Ол қандай шеңбер? Бұл – әлемдегі барлық дизайнерлер, стилистер мен суретшілердің басты құралы атанған теория. Бұл теория бойынша бізге көмектесетін 8 әдіс бар. Алайда соның ішінен 5 әдіс оңай әрі күнделікті өмірде  қолдануға ыңғайлы. Сол әдістерді біліп алсаңыз, киім, үй жиһазын, декор, тіпті үй дизайнын да өз бетіңізбен үйлестіре аласыз. Бұл әдістерді айтпастан бұрын ахромат пен хромат түстерге тоқтала кеткен жөн. Ахромат – түстің реңкі мүлде жоқ деген сөз. Мәселен ақ, қара, сұр ахромат түстер тобына жатады. Ал хромат тобына күн сәулесінің спектрындағы барлық түстер сай келеді. Хромат түстер температурасына, қанықтығы мен ашықтығына қарай бір-бірімен үйлеседі. Біз қазір бұлардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтеміз

Жоғарыда айтып өткендей, ахромат түстер тобы (ақ, қара, сұр) бір-бірімен үйлесе береді. Еш қиындықсыз, ойланбастан ақ жейде, сұр шалбар, қара аяқ киім кие аласыз. Бірақ бұл түстерді күн сайын кисеңіз, өзіңіз де жалығарыңыз анық. Образыңызда көңіл-күйді, болмысыңызды, бойыңыздағы ерекшелікті көрсету үшін міндетті түрде түрлі түс қосу керек. Бұл ретте көп адам түспен жұмыс істеуге аса сақтықпен қарауға тиіс. Ең әуелі оңай түстер үйлесіміне тоқталайық. Жоғарыда атап өткен ахромат түске қалаған түс қосып, киіп көріңіз. Ақ жейде, көк шалбар, қара аяқ киім. Бұл жерде еш қателік болмайды. Себебі бүкіл образыңызда бір ғана көк түс болады. Ең оңайы – осы.

Енді Иттен шеңберіндегі түстердің негізгі  5 ережесіне тоқталайық. 

  1. Монохром

Бір түстің түрлі реңкетрінен құрылған. Ол ашық та, солғын да, қанық та болуы мүмкін. Бірақ негізгі түсі біреу болады.

img-6190jpg 

  1. Шеңберде қатар ораналасқан үш түстің үйлесімі

Қызыл кілемде біз көбіне қабылдай алмайтын қызғылт (розовый) пен қызыл, қызыл мен қызғылт-сары (оранджевый) түстер осы ереже бойынша жасалады. Реңктес үш түс немесе түрлі үш түс болуы мүмкін.

img-6197jpg 

  1. Қарама-қарсы түстердің үйлесімі

Иттен шеңберінде орналасқан қарама-қарсы екі түс бірі-бірімен әдемі үйлесетіні жылдар бойы дәлелденген. Бұл үйлесім күнделікті өмірде аз кездеседі. Көбіне шығармашыл адамдар мен суретшілер қолданады, дизайнерлік киімдерде көрініс табады.

img-6259jpg (1)  

  1. Үшбұрыш

Бастапқы түстердің үшбұрыш үйлесімі. Мәселен көк, қызыл, сары. Бұл да өте қанық, жарқын түстерге акцент беру үшін жасалатын әдіс.

img-6195jpg 

  1. Екі туыстас және бір қарама қарсы түстің үйлесімі

Яғни екі қатар орналасқан түс пен қарама-қарсы түстің байланысы. Бір образда екі туыс түс қосымша, ал негізгі қарама-қайшы түс болады.

img-6194jpg 

Қосымша: Шаршы, Х әдісі және одан да көп түстің үйлесімі

Бұл шеңберге шаршы сызу арқылы анықталады. Төрт бұрыштағы түстердің үйлесімі. Бұл әдістерді қолдану оңай емес. Егер түс туралы біліміңіз болса ғана экспериментке баруға болады.

Ескертетін жайт, бұл түстерді араластырып, образ жасарда барлық түсте температура, ашықтық немесе қанықтық бірдей болуы  тиіс.

Температура жылы және суық болып бөлінеді. Яғни, негізгі түске қызғылт сары қосылса жылы, ал негізгі түске көк түс қосылса суық болады.

4265ceaa-7945-499c-a817-29aaf679ddb5png 

Сондай-ақ ашық және күңгірт түс деп те жіктеледі. Мұнда негізгі түске ақ қосылса – ашық, қара қосылса күңгірт болады.

Қанық немесе солғын түстер. Негізгі түс – қанық, оған сұр түс қосылса солғын түс болып шығады.

 Міне, аталған әдістерді пайдаланған сәтте осы үш ерекшелікті ескеру қажет.  Қанық түс пен солғын түс аса әдемі көрінбейді. Мәселен, қанық  жасыл мен сары әдемі үйлеседі десек, қанық сары мен зәйтүн түс көзге оғаштау көрінеді. Бірақ бұл ережеге бағынбайтын бір үйлесім бар. Бұл – монохром әдісі. Егер бастан аяғыңызға дейін бір түстің реңкімен киінгіңіз келсе, уайымдауға еш негіз жоқ.

Барлық түстің қанықтықығын, температурасын және ашықтықтығын бірдей жасау міндетті емес. Қазір тіпті стилистердің жұмысын жеңілдететін телефонға арналған қосымшалар бар. Осы әдістің барлығын көрсетіп береді, тек түс өзіңізге ұнауы қажет. Ең бастысы үйлесімді киім жан-дүниеңізбен астасып, көңіл тыныштығына, жарқын өміріңізге өзінше бояу үстесе болғаны.

 

Автор: Ардақ Әлімбетова

Фотосуреттер: баспасөз қызметі мұрағатынан

Көбірек оқыңыз