Абай - Гималай

10 тамыз Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының туған күні. Республика көлемінде бұл күн «Абай күні» ретінде тойланады.  Қазақ ойшылының 175 жылдық мерейтойының қарсаңында 2020 жылы үкімет қаулысымен ресми түрде бекітілген.

whatsapp-image-2022-08-10-at-150329jpg 

Абай – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Оның мол мұрасы – халық қазынасы. Кең даланың табиғатынан бастап, әрбір тұрғынының адами қасиеттерін, қоғамның дерті мен оның емін, ұлтының келешегін қаламына қосқан кемеңгер әдебиет үшін де, мәдениет үшін де елеулі еңбек етті.

Рухани ашықсаң – Абайды оқы! Бойыңды түзегің келсе – Абайды оқы! Оның қара сөздері «толық адам» болып қалыптасу жолында сенімді жолсерік, адассаң бағытыңды дұрыстап, шабықсаң жұбата да алады. Бұл хәкім Абайдың өзіне тән ерекше қолтаңбасы. Ұлтына деген махаббаты «Қазағым, қалың елім, қайран жұртым»  деп  жырлатып, қайталанбас сөз өрнегін қалыптастырды.

Абай күніне орай биыл Алматы қаласында бірқатар іс-шара жоспарланған. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін Абай алаңындағы ақын ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтеді. Сондай-ақ, театр әртістері метрода ақынның бірқатар композицияларын орындайды.

Алматы музейінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығының қорынан экспонаттар көрмесі ашылады. «Алатау» театрында «Күн артынан күн туар» концерті өтеді. Хор мен оркестрлік топ «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Татьянаның әні», «Қараңғы түнде тау қалғып»  және басқа да әндерді орындайды.

Ал Абайдың туған өлкесі Семейде ақынның туған күніне орай  «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» гастрольдік сапарын бастамақ. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған «Әуезов әлемі» атты дөңгелек үстел отырысы өтеді. Сондай-ақ «Қазақконцерттің» шығармашылық ұжымы жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездеседі. Бұдан бөлек, баспасөз мәслихаты мен «Ұлы дала – Ұлы Абай» гала-концерті жоспарланған. Семейдегі Абай күніне арналған іс-шаралар легі 17 тамызда Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның «Қалың елім қазағым қайран жұртым» атты концертімен аяқталады.

Абай - Гималай. Бұл Хантәңірдің мұзбағалы Мұқағали Мақатаевтың тауып айтқан теңеуі. Бүгінде бұл сөз Абайдың қазақ қоғамындағы алар орнын анық көрсетеді. 

Халқымыздың қазынасына айналған кемеңгер тұлғаның рухына тағзым ете отырып, шығармашылығын насихаттау, өсиетін өнеге ету ұрпағы ретіндегі парызымыз. Абай күні құтты болсын!

 

Автор: Мөлдір Адамжан 

Сурет: баспасөз қызметі мұрағатынан

 

Көбірек оқыңыз