Әбілхайыр ханға ұзатылған Әмір Темірдің ұрпағы
Рәбия Сұлтан бегім (шамамен 1430–1495) – әйгілі ғалым, астроном, математик әрі мықты билеуші Ұлықбек хакімнің қызы және 35 жыл билік құрған, 27 мемлекетті қол астына бағындырған «әлем жаулаушысы» Әмір Темірдің ұрпағы. Рәбия Сұлтан бегім – Темір әулетінің аруы, Дешті-Қыпшақтың ханшайымы, XV ғасырдағы саяси оқиғалардың бел ортасында тұрған, қазақ тарихында ерекше із қалдырған тұлға.
Әкесі Ұлықбектің 5 әйелі, 13 кәнизәгі (жаугершілік заманда қолға түскен қыз бала немесе сұлу әйелдерді топтап хан сарайында күң ретінде ұстаған), 10 ұлы мен 10 қызы болған.
Рәбияның анасы – арлат тайпасының көсемінің қызы Рукаийа-хатун (Сұлтан). Алайда ол Ұлықбектің әйелі емес, ең бірінші үйленген жоғары мәртебелі кәнизәгі еді. Рәбия Ұлықбектің ең кенже қызы болған соң, атасы Шахрух пен әжесі Гауһар-шад өз қолына алып, ерекше ықыласпен тәрбиелеп, өз қыздарындай көрген.
Сол себепті шежіреде Рәбияның есімі кездеспейді. Дегенмен ол Ұлықбектің қызы ретінде «Тарих-и Абу-л-Хайр-хани», «Шараф-наме-ий шахи» сияқты еңбектерде аталады.
1451 жылы Әмір Темірдің немересі Әбу Саид Самарқандты жаулап алғанда, оған әскери көмек көрсеткені үшін Әбілхайыр ханға Рәбия Сұлтан бегімді ұзатқан. Олар 16 жыл отасып, Сүйініш жане Кішкене деген 2 ұл табады.
Тарихи аңыз-әңгімелерде Рәбия айлакер, сұлу, тіпті саясатқа ықпал еткен әйел ретінде суреттеледі. Оған талай батырлар мен билер ғашық болған. Рәбия өз жерінің кегін қайтару үшін би-батырларды бір-біріне қарсы қойып, саяси жағдайды өз мүддесіне пайдалана білген.
Әбілхайырдың қол астында болған атақты тұлғаларының бірі Қобыланды батыр Рәбияға қол жеткізу үшін Ақжол биді өлтірген деседі. Ақжол бидің әкесі Қотан тайшы бұл қанды қақтығысты кешірмей, Әбілхайыр ханнан бөлініп шықты. Өз қарауындағы арғын тайпасын бастап, Керей мен Жәнібек сұлтандарға қосылып, Жетісуге қоныс аударды.
Ілияс Есенберлин өзінің әйгілі «Көшпенділер» трилогиясында Рәбия Сұлтан бегімнің сұлулығын былай деп суреттейді:
«Үстеріндегі сауыттары, асынған қару-жарақтары күнмен шағылысқан осынау топтың ішінен үш-төрт әйел көзге түседі. Әсіресе, ортада келе жатқан, бүкіл Дешті Қыпшақ жеріне әйгілі, «Ортеке» деп ат қойылған күлсары сәйгүлік мінген жас әйел таңғажайып салтанатымен анадайдан-ақ көздің жауын алады. Алыстан-ақ бұл әйел қалың көкпек арасындағы сарғалдақтай, көзді тартады. Өзі де мейлінше сұлу, жаңа туған ай секілді жіңішке қасын сүрмелеп тастаған. Ұзын шаштарын жиырма-отыз сала етіп, ұп-ұсақ етіп өрген. Бір өзінің түр-келбеті бүкіл әлемге сән бергендей осынау салтанатты әйелді көрген адам «бұл жалғанда мұндай жан жаратылмас» деп ойларлық. Бұл – Әбілқайыр ханның төртінші әйелі, атақты ғалым – Самарқанд ханы Ұлықбек мырзаның қызы Рәбия Сұлтан бегім сұлу еді».
Рәбия Сұлтан бегім дүние салғаннан кейін оның құрметіне ұлы Сүйініш хан анасына арнап күмбез тұрғызды. Кесене қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи ғимаратының оңтүстік-шығысында салынған. 1895 жылы Ресей әскерлері «ескі, бір күні құлап қалуы мүмкін» деген сылтаумен күмбезді қиратып, кейін қайта жаңартылды.
Құлпытасында мынадай тағылымды жазу қашалған: «Бұл – құдыретті ұлы сұлтан Ұлықбек Гураганың қызы, ақсүйек (құдай) кешіріп, рақымшылық жасаған, ізгі жанды Рәбия Сұлтан бегімнің тыныштық тауып жатқан жері».
Бұл жазу Рәбияның тек әулетінің ғана емес, бүкіл түркі жұрты үшін қадірлі тұлға болғанын дәлелдейді.