Әйел ерден кетсе де, елден кетпеген: әмеңгерлік туралы не білесіз?

Ерте заманда қазақ қоғамында «жесір», «жетім» ұғымдары сирек айтылатын. Өйткені ел ішінде ешкім иесіз, қамқорсыз қалмаған. «Аға өлсе – жеңге мұра, іні өлсе – келін мұра» деген халық даналығы осының айғағы. Бұл ұлттың бауырмалдық пен жауапкершілікке негізделген көне дәстүрі – әмеңгерліктің көрінісі еді.

Күйеуі қайтыс болған әйел әулеттің үлкендерінің кеңесімен әрі өз келісімімен марқұмның аға-інісінің біріне тұрмысқа шығатын. Мұндағы мақсат – әйелді жат елге кетірмей, баланы өз туыстарының ортасында өсіру, отбасылық бірлікті сақтау. «Ерден кетсе де, елден кетпесін» деген сөз де осы ниеттен туған.

Әмеңгерлік дәстүрінің шығуына бірнеше себеп болған:

Осы себептерге байланысты «Жеті жарғыда» ері қайтыс болған әйелдің елден кетпей, марқұмның қандас туысына қосылуы міндеттелген. Егер әйел әмеңгерліктен бас тартса, оған күйеуінен қалған мал-мүлік пен баланы иелену құқығы берілмеген.

Дәстүр бойынша ерінің қазасынан жыл өткен соң, жесір әйел алдымен өзінің туған қайнағасына тұрмысқа шығуы тиіс болған. Егер оны қаламай, қайын інісімен қосылуды қаласа, інісі ағасының алдынан өтіп, 9 бас мал беретін болған — бұл да салттың өзіндік заңы. Алайда кейде әйелдің ешкімге тұрмысқа шығуға ниеті болмаған жағдайлар кездескен. Ондайда әулет ақсақалдары шешімге түсіністікпен қарап, мәжбүрлеуге жол бермеген. Тек әйелдің бөтен елге кетіп, жат жұртқа тұрмысқа шығуы қатаң бақыланған.

Бүгінгі күннің өлшемімен қарасақ, әмеңгерлік ерсі көрінуі мүмкін. Бірақ өз дәуірінде ол – адамды, ұрпақты, шаңырақты сақтап қалудың жалғыз жолы болған.

Ал сіз әмеңгерлік дәстүрін ұстанар ма едіңіз?

салт-дәстүр
Көбірек оқыңыз