Әйел кейпіндегі жын: жезтырнақ туралы не білесіз?

Қазақ халық ауыз әдебиетінде жиі кездесетін мифтік кейіпкерлердің бірі – жезтырнақ. Ол бойында ғаламат күш бар, адамға қас дұшпан ретінде бейнеленеді. Ертегілерде, аңыздарда, әсіресе аңшыларға қатысты хикаяларда оның бейнесі жан-жақты сомдалған.

Фольклорда ол көбіне ұзын бойлы, аса сұлу жас әйел кейпінде, бірақ тырнақтары жезден құйылған пышақтай өткір, ал даусы жерді жаңғыртатын жойқын күш иесі ретінде суреттеледі. Бірде аңшыға шай ұсынып, жылы қабақ танытса, енді бірде қараңғы түсе келгенде тырнағымен жүректен шаншып өлтіретін жауыз кейпінде көрінеді.

Ғалымдар пікірі:

  • Ш.Уәлиханов:«Жезтырнақ – әйел кейпіндегі жын. Ол орманда өмір сүреді»;
  • С.Қасқабасов: «Жезтырнақтың әу бастағы түпкі мифологиялық қызметі қамысты даланың, ну орманның қожайыны (рух иесі) болуы ықтимал. Кейіннен әлемдік дін ығыстырғанда оның бейнесі хикая жанрына ауысып, өзгеріске ұшырап, енді зияндас кейіпкерге айналып кеткен»;
  • С.Қондыбай: «Жезтырнақ – аңшылардың пірі, аңдардың қамқоршысы болған «Арғы-Әженің» эволюцияға ұшыраған бейнесі»;
  • П.Әуесбаева: «Жезтырнақ персонажы түркі халықтары ішінде қазақтарға ең көп танымал. Қырғыздар «жезтырнақты» сондай-ақ «джез тумшук» деп атайды. Яғни, оның тырнақтары ғана емес, сондай-ақ мұрны да жез не темірден жасалғанының белгісі болып табылады» .

Кейбір аңыздық ертегілерде аңшылардың айла-шарғысы арқылы жезтырнақтың жеңілгені суреттеледі. Солардың бірінде күн бата отын жағып отырған жігіттің қасына бейтаныс жас келіншек келіп жайғасады. Аңшы оны дастарқанға шақырады. Алайда әйелдің тамақтанып отырса да мұрнын жеңімен көлегейлей беруі оның адам емес екенін аңғартады.

Осы күдіктен кейін аңшы сақтық жасап, от қасына бөрене қойып, үстін өз киімімен жабады. Өзі болса қаруын даярлап, ағаш басына шығып кетеді. Түн ортасында әлгі әйел кейпіндегі жезтырнақ қайтып келіп, бөренені адам екен деп бас салады. Оның ұзын жез тырнақтары ағашқа қадалып қалған сәтте аңшы оқ атады да, тылсым жаратылысты жер құштыртады.

«Боран батыр» мен «Шора батыр» жөніндегі аңыздарда жезтырнақтардың сырт келбеті айрықша бейнеленеді. Онда олардың үстіндегі киімдері түгелдей күміс пен алтыннан жасалған түймелермен, моншақтармен, жарқыраған әшекей-безендірмелермен көмкерілгені айтыла-ды. Әр қадам жасағанда әшекейлерінің сыңғыры мен қаңғырлаған дыбысы жан-жаққа естіліп, өзгеше әсер тудырады. Сонымен бірге жезтырнақтар мойындарына түрлі-түсті моншақтан жасалған алқа тағып, күміс шашбау, қол-аяқтарына сақина-білезік ілген күйінде суреттеледі.

Қорытындылай айтқанда, жезтырнақ – қазақ фольклорындағы ең қызық әрі күрделі кейіпкерлердің бірі. Ол бірде – сұлу әйел, бірде – қаскөй жын, бірде – аңдардың қамқоршысы. Бірақ қай нұсқада болмасын, ол адамнан әлдеқайда күштірек, тылсым күшке ие.

Ал сіз бала күніңізде жезтырнақ туралы қандай әңгіме естідіңіз?

миф аңыз
Көбірек оқыңыз