«Алаш» автономиясына 105 жыл
Алаш – қазақтардың мифтік бабасының аты, бұл атау қоғамдық-саяси қозғалысты белгілеу үшін алынып, кейін партия атауы ретінде ресімделген. Өз мақалаларында партия және болашақ автономия көшбасшыларының бірі Әлихан Бөкейханов «Алаш» сөзі ғасырлар бойы қазақтардың жауынгерлік ұраны болғаны туралы жазды. «Алаш-Орда» – 1917 жылы желтоқсанда қазіргі Қазақстан аумағында құрылған Ұлттық-аумақтық автономия үкіметінің (Халық кеңесінің) атауы.
Халық аңыздары бойынша алғашқы қазақ билеушісі Алаша хан болды. Сол ханның қол астына біріккен халық Алаш есімін алды. Дәстүрлі халық ертегілері мен аңыз-әңгімелерінің алғашқыларының бірінде былай деп жырланады: «Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда» («Алаш Алаш болған кезде, Алаша хан болған кезде»). «Алаш» – бұл эндоэтноним (өзін-өзі атау), ал «қазақ» сөзі экзоэтноним (яғни көрші халықтар берген атау) деп айтуға болады. Тарихта жиі кездесетіндей, уақыт өте келе экзоэтноним тарихтан өз орнын тауып, өзін-өзі атау ретінде қалыптасып қалды. Ал «Алаш» – екінші атау ретінде халықтың жадында сақталып, салтанатты жиындарда көпшілік алдында сөйлеген сөздерде, әдеби шығармаларда асқақ есім ретінде де қолданылады.
Сондықтан ол бренд ретінде (дәстүршілер мені кешірсін!) өте сәтті таңдалып алынған.
«Алаш» партиясы қазақ зиялыларының ұлттық қозғалысынан пайда болды. Оның қатысушылары қазақтардың жерге деген құқықтары үшін, өзін-өзі басқару, тілді, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді сақтау үшін күресті. Олар Ресей империясының алғашқы екі мемлекеттік думасының құрамына кірді және сол кездің негізгі саяси оқиғаларына қатысты. Мысалы, Әлихан Бөкейханов кадеттер партиясы көшбасшыларының бірі болды.
Ең өткірі аграрлық мәселе болды. Алаш қозғалысының жетекшілері патша үкіметінің қоныс аудару саясатына және байырғы тұрғындардың жерлерін қоныс аударушыларға беруге қарсы болды. Олар қазақ халқына жерге меншік құқығын алып беруге ұмтылды. Болашақ партияның негізгі құрамы 1913 жылы «Қазақ» газетінің айналасына топтастырылды (негізін қалаушылар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатов). Басылым авторлары өз мақалаларында мәдениет пен ғылымды дәріптеді, тарих мәселелерін қамтыды және қазақ әдебиетін қолдап, оны дамытуға атсалысты.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін қозғалыстың көптеген жетекшілері Уақытша үкіметтің билігіне кірді. Бөкейханов Торғай облысының комиссары болды. Байтұрсынов пен Дулатов жер басқармасында жұмыс істеді. Дала өлкесі мен Түркістандағы Уақытша үкімет органдарымен қатар бір мезгілде жергілікті өзін-өзі басқару органдары – Қазақ комитеттері құрыла бастады. 1917 жылдың көктемі мен жазында Қазақстанның түрлі өңірлерінде облыстық қазақ съездері өтті (Торғайда өткен ең үлкен съезге 300 делегат жиналды). Сөйтіп, Жалпы қазақ съезін ұйымдастыруға дайындық басталды. Содан кейін ұлттық партия құру идеясы ұсынылды. Сол күндері «Қазақ» газетінде «басқа партиялардың бағдарламалары қазақ қоғамының мүддесіне сай келмейді» деп жазылған еді. І Бүкілқазақ съезі Орынборда 1917 жылы 21–28 шілде күндері өтті. Оған Қазақстанның барлық облыстарының өкілдері қатысты. Олар жеке қазақ саяси партиясын құру туралы шешім қабылдады. Сайлауға қатысатын кандидаттардың тізімі Құрылтай жиналысына (Бүкілресейлік парламент) ұсынылды, ал партияға «Алаш» атауы берілді.
Біртұтас ортақ билеушінің басшылығымен барлық қазақ жерлерін біріктіру идеясы да, ұлттық мүдделерді қорғау жүйесіндегі негізгі құрал – қазақ мемлекеттілігі туралы арман да осы «Алаш» атауында іске асырылды. Халықты азат ету және бар халыққа бірдей теңдік беру идеялары осы қозғалыс қатарына даланың көрнекті мәдениет қайраткерлерін – қазақ поэзиясының ақсақалы Шәкәрімді, талантты жас ақын Мағжан Жұмабаевты және тағы басқаларды тартты.
Өмірі қысқа болғанына қарамастан, Алаш автономиясы мен «Алаш-Орда» қозғалысы Қазақстан тарихына үлкен әсер етті. «Алаш» көшбасшылары алғаш рет егеменді Қазақ мемлекетін құру идеясын ұсынды. Алашордалықтар қазақ халқының өзіндік санасы мен мәдениетін дамытуға зор күш жұмсады. Азаматтық соғыста жеңілгеніне қарамастан, Алаш зиялылары Кеңес мемлекеті шеңберінде Қазақ автономиясын құру идеясын қалдырған жоқ. «Алаш» өкілдері ҚАЗРЕВКОМДА және ВЦИК жанындағы Қырғыз өкілдігінде қызмет атқарды. Бұл құрылымдар қазақ халқының Кеңестік автономиясын жариялауға дайындық бойынша үлкен жұмыстар жүргізді.
Автор: Мөлдір Адамжан
Фото: баспасөз қызметі мұрағатынан