Аластаудың мәні не?

Аластау — қазақ халқының ежелгі дәстүрлерінің бірі. Оттың жарығы мен жылуы ғана емес, оның түтіні де жаман рухтардан қорғайды деп сенген. Сол себепті адыраспан, арша сияқты шөптерді өртеп, бәле-жаладан, көз тию, сұқтан сақтау үшін адамды, үйді, бесікті, малды аластау дәстүрі қалыптасты.

Үйді аластау

Жаңа қонысқа көшкенде немесе үйде жағымсыз жағдайлар орын алғанда, үйді аластау рәсімі орындалады. Бұл үшін адыраспан, арша сияқты шөптерді тұтатып, оған кішкене тұз қосып, үйдің ішін түтінмен аластайды. 

Бесікті аластау

Жаңа туған сәбиді бесікке салмас бұрын, бесікті аластау дәстүрі орындалады. Бұл рәсімде адыраспан шөбімен бесіктің ішін және сыртын үш рет айналдырып, арнайы сөздер айтылады.

Малды аластау

Мал арасында індет таралғанда немесе жаңа төл туған кезде, малды аластау рәсімі орындалады. Бұл үшін от жағып, малды оттың арасынан өткізеді.

 Жаңа түскен келінді аластау

Келін босаға аттағанда, аруақтарға арнап отқа май құяды. Енесі май құйылған оттан алақанын қыздырып, келіннің бетін сипайды. Бұл — «жүзі жылы, мінезі жайлы, үйге береке алып келсін» деген ниетті білдіреді.

Көшті аластау

Ертеде қазақтар жайлауға көшкенде алдымен 5–6 шақырым жерге аялдап, жолдың екі жағына от жаққан. Әйелдер «қабақ сынды, қайғы кетті» деп қабақ сындырған — бұл қыстың қиындығынан арылудың белгісі.

Жүк артқан түйелер оттың арасынан өткізіліп, жаман рухтар отта қалады деп сенген. Ерлер мен әйелдер «алас, алас» деп оттан секіріп, көшті, малды тазартып шыққан. Соңында мал сойылып, «ескі жұртта есіркедің, жаңа жұртта жарылқа» деп құдайы ас берілген.

Аластау рәсімі кезінде арнайы сөздер айтылады:

Алас, алас, пәледен алас,

Иесі келді, пәлесі көш!

Көзі жаманның көзінен алас,

Тілі жаманның тілінен алас,

Алас, алас, алас,

Қыла гөр, Тәңір, пәлеңнен қалас.

әдет-ғұрып наным-сенім
Көбірек оқыңыз