Албасты қазақ әйелдерін неге аңдыған?
Албасты – қазақтың ежелгі дүниетанымынан шыққан мифтік кейіпкер, көне наным-сенімнің бір көрінісі. Қазақ аңыздарында албасты кейде жалбыраған сары шашты, тісі ақсиған, кейде құс аяқты немесе өкшесі теріс қарап тұрған әйел бейнесінде, кейде аузына өкпе тістеген түлкі, желіні жер сызған ешкі, кейде сұрықсыз қаншық ит түрінде кездеседі. Бірақ оның басты сипаты – нәрестелер мен босанатын не босанған әйелдерге қас, дүлей күш иесі ретінде суреттелуі.

Албасты – қазақтың ежелгі дүниетанымынан шыққан мифтік кейіпкер, көне наным-сенімнің бір көрінісі. Қазақ аңыздарында албасты кейде жалбыраған сары шашты, тісі ақсиған, кейде құс аяқты немесе өкшесі теріс қарап тұрған әйел бейнесінде, кейде аузына өкпе тістеген түлкі, желіні жер сызған ешкі, кейде сұрықсыз қаншық ит түрінде кездеседі. Бірақ оның басты сипаты – нәрестелер мен босанатын не босанған әйелдерге қас, дүлей күш иесі ретінде суреттелуі.
Албастылар өзен-көлдердің маңайын мекен етіп, ақ шашы жалбыраған, емшегі арқасынан асып салбыраған ұсқынсыз әйел кейпінде көрінеді. Әдетте, ол жағалауда жайбарақат шашын тарап отырады. Ең қаскүнем зиянкес албастылар қара, қалғандары сары болады. Олардың қолында әрқашан да сиқырлы кітап, тарақ, күміс теңге жүреді.
Аңыз бойынша, албасты босанғалы жатқан әйелдің кеудесіне басып, өкпесін ұрлап әкетіп, суға тастайды екен. Содан әйел жан тапсырады. Егер біреу сол сәтті байқап қалып, албастыны тоқтатып, өкпені қайта алдырса, әйел тіріледі екен.
Белгілі ғалым Серікбол Қондыбайдың «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» атты кітабында албасты туралы былай делінген:
«Албастыны адам бағындыра алады: ол үшін бір тал шашына ие болу керек; өзбектер мен түрікмендерде албастының магиялық кітабын, теңгесін, тарағын не кез келген бұйымын иелену арқылы бағынышты етуге болады. Ауру мен түнгі үрей әдетте бастығырулар әкеледі, көбіне жас нәрестелер мен босанатын не босанған әйелдерге зиянын келтіреді. Түрік, әзірбайжан, қазақ, қырғыз, т.б. түсінігі бойынша албастылар адамның өкпесін, бауырын, жүрегін ұрлап, суға тастаса, адам (әдетте әйелдер) өледі екен. Түрік, қазақ, ноғай, құмық, тува түсініктері бойынша, албасты адам баласымен жыныстық қатынасқа түсе алатын көрінеді. Қазан татарларының түсінігі бойынша кейде албасты қан ішеді екен… Түрік түсінігі бойынша албастыны бағындыру үшін оның киіміне ине шаншып қойса болғаны»
«Албасты басқыр!», «Қара бассын!» деген қарғысты естімеген қазақ жоқ шығар. Бір істі дұрыс істей алмай қалсақ, «Не қара басты?!» деп өзімізге де, өзгеге де ренжиміз. Ал ұсқынсыз, сүйкімі жоқ адамды «Нағыз албасты!» деп сипаттап жатамыз. Бұл сөздердің бәрі сол баяғы мифтік бейненің елесінен туған.
Тағы бір қызық сенім – таң алдында босанған әйел таң толық атқанша ұйықтамайды. Себебі сол кезде албасты келуі мүмкін деген көне тыйым бар. Мұндай наным-сенім кей жерлерде әлі сақталған.
Қазір «албасты басты» деген сөз тек жын-шайтанға қатысты емес, «иманынан айырылды», «бетінен қайтты», «жақсы жолдан тайды» деген мағынада да айтылады.
Ал сіздерде бұл тіркес кездесе ме?