Әлихан Бөкейханов: Ұлтына қызмет ету – білімнен емес, мінезден

Қазақ ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, «тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп, ақтық демі қалғанша еліне адал қызмет еткен ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың туғанына  156 жыл.

alikhan-bukeikhanov-in-1906jpg 

Ә.Бөкейханов 1866 жылы 5-і наурызда бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Ұлт көсемі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тараған төре тұқымынан шыққан.

Әкесі Әлиханды тоғыз жасында молдаға оқуға берген, артынша Әлихан мектепте білім алуды жөн көріп, үш кластық мектепке өз еркімен ауысып алады. Бұдан кейін ол Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, үздік бітіріп шығады. Он алты жасында ол Омбының техникалық училищесіне қабылданған. Оны аяқтағаннан кейін жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының  стипендиясын алып, Санкт Петербургтегі Орман шаруашылығы институтына түседі. Оқуды бітіре салысымен Омбыға келіп, қаланың саяси-әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. «Народная свобода» партиясының қатарына өтіп, қазақ зиялылары арасында партияның шағын тобын құрады. Ол өзін осы шақтан бастап саяси тұлға ретінде қалыптастырады. Ұлт көсемінің алғашқы баспалдағы осылай басталады.

1511410225-alash-kzjpg 

«Әлихан Бөкейханов - XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көшбасшысы. Ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі тұлғасы. Ол - қозғалыстың міндетін, мақсатын,  стратегиялық, тактикалық күрес құралдарын анықтаған адам»,- дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді.

«Тіл үшін күрес неге жүріп жатыр? Қазақ тілі деген не? Қазақ тілінің ар жағындағы жатқан мәселе – жер. Біз мына жерді қазақ болып, қазақша сөйлеп қана қорғай аламыз». Бұл Алашорда өкіметінің төрағасы, қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың айтқан жүрек жарды сөздері.

Әлихан Бөкейханұлының өзінің  жеке басына қатысты емес, ел мен жеріне қатысты бөлек ұстанымдары болған. Оны жазушы, тарихшы Тұрсын Жұртбай былай деп баяндайды:

Ең бірінші – Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен «жер, жер және жер» болуы керек. Жерсіз Отан жоқ. Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі керек.

Екінші ұстанымы – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. «Бөкейхановтың сөзімен айтсақ, «қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс».

Үшінші ұстанымы – Бөкейхановтың жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек. Яғни, мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуі тиіс болған.

Төртінші ұстанымы – қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек дегенге сайды. Бұл идеологиялық ұстаным болатын.

 Ал, бесіншісі - ең негізігі ұстанымы бойынша  ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек еді. Алаш қайраткерлерінің бұл ұстанымының дұрыстығына самурайлық дәстүрге негізделген жапон ұлтының бар-жоғы 20 жылдың ішінде біртұтас империяға айналып шыға келуі дәлел болса керек».

Осы ұстанымы негізінде дербес мемлекет құруды көздеген Әлихан Бөкейхан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясының негізін қалайды. Артынша, 1917 жылы желтоқсан айында бүкіл қазақтардың құрылтайында Алаш автономиясын жарияланып, Ә.Бөкейхан сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады. Бұндағы Алаш деген сөздің мағынасын «Түрік баласы» (лақап ат) 1913 жылы «Қазақ» газетінде: «Жошы ханды халық «Алаш» деп атап кетті. Бұл «Алаштың – алаш жұртының басшысы» екенін білдіреді»  делінген.

Бөкейханов 1937 жылы 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі. Ұлы Даланың ұлы перзентінің өмір жолы еліміздің тарихи-мәдени мұрасы.

 

Автор: Мөлдір Адамжан

Суреттер: баспасөз қызметі мұрағатынан

 

 

 

 

Көбірек оқыңыз