Ақ тілеудің белгісі

Бата – қазақ халқының киелі сөзі, рухани құндылықтардың көрінісі және ізгілік пен ақ ниеттің жаршысы.. Ол кез келген жерде айтыла бермейтін, ерекше құрметке ие салт. Бата қоғам өмірінің ажырамас бөлігі ретінде адамның өміріндегі маңызды сәттермен қатар жүреді. Батаның түрлері сан алуан, әрқайсысының өзіне тән мағынасы мен айрықша орны бар.

Батаның негізгі түрлері:

  1. Ерлік пен өмір жолына арналған бата

Бұл батаны адам ерлік жолына, өнер не білім іздеуге немесе алыс сапарға аттанар алдында алады. Мұндай бата көбінесе аузы дуалы, елге сыйлы қариялардан сұралады. Мысалы, Сырым батыр Бөкен биге арнайы барып бата алған, ал жас Жәнібек Қаракерей Соқыр абыздан алғыс алған кезде ақсақал оған: 

«Бедеуің беліндегі байлаулы болсын, 

Қазаның ошақтағы қайнаулы болсын, 

Есігің ашық болсын, қабатың жарық болсын», – деп батасын берген. 

Бұл батаның түрі тек елін сүйген, халқына адал қызмет ететін азаматтарға беріледі. 

  1. Дастархан батасы

Батаның бұл түрі ас ішіп болған соң, дастарқанға ризашылық білдіру мақсатында айтылады. Мысалы: «Дастарқаның мол болсын, абыройың зор болсын!» Егер қонақасы лайықты деңгейде болмаса, шешендер батаның мәтініне үй иесінің сараңдығын меңзеп қосып жіберуі мүмкін болған. 

  1. Ізгі қызметке алғыс батасы

Қазақ халқында біреудің жақсылығы мен қайырымдылығы үшін бата беру дәстүрі қалыптасқан. Мұндай баталар мейірімділік пен парасаттылықты дәріптейді: «Бақ берсін, бас берсін, өміріңе ұзақ жас берсін!» деген тілектер адамның ізгі қасиеттерін бағалауға бағытталған. 

  1. Теріс бата

Бұл бата емес, қарғыс пен қатты жаза түрі. «Теріс бата» әдетте баласы сенімін ақтамаған немесе әке-шешесіне қол көтерген жағдайларда айтылған. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында Құнанбайдың қос қолын теріс жайып бата бергені бейнеленген. Мұндай қарғыс ел ішінде өте сирек қолданылған және ұмытылмас таңба ретінде қалған. 

  1. Серттесу батасы

Бұл бата үлкен жиындарда, маңызды келісімдер барысында немесе құдалық кезінде беріледі. Серттесу батасының ерекшелігі – оның соңында қол алысу рәсімі орындалады. Қазақтар сертті бұзуды үлкен қарғыс санап, батаны қасиетті уәде деп есептеген. 

  1. Ас батасы

Бұл ас берілгенде немесе қонақ күткен соң айтылады. Ас батасы дастарқанның берекесін, ырыстың мол болуын тілейді. 

  1. Наурыз батасы

Ұлыстың ұлы күні айтылатын бата. Бұл батада жақсылық, молшылық, тыныштық пен халықтың амандығы тілінеді. 

  1. Сапар батасы

Алыс жолға аттанатын адамға берілетін бата. Мұндай тілектерде жолдың тыныш, сапардың сәтті болуын сұрайды. 

  1. Отбасылық бата

Отбасы мүшелеріне, жаңа түскен келінге немесе жанұядағы маңызды оқиғаларға байланысты беріледі. Мұндай батада отбасының ынтымағы мен берекесін нығайтуға бағытталған. 

  1. Шаңыраққа бата

Жаңа шаңырақ көтергенде, оны берік әрі берекелі етуге арналған батаның түрі. Бұл батада үйдің молшылыққа, амандыққа толуын сұрайды. 

Батаның мәні мен маңызы 

Бата – адамды ізгілікке, мейірімділікке баулитын рухани мұра. «Батамен ер көгереді, жауынмен жер көгереді» деген қанатты сөз оның тәрбиелік мәнін көрсетеді. Бата әдетте көркем тілмен, өлең-жыр үлгісінде, шынайы ықыласпен айтылады. Оны көпті көрген, аузы дуалы қариялар немесе елге сыйлы тұлғалар береді. 

Бата тек қазақ халқына тән құбылыс емес. Фольклоршылардың пікірінше, оның түп тамыры араб тіліндегі «фатеке» сөзінен бастау алады. Бұл сөз алғыс айту немесе ақ тілек білдіру мағынасын береді. Қазақ баталарының поэтикалық, мазмұнды болуы оны айтушының парасаты мен ақыл-ойына байланысты. 

Бата беру – тек қана тілек айту емес, ол қазақ халқының рухани дәстүрін сақтау, адамгершілік пен ізгілікті дәріптеу. Сондықтан ол ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қала береді.

Көбірек оқыңыз