Ақ жол

«Тұсаукесер» – сәбидің алғашқы қадамына арналған ұлттық рәсім. Баланың аяқтарын тобық маңынан айналдырып, кесуге ыңғайлы қылып, жіппен байлайды.

   Ала жіптің мағынасы сәбидің алғашқы қадамынан бастап, оның өмірге деген асыл мақсаттарымен байланыстырылады. Сонымен қатар біздің дүниеміздің екі жақтылығын, яғни жақсы мен жаманның, қараңғы мен жарықтың, күн мен түннің, адалдық пен сатқындықтың, өмір мен өлімнің қатар жүретінін, басқаша айтқанда, инь мен ян бір-біріне қарама-қарсы екі дүние екендігін түсіндіру. Осылайша, адам болмысының мақсаты – қарама-қарсы екі дүниенің бір-бірімен тепе-теңдік пен үйлесім табуы. Қазақ халқында «Біреудің ала жібін аттама» деген нақыл сөз бар, яғни «біреуге зиян келтірме; бөтен адамның еншісіне қол сұқпа» деген мағынада айтылған сөз. Сондықтан да ала жіппен тұсау кесу – адал, таза және әділ өмірге қадам жасауды тілейді.

 Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жерге бесікке дейін» атты кітабында көк шөппен тұсау кесу жаңа туған сәбидің болашағына жақсылық пен жарқын өмірдің сәулесін, келешекте дені сау ұрпақ өніп-өссін деген мағынада айтылған. Ал жіп ретінде мал шектерін пайдалану сәбидің алғашқы қадамдары сәтті болсын, өзі сабырлы, әл-ауқатты, алдағы өмірі жемісті болсын дегенді білдіреді.

 «Тұсау кесу» рәсімі еліміздің әр өңірінде әртүрлі өткізіледі, бұл сол өңірдің жергілікті ерекшеліктеріне байланысты. Дегенмен, салт-дәстүрлер өзіндік киелі қасиетке ие болғандықтан ғана емес, олар ата-бабамыздан қалған асыл мұра болғандықтан, біз оларды қастерлеуге, естен шығармауға міндеттіміз. 

Ата-бабамыздың бізге жеткен нақыл сөздері мен қазіргі заманның шындығын айқындайтын пайымдардың тепе-теңдік табуы өте маңызды. Мысалы, бәзбіреулер болашақтағы қарама-қайшылықты болжай отырып, қайшымен тұсау кесуге қарсылық білдіреді; ал кейбіреулері керісінше, дәстүр бойынша пышақ сыйлауға болмайтындықтан, ата-аналары әдейі жаңа қайшы сатып алып, тұсау кесу рәсімі өткеннен кейін, оны қуанышты күннен естелік ретінде қалдырады.

Кейбір адамдар ақсақалдар мен қарттардан баласының, немерелері мен шөберелерінің ұзақ өмір сүруі үшін тұсауын кесуін өтінеді. Ал кейбіреулері бұл құрметті істі қарттарға емес, баланың тезірек жүріп кетуі үшін жас және жігерлі адамдарға тапсырған жөн деп санайды. Біреулер ұлдардың тұсауын ер адамдар, ал қыздардікін әйелдер кесуі керек деген түсінікте. Көптеген ата-аналар бұл туралы алаңдамай, лайық деп тапқан адамды таңдай береді.

Қазақтың ежелгі салт-дәстүрлерін сақтап келе жатқан біздің замандастарымыз сәбидің биологиялық және физиологиялық өзгерістерін ескеретін этникалық әдет-ғұрыптар оның өмірлік ерекшеліктерін дамытатынын, кейіннен баланың жеке басының рухани қалыптасуына әсер етіп, дүниетанымын, ой-өрісін қалыптастыратынын, сондай-ақ жеке тұлға ретінде ментальды және рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыратынын айтады.

 

  1. Тұсау кесу. Тұсау кесу салт дәстүрі туралы толық ақпарат. – 2015 //https://surak.baribar.kz/570206/
  2. Кунанбаев Абай. Избранное. – М.: Художественная литература, 1981. – 185 с.
  3. Тажибаев Т. Т. Педагогическая мысль в Казахстане во второй половине ХIХ в. – Алма-Ата, 1969. – С. 60.
  4. Кожахметова К. Ж. Особенности этнокультурного развития ребенка в традиционной системе воспитания казахов. – Алматы, 2012. //https://www.rusnauka.com/14_ENXXI_2012/Pedagogica/2_110538.doc.htm.
  5. Курбаналиева М.К. Психолого-педагогическое сопровождение воспитанников с делинквентным поведением в закрытых учреждениях. - дис. ... док. психол. наук. – Алматы, 2016. – 207 стр.

 

Автор: Мадина Курбаналиева, @madina_kurbanali

Аударған: Мөлдір Адамжан 

Көбірек оқыңыз