Ақсақ анадан туған қай би?
Қазақ халқының тарихында ел тағдырын шешкен, үш жүздің атынан сөйлеген Қаз дауысты Қазыбек би ерекше тұлға ретінде аталады. Оның би әрі шешен болып қалыптасуына ата-анасының тектілігі мен рухани тәрбиесі үлкен әсер еткен. Қазыбектің әкесі — Келдібек би, Арғынның Қаракесек руынан шыққан, өз заманында әділдігімен, парасатымен, шешендігімен елге танылған адам.
Халық аузындағы деректерге сүйенсек, Келдібек би отыз жасқа дейін үйленбей жүрген. Себебі, әкесі түсінде оған ерекше аян беріп, болашақ жарының бейнесін көрсеткен екен:
«Сен қатын алмайсың, ешбір әйелге көзіңді салмайсың. Сенің бағың ұзын бойлы, сары қызда. Оң аяғы сәл ақсақ, оң жақ құлағының түбінде танадай меңі бар, екі емшегінің ортасында алақандай қалы бар. Сен соған үйлен» — депті. Бұл аянды Келдібек би жадында сақтап, тағдыр жазған сәт келгенше күтеді.
Сөйтіп, бір күні Келдібек сапар үстінде дәл сондай қызға жолығыпты. Аты — Тоқмейіл. Кездесіп, сөйлесіп, мінезіне риза болып, үйленбек ниет білдіреді. Бірақ ауыл-аймақ күңкілдеп «Ой, басқа сұлу қыздар тұрғанда, неге ақсақ қызды аласың?», — дегенде Келдібек ел алдында өзінің таңдауы сұлулықта емес, ақыл мен адамгершілікте екенін ашық айтқан екен:
«Қаймағын піскен сүттің алдым қалқып,
Аяғы ақсақ болғанмен, ақылы артық.
Көзі қыли, сөзі мен ісі түзу.
Сөйлескеннен өн бойым кетті балқып».
Келдібектің құрбы-құрдастары бір күні оның шаңырағына жиналып, жаңа түскен жас келіншекті көрмек болады. Алайда кейбіреулері сырт келбетіне қарап мысқылдап, кекесін сөз айтып, келемежге айналдыра бастаған екен. Мұндай жағдайда көп әйел ренжіп, не жауап қайтарар еді, бірақ Тоқмейілдің мінезі бөлек болған. Ол ешкімге қарсы сөз айтпай, ешкімді ренжітпей, сабырмен әрі сыпайылықпен былай деп өлеңдетіп жауап беріпті:
«Көзім қыли, жасырмаймын, ақсақпын,
Келдікеңмен сондай тату, жақсы-ақпын.
Татулықтың белгісіндей тамаша,
Төрт Бошанды билейтін ұл таппақпын»
Бұл сөзді естіген жұрт бір сәтке үнсіз қалады. Келіншектің бойындағы тапқырлық пен биік парасатқа таң қалып: «Бұл тегін адам емес екен, қалжыңды қояйық», — десіпті.
Ел ішінде сақталған деректерде Тоқмейіл мен Келдібектен алты ұл дүниеге келгені айтылады: Қазыбек, Сәдібек, Асан, Балапан, Үсен, Бөдене. Халық оларды «Ақсақтың алтауы» деп атаған. Бұл атау олардың анасына деген құрметтен туған.
Тоқмейілдің әр баласына айтқан батасы мен болжамы да халық жадында сақталған. Мысалы, Қазыбек туғанда ол: «Айналып-толғанып өсірсем, ақ сүтімді кешірсем, адалдан болар нәсібің, тіліңнен болар кәсібің» — деген. Бұл сөз кейін шындыққа айналып, Қазыбек би шешендігімен елге танылған.
- Сәдібекке «Осы шіркін ызақор болар, емшегімді емерде, ашуланып тырналаушы еді»,
- Асанға «даңғой боларсың»,
- Балапанға «шешен боларсың»,
- Үсенге «кербез боларсың»,
- Бөденеге «батыр боларсың» деп айтқан.
Бәрі сол дауагер анасының айтқанындай боп ержетіпті. Қазыбек би жастайынан зерек, ойлы болып өскен. Аңыз бойынша, оның тілі кеш шыққан екен. Осыған орай кейбір ауыл адамдары Тоқмейілге: «Мына балаң мылқау ма?» — деп тиіскенде, ол сабырмен:
«Жоқ, бұл балам ойланып жүр. Кейін сөйлегенде қазақ бұрын естімеген сөз естисіңдер. Ал одан кейін де сондай сөзді ести алмайсыңдар», — деп жауап берген. Анасының осы көрегендігі ұлының болашақта шешендік пен көсемдік жолына түсерін алдын ала сездіргендей.
Қорытындылай айтқанда, Қазыбек бидің тұлға ретінде қалыптасуына оның шыққан тегі, ата-анасының парасаты, ананың батасы мен әкенің өнегесі зор ықпал еткен. Тоқмейіл ананың даналығы мен Келдібек бидің әділдігі — қазақ қоғамында ұлт рухын қалыптастырған тектілік пен адамгершіліктің көрінісі.
Ал сіз болашақ жарыңызды түсіңізде көрдіңіз бе?