Баланың бөтені жоқ, жүрегің кең болса жеткілікті

Нұрболат Смағұлов пен Назгүл Идирисова  – бес баланы өсіріп, бір қызды бауырына басып, асырап алған ата-ана мен белгілі кәсіпкерлер. MUSEOFNOMAD-қа берген сұхбатында олар өздерінің отбасылық өмірі мен бала асырап алу жөнінде қалай шешім қабылдағаны туралы айтып берді.

Назгүл:

Біз көпбалалы болуды шаңырақ көтермей тұрып армандаған едік. Барлық отбасы мүшелерімен бірге дастархан басына жиналып, дидарласудан асқан бақыт жоқ. Ең үлкен сый да, ең мықты күш те – отбасы. 

Бүгінде ерлі-зайыпты болғанымызға 12 жыл болды, 6 баланың ата-анасымыз. Арамыздағы берік махаббат пен сыйластықтың арқасында отбасылық өмірде де, кәсіпте де иық тіресіп, қатар келеміз. Бастысы, ең үлкен арманымыздың бірі – «кіп-кішкентай періште қызды өгейсітпей, бауырымызға басу» бақыты бұйырды. Шаңырағымыздың кенжелері Назима мен Назэль біз үшін егіз қозыдай. Нәсілі де, ұлты да бұл ойымызды өзгерте алмайды.

Менің есімім – Назгүл. Атам мен әжемнің тәрбиесінде, көпбалалы отбасында туылған 8-перзентпін. Қазағымның салт-дәстүрлерін кішкентайымнан көзбен көріп өскендіктен болар, дастархан басында арқа-жарқа болып, «балалы-шағалы» болуды армандадым. Жасым 32-де. Алланың берген 5 перзенті және өзіміз сұрап алған қызымызбен 6 баламыз бар. Отбасымыздың шаттығы мен берекесінің жыл санап артуы осыдан 12 жыл бұрын жасаған ең ізгі таңдауымның арқасында. Жалпы, адам баласы екі таңдаудан жаңылмауы керек: алғашқысы – мамандық, екіншісі – жар таңдау. Өзімді жолы болғыш жандардың қатарына жатқызатыным – осы екеуінде де дұрыс шешім қабылдай білгендіктен деп санаймын.

Жолдасым Нұрболат – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қызылордалық жігіт. Әлеуметтік желіде онлайн байланыстың бастауы болған «Агент» қосымшасы арқылы танысқан едік. Мамандықтарымыздың да, көзқарастарымыздың да ұқсастығы болар, біз тағдырымыз тоғысатынын анық ұқтық. Ол банк саласы, ал мен есеп бойынша білім алдым. Отбасын құрмай тұрып армандарымыздың ортақ екені бізді қуантатын. Екеуміздің де сәби асырап алғымыз келетін. Үш жылдық еңбегіміздің арқасында бұл ниетімізге де жеттік. Сертификатты қолымызға алған соң, көп күттірген сәт те келді. Бізге Назэльді ең алғаш көру бақыты бұйырды. Бір қызығы – анкетасында тек диагнозы, жасы және ұлты көрсетілген еді. Суретінің жоқтығы біз үшін маңызды болмады. Тек барғаннан кейін ғана оның қара нәсілді екенін білдік. Ең басында өтініш бергенде, біз ұлты маңызды емес деп толтырғанбыз, мүмкін, іштей сезген де шығармыз. Қабылдаушылардың өзі «мүмкін, ойланарсыздар, қазақ бала іздерміз» деп, райымыздан қайтармақ болды. Бірақ жолдасым да, мен де сәбиді отбасылы болу бақытынан айырғымыз келмеді. Сөйтіп қара домалақ қызымды қолыма алған сәттегі ішімдегі толғаныс, аналық махаббатым ең дұрыс шешім қабылдағанымды ұқтырды. Аналық парызымды орындап, ақ сүтімді бердім, кенжем Назима екеуінің арасы қатты алыс емес. Сондықтан Назэль менің өз қызым деп сеніммен айта аламын. Небәрі 3 айлығында бауырыма басқан қызымыз жақында 1 жасқа толды, қазақтың салтымен тұсау кесер рәсімін жасадық. Назима мен Назэльдің қадамдары ақ болсын деген ниетпен жақындарымыздың басын қосып, ақ батасын алдық.

Көпбалалы ана болған соң, оның үстіне аралары жақын болғандығы балабақша таңдауға келгенде біршама уайымға салды. «Шынымен сеніп тапсыра аламын ба, күтімі қалай болады, ауырып қалса ше?» деген қорқыныштарым өзіміз балабақша ашсақ деген ойға әкелді. Жолдасым бұл жолы да мені қолдады. Нәтижесінде қазір 2 жеке меншік балабақшамыз бар. Одан бөлек қызмет көрсету саласында бір кәсібіміз бар. 

Отбасылық өмірдің өзіндік қиындықтары болатындығына қарамастан, жұбайлар арасындағы осы бір сыйластық шынайы үйлесімдікке қол жеткізуге көмектеседі. Отбасы – екеуінің кішкентай мемлекеті екенін, барлығына өздері ғана жауапты екенін екі жас ұмытпауы керек. Екі жақтың туыстарын теңдей көріп, бір бағытта, бір арман-мақсаттың жолында қол ұстасып қатар жүрсе – шынайы бақыт деген осы. 

Нұрболат:

Менің Назгүлге ғашық болуыма себеп болған – оның осы бір болмысы еді. Ол қонақжай, жүрегі де, пейілі де кең, жаныңа нағыз жылулық сыйлап, тыныштығыңның тұрағына айналатын әйел. Әркез ер азаматым деп сыйлап, қызбалығымды сабырлығымен, нәзік үнімен, күлкісімен жеңе білген жан. Осы 12 жыл ішінде дауыс көтеріп, жанжалдасқанымыз есімде жоқ. Бұл тікелей әйелімнің мінезінің арқасында. Мен 4 қызы бар әкемін және олардың аналары сияқты байсалды, сабырлы, инабатты болуын армандаймын. Қыз бала тәрбиесіндегі ең маңызды дүние – көркем мінез. Бала – үлкен жауапкершілік. Ұлдарымның атқа қонар азамат болулары үшін, ер мінезділік пен адамдықты бойларына қатар сіңіруі үшін өзім үлгі болғым келеді. Себебі бала естігенін емес, көргенін істейді.

Назэль – қазақ қызы. Ол біздің топырағымызда, қазақы ортада, тамаша табиғатымыз бен салт-дәстүрлеріміздің ортасында бой жетіп келеді. Ол біздің тарихымыз бен әдебиетімізге сусындап өсуі үшін, ата-анасы ретінде барымызды саламыз. Бұл ана жүрегі мен әке махаббатының жемісі болды. Жетімін жылатпаған дана халқымыздың дара жолын жалғастыру – біздің парызымыз. Кішкентай мемлекетіміздің тұрғындарын жан-жақты дамытып, өмір жолында серік болар асыл қасиеттерін шыңдауға тырысамыз. Баланың бөтені жоқ, жүрегің кең болса жеткілікті.

 

Автор: Мөлдір Адамжан

Фото: Айдын Ахмет @aidyn_ahmet

Көбірек оқыңыз