Барыс жылы туған қазақ мәдениетінің көрнекті тұлғалары
Жаңа 2022 жыл – барыс жылы. Барыстар өздерінің күші мен тәуекелге бейімділігімен ерекше. Жер бетіндегі басқа бірде-бір жануар соншалықты сұлулықты, күш пен энергияны бойында ұштастырмаған шығар. Бұған қоса олардың батылдығы өздеріне ғана тән айырықша қасиеттерді толықтырады. Біздің редакция барыс жылы туған қазақ мәдениетінің көрнекті тұлғаларының тізімін дайындады.
Ғабиден Мұстафин (1902–1985) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі. Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Оның шығармалары туған өлкесінің тарихы мен бастан кешкендерін, халқының тағдыры мен өмір жолын шебер суреттейді.
Ғабит Мүсірепов (1902–1985) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, әдеби сыншы, аудармашы, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Абай атындағы және Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты.
Сәбира Майқанова (1914–1994) – актриса, Қазақстан және КСРО халық әртісі. Ол көптеген замандастарының образын сомдап, бір қатар рөлдерде ойнады. Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-ана» шығармасында сомдаған анасы Толғанайдың рөлі ерекше қошаметке ие болған. Осы рөлі үшін оған ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығы берілген. Ол 1936 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. "Махаббат туралы Поэма", "Қыз жігіт", "Қыз Жібек", "Мерекелік үш күн", "Адамды қабылдаң!" және т.б. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.
Алла Илчун (Ершін) (1926–1989) — аты аңызға айналған Париж моделі, оның фотосуреттері бірнеше ондаған жылдар бойы француз және шетелдік газеттер мен сән журналдарының мұқабасынан түспеген. . Кристиан Диордың музаларының бірі. Б. Иришевтың Алла Илчун туралы «Dior музасы. Алла Илчунның тарихы» атты кітабы жарыққа шықты.
Фатима Балғаева (1926 –2005) — қобызшы, Қазақстанның халық әртісі. 1942 жылдан Қазақ халық аспаптар оркестрінде өнер көрсеткен. Музыкалық жолын домбырашыдан бастап, кейіннен қобыз тартқан. Алматы консерваториясын бітірген. 1960 жылдан консерваторияда сабақ берген, 1978 жылы профессор болды. Фатима Балғаева аса шебер қобызшы ретінде халықтың ән, күйлерімен бірге Қазақстан композиторлары мен Батыс Еуропа классиктерінің шығармаларын төрткүл дүниеге таратты. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Кәсіби қобыз өнерінің негізін қалаушы, қобызды әлемге паш еткен қобызшы ұстаз.
Асқар Сүлейменов (1938–1992) – жазушы, әдебиет сыншысы, драматург. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ол ұлттық рухани жаңғыруға, ойдың, өнердің түлеуіне үлкен үлес қосқан санаткер тұлға. Өз кезеңінің рухани көшбастарларының бірі болған ол қай жерде қызмет етсін мейлі, қашанда ұлттық мүддені ту етті. «Қазақфильм» киностудиясында оның сценарийімен «Адамдар мен арғымақтар», «Құлагер» фильмдері түсірілді, ол «Қыз Жібек» фильмінің редакторы ретінде көп жұмыс тындырды, М.Әуезов театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен жылдары ұлттық классиканың жаңаша интерпретациялануына үлес қосты.
1. https://www.inform.kz/kz/mustafin-gabiden_a2290800
2. https://www.inform.kz/kz/musirepov-gabit-mahmutuly_a2226873
3. https://adebiportal.kz/kz/authors/view/2350
4. https://kk.wikipedia.org/wiki/Алла_Илчун
5. https://kk.wikipedia.org/wiki/Фатима_Жұмағұлқызы_Балғаева
6. https://kk.wikipedia.org/wiki/Асқар_Сүлейменов
Автор: Мөлдір Адамжан
Фото: баспасөз қызметтерінің мұрағатынан