«Белгісіз қазақ» блогы
Диас Камеридановтың unknownkazak атты блогы Instagram желісінде қазақ болмысы туралы тақырыптарға терең бойлауының арқасында танымалдыққа ие болды.
Блог авторы бұрын белгісіз болған тарихи фактілерді тауып, аналитика жүргізумен және өзгеше контент жасаумен ерекшеленеді.
– Сіздің блогыңыз unknownkazak деп аталады. Қазіргі таңда «белгісіз қазақты» әлемге қалай танытуға болады? Неліктен дәл осындай атауды таңдадыңыз?
– Біз бұл атауды әйеліммен бірге ойлап таптық, өйткені бастапқыда блогты анонимді түрде жүргіздік. Аватарда әлі күнге дейін темір бетперде киген қыпшақ жауынгерінің суреті тұр. Мен де фильмдердегідей темір бетперде киіп, тарихи әділетсіздікке қарсы «күрес» бастадым. Танымалдылыққа ие болудың арнайы бір құпия ингредиенті жоқ. Өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысқан кезде оған қажетті уақыт бөлесің, кез келген жағдайда нәтижеге жетесің. Әсіресе қалау мен тәртіп қатар жүргенде.
– Unknownkazak блогының сипаттамасында «қазақ әлеміне ғашық етемін» делінген. Қазақ халқы қандай қасиетімен ғашық етеді деп ойлайсыз?
– Кеңпейілдігімен. Философиясымен.
– Заманауи қазақтың сипаты қандай?
– Оның білім деңгейі жоғары, ана тілінен бөлек ағылшын, орыс және қосымша шет тілдерін меңгерген. Өзінің ата-тегін жақсы біледі, ұлтық болмысынан алшақтамайды, әлемге ашық, заманауи трендтерден хабардар.
– Сіздің ойыңызша, біздің менталитетіміз қандай? Біз қандаймыз?
– Біз пассионарлық ұлтпыз. Біздің потенциалымыз өте жоғары және рухымыз мықты. Бағынышты емеспіз, еркінбіз. Тек сол энергиямызды дұрыс бағытқа бұрсақ, бүкіл әлем біздің еліміз туралы білетін еді.
– Сіздің Instagram блогыңызды 125 мың жазылушы оқиды, блог жүргізу оңай емес. Бүгінде қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіз? Блог сізге не берді?
– Рухани үндес, көзқарастарымыз ұқсас жандарды таптым. Жазудан, видео түсіруден және өзгелерден ерекше өмірлік тәжірибелеріңізбен бөлісуден қорықпаңыз. Өз аудиторияңыз табылары анық.
– Біздің журнал Museofnomad деп аталады, ол «Көшпенділердің музасы немесе шабыты» деп аударылады. Көшпенділер шабытты қайдан алды деп ойлайсыз?
– Ғарыш, табиғат және танымдылыққа деген ұмтылыс.
Сұхбаттасқан: Газиза Габи
Аударған: Мөлдір Адамжан
Суреттер: Диас Камеридановтың жеке мұрағатынан @unknownkazak