Біздің күшіміз бірлікте
Жаңа жылдың алғашқы аптасы еліміз үшін айтарлықтай оңай болмады. Бейбіт митингтен басталған алаңдағы наразылықтар жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Халықтың басты мақсаты елдегі жағдайды жақсарту емес, жақсарту болды. Алайда, нақты жоспар мен тәртіптің болмауының салдарынан Қазақстанның бірнеше қаласында мемлекеттік мекемелер мен ғимараттар отқа оранды. Дәл осы сәтті теріс пиғылда пайдаланғандардың қасақана әрекеттерінің салдарынан көк аспанымызға қара бұлт үйірілді. Полицияға жасалған шабуылдар, тонау және адам шығыны Қазақстанға ҰҚШҰ күштерінің кіруіне алып келді. Бүгінде бүкіл ел бойынша жағдай тұрақтанды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев орын алған оқиғаларды мемлекеттік төңкеріс әрекеті деп сипаттады. Оның айтуынша, бірыңғай орталықтан ұйымдастырылған тәртіпсіздіктер бір уақытта Қазақстанның 11 облысын, 9 облыс орталығын және еліміздің ең ірі қаласы Алматыны қамтыды. Сонымен қатар, аталған аймақтарда бір уақытта аймақтық билік, құқық қорғау органдарының ғимараттарына, тергеу изоляторларына, стратегиялық нысандарға, банктерге, теледидар мұнаралары мен телеарналарға шабуыл жасалды, әуежайлар басып алынды, автомобиль жолдары мен темір жолдар жабылды, жедел жәрдем мен өрт сөндірушілердің жұмысы бұғатталды. Қару-жарақ пен әскери техниканы иемдену мақсатында әскери бөлімдер мен әскери блокпосттарға шабуыл жасалды. Өкінішке қарай, халықтың тыныштығы үшін адал қызмет еткен бірқатар полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер қаза тапты. Бұл бір отбасының ғана емес бүтін елдің орны толмас өкінішіне айналған қаза.
Қазақ хандығынан бастап қазақ халқының басынан небір сұрапыл күндер өтті. Еліміз қазіргіден де қиын күндерде де еңсесін тіктеп тек алға жылжумен болды. Ұлы даланың рухы қашанда бізді әркез бізді қолдаумен болған, сондықтан бұл жағдайды да еңсеретіні анық. Бастысы біздің күшіміз бірлікте екенін естен шығармайық. Museofnomad редакциясы республикадағы тәртіпсіздіктер нәтижесінде қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Сондай-ақ, сіздерді азаматтық парызыңызды естен шығармауға, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсетуге шақырамыз. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз, туған жеріміз және ата-бабаларымыздан қалған «аманат».
Автор: Мөлдір Адамжан
Фото: баспасөз қызметі мұрағатынан