Бүгінгі еркін Қазақстан үшін күрескен кім?

Қазақстанның құқықтық тарихында, ел тәуелсіздігі мен Республика күні ұғымының терең мазмұн алуында Салық Зимановтың еңбегі орасан. Ол – заң ғылымдарының докторы, профессор, академик, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық құқық мектебінің негізін қалаушы тұлға.

Салық Зиманов 1921 жылы 19 ақпанда қазіргі Атырау қаласында дүниеге келген, Шеркеш руы, Байұлы тайпасының өкілі. Оның әкесі Зиман Жарылқасынұлы — көзі ашық, бірнеше шет тілін меңгерген, білім мен мәдениетті жоғары бағалаған азамат болған. Осындай рухани ортада тәрбиеленген Салық жас кезінен ғылымға, әділдікке және елге қызмет етуге ұмтылды. Балалық шағы ашаршылық пен зұлмат жылдарымен тұспа-тұс келіп, халықтың қасіретін көзімен көрген ол кейін ел тағдырын заңмен қорғауды өмірлік парызы санады.

1939 жылы ол Кеңес армиясының қатарына шақырылып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысады. Оңтүстік-Батыс, Воронеж және 1-ші Украин майдандарында шайқасып, Буг, Днепр, Одер өзендерін кешіп өткен. Батырлық пен ерлік көрсетіп, бірнеше орден-медальдармен марапатталды. Соғыстың соңын Эльба өзенінде, одақтас әскерлердің кездесуі кезінде қарсы алған.

1946 жылдан бастап құқық саласында еңбек етіп, 1961 жылы докторлық диссертация қорғады. Ол – Қазақ КСР Ғылым академиясының алғашқы заңгер-академигі, ҚазҰУ заң факультетінің тұңғыш деканы, Философия және құқық институтының алғашқы директоры. Зимановтың жетекшілігімен ондаған ғалым өсіп шықты, Қазақстанда кәсіби заң ғылымының іргетасы қаланды.

Ғалым қазақ мемлекеттілігінің терең тамырын зерттеді. Оның «Қазақ билер соты – ерекше сот жүйесі», «Ресей және Бөкей хандығы», «XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың қоғамдық құрылымы» сияқты еңбектері ұлттық құқық тарихының алтын қазынасына айналды. 200-ден астам ғылыми еңбек, 12 монография жазған.

1990-жылдары ел тағдыры шешілер сәтте Салық Зиманов жаңа мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастыру ісіне белсене кірісті. Ол:

  • 1990 жылғы Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны әзірлеген комиссияны басқарды;
  • 1991 жылғы “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заңды дайындауға қатысты;
  • 1993 жылғы алғашқы Конституцияның жобасын әзірлеген сарапшылар тобын басқарды;
  • Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде еліміздің болашағын айқындаған шешімдердің басында тұрды.

Дәл осы еңбектің арқасында Қазақстан Республика мәртебесін алып, мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Сондықтан бүгінгі Республика күні – Салық Зиманов сияқты тұлғалардың ұлт алдындағы тарихи еңбегінің нәтижесі.

Қоғам қайраткері Абзал Құспанның сөзімен айтқанда:

«Жоғарғы Кеңестің сол күнгі тарихи сессиясындағы алты сағаттан асқан қып-қызыл шайқаста 85 депутаттың құйтырқы сұрақтарына жасы жетпіске келген Зиманов ақсақалдың табанынан тік тұрып, тойтарыс берген ерлігін қалай-қайтіп ұмытуға болады?!»

Академик Салық Зиманов 2011 жылы 4 қарашада, 90 жасында дүниеден өтті. Бірақ оның есімі мен еңбегі Қазақстан тарихында мәңгі қалды. Ол – қазақ құқық ғылымының алтын көпірі, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының заңдық іргетасын қалаған тұлға.

Республика күні – Салық Зиманов сияқты тұлғалардың ерлігі мен еңбегінің нәтижесі. Ол ел егемендігін тек заңмен емес, рухымен қорғаған адам еді.

тұлға
Көбірек оқыңыз