Дала сотында құн қанша?

Қазақ қоғамында құн – адамның өмірі үшін берілетін өтеу, құқықтық әрі моральдық жауапкершіліктің белгісі. Ал сол жауапкершіліктің жазбаша көрінісі – «Жеті жарғы» еді. Ол кек алуға емес, әділет орнатуға бағытталған. Қанның да салмағы, құнын өлшейтін межесі болған. Құн — тек қылмысты мойындататын жаза ғана емес, жұрттың арасын жарастыратын мәміле де болды.

Тәуке ханның «Жеті жарғысы» тек ру аралық дау немесе жер дауын шешуге ғана емес, қылмыстық істерге де үлкен орын берілген. Кісі өлтіру, әйел зорлау, ұрлық, қорлау, ауыр соққы, тіпті құдайға тіл тигізу де заң аясында қаралған. Әрбір әрекеттің өзіне лайық жазасы болған:

Ер адамның құны – 100 жылқы не 1000 қой

Әйел адамның құны – 500 қой

Сұлтан, төре, қожа тұқымын өлтірсе – 7000 қойға дейін

Құлдың құны – бүркіттің немесе тазы иттің бағасына тең

Бас бармақ зақымы үшін – 100 қой

Шынашақ зақымы үшін – 20 қой

Көзін шығарса – қызын береді, қызы жоқ болса, қалыңмал береді

Сұлтан не қожаға тіл тигізгені үшін – 9 мал

Қол жұмсаған жағдайда – 27 мал төленген

Ұрланған зат үшін – «үш тоғыз», мысалы:

ұрланған 1 түйе үшін – 3 жылқы

1 жылқы үшін – 3 сиыр

1 сиыр үшін – 3 қой қайтарылған.

«Жеті жарғыда» құн мен өлім жазасынан бөлек те түрлі жаза түрлері бар:

  • Әкесіне қол көтерген ұл қара сиырға теріс отырғызылып масқараланған.
  • Ата-анасына дауыс көтерген қыздың жазасын шешесі шешкен.
  • Күйеуін өлтірген екіқабат әйел елден қуылған.
  • Христиан дінін қабылдаған адамның мал-мүлкі тәркіленген.
  • Құдайға тіл тигізген адам жеті куәгердің сөзімен анықталып, таспен атылған.

Құн мен қан – екеуі екі бөлек сөз емес, бір ұғымның екі замандағы көрінісі. Қан төгілсе, құн сұралады. Бұл – әділеттің бір формасы, қоғамдағы жараны сөзбен, малмен, мәмілемен жамау жолы. Бүгін біз бұл сөзді қанша қолдансақ та, оның ар жағындағы мағыналық тарихты еске ала бермейміз. Ал шын мәнінде, құн деген – ұлттың құқықтық танымы мен мораль өлшемінің бір үзігі. Қанмен келген сөз — нарықта ғана тіршілік етіп жүр.

тарих
Көбірек оқыңыз