Домалақ ана – тектілік пен даналықтың бейнесі
Ұлы даламыздың тарих қойнауында көрегендігімен, даналығымен ерекше құрметке ие болған аналар жетерлік. Олар ұлттың ұйытқысы болып, ұрпақ тәрбиесінде аянбай еңбек етті. Олардың көпшілігі көшпенділердің музасына айналып, жаңа жеңістер мен жетістіктерге шабыттандыра білді. Бүгін біз бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен, аты аңызға айналып, ел жадында мәңгілік сақталған әйел тарихы туралы баяндаймыз.
Бәйдібек бидің кіші әйелі Нұрила – ұлы аналардың көшін бастап тұр. Оны халықымыз ұлт анасы деп бағалап, ерекше құрметтеген. Ел арасында «Домалақ ана» аталып кеткен ол – тектілік пен даналықтың бейнесі.
Аңыз бойынша, Ұлы жүз, Албан, Суан және Дулат Домалақ ананың немере ұрпақтары.
Нұрила 1378 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Ол Қожа Ахмет Яссауидің мазарындағы шырақшы болған Шайхы Мизамбектің қызы еді. Бәйдібек бимен таныстығы туралы ел арасында бірнеше аңыз бар. Солардың бірінде, «Түркістанға әйгілі қазақтан шыққан сопының мазарын көру үшін келген Бәйдібек би Домалақ ананы сонда алғаш кездестіреді. Нуриланың өткір ойы мен әдептілігі оны ерекше таң қалдырады. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі бір сәуегей: «Осында бір айналасына нұр шашып жүретін, құдайдың рақымы мен мейіріміне бөленген бір қыз бар, соны әйелдікке алыңыз», - деп кеңес береді. Бәйдібек би оның кеңесіне құлақ асып, көп ұзамай Нұрилаға үйленеді» делінген.
Осы оқиғаның тағы бір нұсқасы бойынша: «Ортағасырлық шежірелер бойынша Нұрила Бәйдібек бидің үйінде күң болған. Құдықтан су алмақшы болып жатқанда қыз байқаусызда құлап кетеді. Бидің қызметшілері көп болса да, жылқыларды өзі суаратын әдеті болған. Үйірді айдап апарып иіріп, құдыққа үңілгенде түбіндегі Нұриланы көреді. Қызды құтқарып алады, сол сәтте ғашық болады. Нұрила Бидің үшінші әйелі болып, оның ұрпағын жалғастырады».
Неліктен «Домалақ ана» аталғанын нақты ешкім білмейді. Бір нұсқа бойынша, «домалақ ана» сөзі парсы тілінде «дихнат ана», яғни «қасиетті анна» дегенді білдіреді.
Домалақ ананың ұрпақтары ақыл-парасатымен, білімімен ерекшеленіп, халықты да басқарған. Сонымен, оның баласы Жарықшақ Ташкент әмірінің кеңесшісі болды, кейінірек ол Жетісудың билеушісі, содан кейін Есенбұға ханның бас уәзірі болған.
Қазақ халқы көрегенді әйелдерді бұрыннан ерекше бағалаған. Олардың кеңесіне құлақ салып, ақылын тыңдаған. Бұл көшпенділер әйелдерінің даналығының дәлелі. Нұрила ақылды, парасатты және ықпалды болғандықтан, оның ақыл-кеңесіне міндетті түрде құлақ асып отырған. Оның үстіне ол өте көреген еді. Күйеуіне айтқан сәуегейлігі туралы да аңыз бар: «Бірде Қаратау жотасының етегінде орналасқан Бәйдібек ауылына жау шабуыл жасап, оның мыңдаған жылқыларын ұрлап әкетеді. Бұл кезде Бәйдібек пен басқа да жігіттер ауылдан алыста еді. Шабуыл туралы хабарды естіген Бәйдібек қол жинап, үлкен әйелі Сары Байбишенің алты ұлымен бірге іздеріне түседі. Бір заматта ұрланған мың жылқыдан мінілмеген бір асау жылқы қайтып келеді. Ол ат Домалақ ананың киіз үйінің жанындағы кермеге байланады. Бәйдібекке хабар жіберген Домалақ ана: «Жаудың артынан жүрмеңдер, айғыр бізде қалды. Алты күн өткеннен кейін, асау үйір өзіңе қайтып келеді. Балалар аман оралсын. Тілегім осы», - дейді. Бірақ батыр әйелін тыңдамай, жауға қарсы аттанады. Күйік асуынан жауды қуып жетіп, шайқасқа қосылады. Алайда жақсы қаруланған жау Бәйдібектің тобын жеңеді. Бұл шайқаста оның алты баласы бірдей қайтыс болады. Оларды Үшқарасай аңғарына жерлеп, би үйіне қайтады. Алты күн өткен соң, үлкен үйір жылқы үйге қайтып келеді. Бәйдібек би Нұрила ананың сөзіне құлақ асқанда, оның балалары аман қалар еді... Домалақ ананың көптеген болжамдары орындалған еді.
Домалақ ана қазақ халқының есінде қарапайым, сүйікті, жанашыр ана ретінде қалды, ол барлық бала атаулыға мейірімін төккен. Даналығының арқасында ол жауласқан тайпаларды татуластырды. Бүгінде ол тектілік пен даналықтың бейнесіні айналды.
Аңыз бойынша, Домалақ ана қайтыс болар алдында жақындарына былай деген: «Байдібектің жанына мені жерлеп, әуре болмаңдар. Ақ түйеге менің сүйегімді салып, артынан жүріңдер. Түйе шөккен жерге жерлеңдер». Оның балалары айтқанын бұлжытпай орындайды. Түйе Қос Бөген өзенінің сағасына тоқтады. Осында оны жер қойнына тапсырады. Немересі Дулат Бұхарадан Абдулла Шери ұстаны алдырып, Домалақ ананың басына төрт қанатты, төбесі күмбезбен көмкерілген кесене тұрғызады.
Кесене 1456 жылы салынды. Ол кезде бұл күмбезі бар төрт қабырғалы мазар болды. Домалақ ана кесенесі бірнеше рет бұзылып, қайта өңделген және қазіргі уақытқа дейін оның өзіндік бейнесі, өкінішке орай, сақталмаған. Кесене XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қайта тұрғызылды. Мазар кіре берісіндегі қабырғада қазақ тілінде былай деп жазылған: «Ақсұлтан қызы, Бабыжар Ұлы Ана құрметіне салынған ескерткіш». Кесене сәулетші С. Тоқтамыстың жобасы бойынша 1996 жылы жасалған күрделі жөндеуден кейін қазіргі заманғы түрге ие болды. Қалпына келтіру үшін сәулетшіге Маңғыстаудан жеткізілген ақ тастар қажет болған.
Бүгінде Домалақ ана кесенесі Түркістан облысының басты көрікті жерлерінің тізіміне енген және туристер арасында үлкен танымалдыққа ие. Жергілікті тұрғындар бала сүюді армандаған талай отбасы осында келіп, әулиеден бала сұрап, кейін армандарына жеткендері туралы ғажайып оқиғаларды айтады.
Домалақ ана өмір сүргеннен бері көп уақыт өтсе де, халық арасында әулие болып танылған ананың кесенесіне барар халықтың қарасы үзілер емес.
Автор: Мөлдір Адамжан
Иллюстратор: Асем Омарова, @assem.dreamer
Суреттер: баспасөз қызметі мұрағатынан