Домалақ ананың қасиеті неде? Албан, Суан, Дулат тайпалары кімнен тараған?

Домалақ ана (шын есімі – Нұрила) – қазақ халқының тарихындағы ең қасиетті аналардың бірі. Ол Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гауһардан тараған Мақтым Ағзам қожаның жалғыз немересі. Әкесі Әли Сыман Моғолстан ханы Уәйіс ханның әпкесі Нұрбикеге үйленіп, Әмір Темірдің әскерін басқарған батыр болған. Анасын жылан шағып, ерте қайтыс болған соң, Нұрила әжесі Зухра мен атасы Мақтым Ағзамның қолында өскен.

Атасы Мақтым Ағзам сопы бір түсте Қожа Ахмет Ясауиді көреді. Түсінде әулие: «Жалғыз немереңе әулиелік дарып, бақ қонады. Оның білегінен кім ұстаса, соған қоса бер, бақытты болады», – дейді.

Он төрт жасында Нұрила су алмақ болғанда қауғамен бірге құдыққа құлап кеткенде, оны қазақтың атақты биі әрі батыры Бәйдібек Қарашаұлы құтқарып, білегінен ұстап шығарады. Осыдан кейін Нұрила 19 жасында Бәйдібек биге тұрмысқа шығып, оның үшінші әйелі атанады.

Бәйбішенің қастандығы

Алғашқы күннен бастап күншіл, қатыгез бәйбішенің қорлығына кезігеді. Айы-күні жетіп, ұл тауып, атын Тілеуберді қояды. Бәйдібек би Ташкентке кеткен сәтті пайдаланып, Сары бәйбіше келінін алдап сыртқа шығарып, бесіктегі сәбидің еңбегін бармағымен басып жарақаттайды.

Жантас атты жылқышы мен шебер оташы нәрестенің сынған сүйек жаңқаларын алып, құрбақаның терісін жапсырып, жаңа сойылған тайдың ішегімен таңады. Бірнеше айда сүйек бітіп, бала аман қалады. Осыдан кейін бала «Жарықшақ» атанып кетеді.

Қастандық әшкере болғанда, Бәйдібек би бәйбішесін төркініне қайтармақ болады. Бірақ Нұрила кешірім жасап, елдің бірлігін сақтайды.

  • Бәйдібектің бірінші әйелі Сары бәйбішеден он ұл туған, олардың бірі Байтоқтыдан Түркеш (Сарыүйсін) тарайды.
  • Екінші әйелі Зеріптен Жәлменбет туған, одан Шапырашты, Ысты, Ошақты өрбіген.
  • Ал үшінші әйелі Нұриладан Тілеуберді (Жарықшақ), одан Албан, Суан, Дулат тараған.

Бірде Алатаудан келген қалың жау Қаратаудағы Бәйдібектің ауылын шауып, сан мың жылқысын айдап әкетеді. Бұл кезде ауыл азаматтары түгел сыртта болыпты. Жау шапқаны жайлы хабар жеткенде, Бәйдібек алты ұлын қасына ертіп, жасақпен бірге аттанбақ болады. Сонда Нұрила:

— Байеке, малдың құты – құла айғыр қолда қалды. Алты күннен кейін жылқы жауға қайтпай, өзі-ақ ауылға оралады. Жауды қума, азаматтар аман болсын, – деп өтінеді.

Алайда кектенген Бәйдібек тілін алмай, аттанып кетеді. Қанды шайқаста алты ұлы да қаза табады. Дәл алты күн өткенде байлаулы тұрған құла айғыр дүбірлетіп кісінейді. Сол күні кешке шығыстан қалың шаң көтеріліп, көп ұзамай айдалған жылқы түгел ауылға қайтып келеді.

Сөйтіп, ереуілдеп кеткен малды ерлер қайтара алмаса да, Домалақ ана өз ақылымен, көрегендігімен үйде отырып-ақ дуалы аузымен түгел қайтарып алған екен...

«Домалақ ана» атауы қайдан шыққан?

Бірде Бәйдібек байдың жылқысын алмақ болып, Қара Қайдар бастаған қарақшылар ауылға келеді. Үйде жалғыз отырған Нұрила оларға айран ұсынып, кейін өз емшегінің сүтіне иленген күлшеден дәм татқызады. Мұны көрген қарақшы: «Сіз бізге ана, біз сізге перзент боп қалдық қой», – деп, жылқылардың жөнін сұрастырады.

Қауіптенген Нұрила оларға жылқыға шаппауды ескертеді. Бірақ қарақшылар тыңдамай, өзенге барғанда Боралдай суы арнасынан асып, өткел таппай, біразы суға кетіп, аттарынан айырылады. Бастарына іс түскен соң, «Әлгі кемпір тегін адам емес екен. Барып кешірім сұрайық», – деп қайта оралып, Нұриланың батасын сұрап, «Диһнат мама» (Әулие ана) деп тағзым етеді. Уақыт өте келе дыбыстық өзгерістерге ұшырап, халық арасында «Домалақ ана» атауы кең таралған.

Бауыржан Момышұлы да Бәйдібек баба мен Домалақ ана тағдырын қағыс қалдырмаған. Ол өз еңбектерінде ел аузындағы бір аңызды баяндайды. Айтуынша, Бәйдібек балаларына енші бөлгенде сүйікті жарының ұрпағына мол үлес беріп, ал Домалақ анадан тараған балаларға ақсақ-тоқсақ, әлсіз малды қалдырады. Бұған қоса, Домалақ ананы балаларымен бірге жұртта қалдырып, өзі басқа жаққа көшіп кетеді. Арада бес жыл өтеді. Сол жұртта қалған азғантай мал өсіп-өніп, әулеттің дәулетін қайтадан арттырады. Ал шалғайға кеткен Бәйдібек ауыр жұтқа ұшырап, жоқшылықта көз жұмады. Қайғылы хабарды естіген Домалақ ана бар асыл қасиетіне сай Бәйдібек бабаны арулап жерлетеді.

Домалақ ана Қаратау жотасына ел көші кезінде, Балабөген өзенінің жағасында намаз оқып отырған сәтінде дүниеден өткен. Оның бейіті тұрған жерге кейіннен кесене тұрғызылып, қасиетті мекенге айналды.

Домалақ ана — тек Бәйдібек бидің жары, ұрпақ тәрбиелеген инабатты ене ғана емес, бүтін бір халықтың рухани символына айналған тұлға. Оның даналығы мен төзімі, сабыры мен әулиелігі ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, бүгінге дейін аңыз болып жетті.

тарих тұлға
Көбірек оқыңыз