Үндістанның Клеопатрасына айналған қыпшақ даласының қызы

Рәзия Сұлтан Дели сұлтанатының алғашқы әйел билеушісі. Ол қазақ даласынан (Дешті Қыпшақ) Үндістан жеріне қоныстанған көшпенділердің тікелей ұрпағы. Ал тарихта алғашқы әйел "сұлтан" ретінде қалу мүмкіндігі оған мұрагерлік жолмен берілген. 

Әкесі Шамса-ад-дин Елтұтмыш түркі тайпасынан шыққан, өз заманында Дешті Қыпшақ даласынан Үндістан топырағына  құлдыққа айдап әкелінген. Ел билеушісі Кутб ад-Дин Айбек оның адалдығы мен ақылын, көрегенділігін  бағалап, ақылшы серігі ретінде өзімен ертіп жүреді. Уақыт өте келе ол билеушінің қызы  болашақ патшайым Разия сұлтанның анасына үйленді. Елтұтмыш билікте болған 25 жылда елдің өсіп-өнуіне көп күш жұмсайды. Оның тұсында қайырымдылық кең етек жайып, жемқорлық атымен жоқ болған. Дешті қыпшақтан шыққандарға қолдау білдіріп, лайықтыларын жоғары лауазымдарға көтерген. Бұқара халық Сұлтан мен оның қызы Рәзияны қатты жақсы көретін.

Рәзия Сұлтан жастайынан өз ақыл-парасатымен, мергендігімен көзге түсіп, әкесін ғана емес айналасындағыларды да таңқалдыратын. Оның ер мінезі мен зеректігі басты қаруына айналды. Рәзия сауат ашу мен әскери істерді рахаттана меңгеріп қана қоймай, сұлтанның қасында жүріп аңшылық өнер мен мемлекеттік істерге де жақын болды. Елтұтмыш  ұлдарының барына қарамастан қызының таққа отыруын қалап, өзінен кейін мұрагер ретінде бекітті.  Жаратылысынан  ойының ұшқырлығы, стратегиялық ойлау қабілеті,  қайсар мінезі ел басқаруға толықтай лайық деп тануға себеп болды. Тұтас бір мемлекеттің басшысы алғаш рет еркек емес, әйел болған кезде көптеген резонанс туындап, ел ішінде дүрбелең болған.  

Әкесі ресми түрде таққа қызын мұрагер етіп тағайындағанымен, Үндістан билігі әйелдің ел билеу шартымен келіспеді. Рәзия Сұлтанға қарсы қастандық жасалып, соның нәтижесінде таққа  Шах Тұрханның ұлы Фируз отырды. Бұл қастандықтың артында Елтұтмыштың екінші әйелі Тұрхан хатун тұрды. Ол ұлының ерік-жігерімен ерекшеленбейтінін жақсы біле тұра билікке ұмтылды. Алайда Фируз Дели сұлтанатының тағына отырғанымен мемлекетті басқара алмады. Ол мемлекеттік істермен айналысқысы келмейтін, бос өмір мен ойын-сауықты жақсы көретін. Ол билікке келгеннен кейін көп ұзамай елде азаматтық қақтығыстар басталып, ел ішінде ретсіз толқыныстар орын алды. Нәтижесінде қарапайым халық өздері-ақ кімнің жақсы билеуші екендігіне көз жеткізді. 1236 жылдың қарашасында Дели тұрғындары қазіргі көсемнің билігі қандай зардаптарға әкелуі мүмкін екенін түсініп, сұлтан Елтұтмыштың қызын ашық түрде қолдап, көп ұзамай ол заңды мемлекет басшысы деп танылды. Ал Рукн-уд Дин Фируз анасымен бірге  жер аударылып, кейін өлім жазасына кесілді.

Рәзия Сұлтан Дели сұлтанатын 1236-1240 жылдары басқарған бесінші билеуші. Тарихшылардың пікірінше Рәзияның ішкі саясатқа көп ықпалы тиді. Ол әкесінің саясатын жалғастыра отыра, медицина, өнер салаларын дамытып, мәдени орталықтардың санын көбейтті. Оның дипломатиялық кәсібилігінің арқасында көптеген ішкі және сыртқы қақтығыстар бейбіт жолмен аяқталды. Сұлтан Рәзияның халық арасында ағартушылық қызметі де жоғары бағаланды. Оның поэзиялары да халық арасынан өз оқырманын тапты. Әлеуметтік және гендірлік теңдік мәселелеріне көңіл бөліп, халықтың барлық топтарының жағдайын жақсартты. Әйел теңдігі мәселесін алғаш болып көтеріп, ерлер мен әйелдердің қоғамдағы тең құқықтарын орнатты. Сонымен қатар өз тұсында бұрын тек ер сұлтандар киген дәстүрлі киімді киіп, халық алдына батылдықпен шықты. Қиян-кескі шайқастарда әскери істерді жеке басқарып, қару-жарақтарды асқан қайсарлықпен қолданды. Халықтың сүйікті билеушісі болғанына қарамастан Рәзия Сұлтанның жаулары да көп болды. Оған себеп болған патриархалды өмір салтының нормаларын өзгертуге деген ұмтылысы еді. Билеуші ретінде қабылдаған талғампаз шешімдері консервативті мұсылман халықының көңіліне жақпады. 

1240 жылдың сәуір айында Рәзияның жақын серіктері өзіне қарсы көтеріліс бастады. Әскери жорыққа аттанған Рәзия өз әскерінің сатқындығына тап болып тұтқынға алынады. Босап шыққан Рәзия Сұлтанның тағдыры үшін күресуінде біраз қиындақтар орын алады. Халықтың сүйікті сұлтаны болған Рәзияны бірнеше әмірлер қолдады. Алайда әскер күші тең келмегендіктен, Рәзия Сұлтан жеңіліп, тағы да тұтқынға түседі. 

Аңызға айналған Рәзия Сұлтанның одан кейінгі тағдыры белгісіз. Қайда, қашан қайтыс болғаны туралы да нақты дерек жоқ. Оның ерлігі мен өрлігі туралы бірнеше фильмдер түсіріліп, әдеби шығармалар да жазылған. Рәзия Сұлтан айбынды жауынгер, қара қылды қақ жарған әділдігімен көзге түскен, сұлу да қарапайым патшайым ретінде елінің есінде қалады. Үнді елінің Клеопатрасына айналған оның бойында көшпенді халықтың қаны бары тегін емесі анық. 

 

Автор: Айнұр Болатқызы 

Корректор: Мөлдір Айболқызы 

Көбірек оқыңыз