Импрвизация жаса!

Әлімжан Бауыржанов – өзгелерді бақытты ететін адам. Өз бойында бар ерекше білімді басқалармен бөліскісі келетін қасиетін сезген кәсіби актер бірнеше жылдан бері осы актерлік және шешендік өнерді жұртқа үйрете отырып, әртүрлі іс-шараларды жүргізіп келеді. Museofnomad командасымен әңгіме барысында Әлімжан өз бойындағы сиқырдың құпияларымен бөлісті.

Мен «актерлік шеберлік» ұғымына ұзақ анықтама бергім келмейді. Менің ойымша, оны екі-ақ сөзбен қорытындылап айтуға болады – «сену» және «сенбеу». Мәселе өтірік қылмыңдауда емес, мәселе – шынайылықта: егер де сіз бірдеңе айтатын болсаңыз, алдымен оған өзіңіз барынша сенуіңіз керек. Бұл күнделікті өмірде де жиі қолданылатын өте маңызды дағды. Өкінішке орай, біздің халықтың 80%-ы мұндай дағдыны меңгермеген. Дәлірек айтқанда, олар актерлік шеберлікті меңгеруді ғана емес, тіпті дұрыс сөйлеуді, ойын тұжырымдап жеткізуді де білмейді. Ал егер де сіз адамдармен жұмыс жасайтын болсаңыз, дәл осы дағды сізге өте қажет.

 Бұл қасиет кейбіреулерге «бұйырмаған» дегенге мен сенбеймін. Біреулер тіпті дұрыс сөйлеуді, өзін-өзі көрсете білуді үйренгісі де келмейді. Ал кейбіреуге оратордың дағдылары мүлдем қажет емес сияқты болып көрінеді: мен инженермін немесе бағдарламашымын, бұның маған не керегі бар дегендей ойлауы мүмкін. Мәселен, сізге өз идеяңыз туралы бастыққа айту керек болады. Қалай айтасыз? Бұл жерде мен бизнес туралы мүлдем ештеңе айтып тұрған жоқпын – бизнесте сөзсіз ештеңе бітпейтіні белгілі. Мысалы, Илон Масктың бүкіл империясы оның бойындағы харизмасы мен тұлға ретінде қалыптаса білуінің арқасында құрылған.

 Кейде басқа бір әріптестерімнің «сізді 5, 10, 20 күннің ішінде Цицерон етіп шығарамын» дейтін сөздерін естимін. Бұл әдіс мүлде дұрыс емес. Ол үшін жаттығу залындағыдай тұрақты түрде жұмыс істеу керек. Мысалы, жаттықтырушының көмегімен бір ай бойы шынығып, содан кейін қайтадан тоқашқа тойып алып, диванда жатуға болмайды. Үнемі жаттығу керек, бойдағы жағымсыз комплекстерді жеңіп, өзіңізді ашу үшін, үнемі жұмыс істеу керек. Міндетті түрде көркем әдебиет оқу керек, әсіресе оны дауыстап оқуды тоқтатпау керек! Шынын айтқанда, дәл осы қасиет маған іс-шаралардың жүргізушісі болуыма көмектесті.

 Тағы бір үйренетін негізгі жаттығу – камера алдында сөйлеу. Сіз үнемі бір нәрсені ойдан шығарып, камераға жазып отыруыңыз керек, максимум екінші дубльден жазуды үйренуіңіз керек! Ал нақты не түсіріп, не жазу керек – ол мүлде маңызды емес.

 Мен жұртқа актерлік шеберлікті үйретумен қатар әртүрлі іс-шаралар да жүргіземін. Жүргізушіні жұртқа жағымды, әрі табысты ететін үш негізгі қасиет бар: дауыс, дикция және халыққа деген сүйіспеншілік. Соңғысы ерсілеу болып көрінуі мүмкін, бірақ адамдар әртүрлі, оларды жақсы көру, оларға ұнау – өте қиын. Дегенмен де бұл керек! Жүргізушінің басты міндеті – мереке ұмытылмастай болып өтуі керек және бұл клиент болашақта сізбен тағы да жұмыс істеуі керек. Ал жылдам ақша табу үшін, жай ғана стандартты бағдарламаны автоматты түрде «айналдырып шығу» – бұл тұңғиыққа апаратын жол.

 Іс-шаралар кезінде күтпеген оқыс жағдайлар болып тұра ма деп менен жиі сұрайды. Әрине, болады! Күні бұрын жазылған сценарий түкке жарамсыз болып қалған кездер де болады. Мысалы, ашық аспан астында өтуге жоспарланған шара, кенеттен жаңбыр жауып, бәрі өзгереді. Бірде мен жаңа жылдық кеш өткізіп жатқанымда, мейрамханада электр жарығы өшіп қалды. Сосын шырақ жағып, бәріміз қосылып, жаңа жылдық әндерді айттық, бұл шын көңілден, өте тамаша болып шықты. Міне, осылай импровизация жасай білуіңіз керек, бірақ оған да әрқашан дайындық керек екенін анық түсінуіңіз керек. Үнемі дайындалу керек.

 Іс-шара жүргізушісіне тыйым салынған дүниелер де бар. Олар екеу: анық емес дикция және клиентке немқұрайлықпен қарау. Сіз бір рет дайындалған сценарийді немесе бағдарламаны бірнеше жылдар бойы қатарынан үнемі жүргізе алмайсыз. Адамдар немқұрайлықты тез сезеді. Сіз де қонақтарды сезіне білуіңіз керек. Мысалы, бір қонақтардың саған: «Әртүрлі байқауларыңызды маған тықпаштауға тырыспаңыз!» деп тікелей көзбен айтып тұрғанын бірден сезіну керек. Мен, әрине, ондай адамға жақындамауға тырысамын, бірақ іс-шарадан кейін дәл сол адам маған келіп, (парадокс!) бәрі жақсы өткені үшін алғыс айтады! Мен өзім де дәл сондай қонақпын. Қонақта отырғанда маған тиісуге болмайды.

 Ал қызықты жағдайлар менде жетіп артылады. Мысалы, мен 26 желтоқсан күні достарымның үйлену тойын өткіздім. Тойдың өту мезгілі де ерекше еді, өйткені бұл кезең жаңа жылдық кештерге толы ғой. Бірақ олар менімен алдын ала келісіп алған болатын. Ол екеуі өздері сноуборд спортының жанкүйерлері еді, сондықтан үйлену тойларын қысқы стильде өткізді. Олар небары 23 жаста, тойды ата-аналарының көмегінсіз, бәрін өздері ұйымдастырды. Бұл – Қазақстанда өте сирек кездесетін той болды.

 Бірде мен жүргізуші ретінде кеңестік әйгілі диктор Юрий Левитанды бейнелеуім керек болды! Жүргізушілер арасында кәдімгідей кастинг өтіп, мені жеті үміткердің ішінен таңдап алды. Мен трибунаға шығып, дәл осы дауысыммен: «Кеңестік ақпарат бюросы хабарлайды!» деп жарияладым. Іс-шарадан кейін маған сын айтылды. Қандай дейсіз ғой? Өйткені бір сөйлемді мен Левитанның дауысымен емес, өз дауысыммен айтыппын.

 Импровизацияны үйренуге болады. Импровизациялық шеберлік мектептері бар, менің курсымда да бұл пән бар. Бәрін жүктеп алып, үйренуге болады.

 Жалпы, клиенттерімнің 70%-ы (әсіресе әйелдер!) маған көбіне бір ғана тілекпен келеді – менің өзгеруім, ашылуым керек дейді. Мысалы, жағдай былай – әйел адам департаменттің бастығы болды делік, бірақ қол астындағы харизматикалық және қайратты қызметкерімен қалыпты қарым-қатынас орната алмайды. Мұндай жағдайда мен оған, әрине, көмектесе аламын. Ал ер адамдар аз келеді, өйткені өздерінің бойында қандай да бір проблема бар екенін мойындау ер адамдарға қиынырақ.

 Мынадай жағдай бар – қалыпты жайлы аймақтан шығу деген. Мен әрқашан осыдан бастаймын, бірақ мұны ақырын, ұқыптап, аса бір нәзіктікпен, сүйіспеншілік пен қамқорлық аясында жасаймын. Біз екеуара біраз сөйлесіп, мәселені анықтаймыз. Содан кейін ғана актерлік шеберлік арқылы жайсыздықты жеңіп, ашылуға тырысамыз.

 Менің бір клиентім болды, оны сондай жағдайдан түп-тамырымен шығаруға тура келді. Ол өте жоғары лауазым атқарды, бірақ ел алдында сөйлеуді, өзінің ісімен таныстыруды үйрене алмады. Мен оны саябақта бөтен адамдардың көзінше билеуге, Instagram парақшасын жүргізуге, өзінің сыртқы келбетіндегі кемшіліктерге күлуге мәжбүрледім (ол үшін бұл нағыз сынақ болды). Сол үшін де ол мені жек көрді, бірақ мақсатына жетті, қазір кез келген жерде сенімді түрде сөйлей алады.

 Бір кездері мен өзім де жайлылық аймағынан шығуды үйренуден бастағанмын. Отбасылық мейрамханада бір іс-шараны өткіздім, содан кейін балалар мюзиклін қоюға көмектесуімді өтінді. Ал балалармен жұмыс істеу өте қиын! Алайда арнайы мамандарды тартып, солардың көмегімен мен мюзиклді сәтті өткізіп шықтым. Содан кейін осы мюзиклді қойған орталық жетекшілерінің бірі мені өзіне шақырып, біліміммен бөлісуді өтінді. Коучинг саласындағы жұмысым осылай басталды.

 Әрине, менің қызметім тек коучинг пен үйлену тойларын өткізумен шектелмейді. Жақында менің қатысуыммен түсірілген «Іле Дон Кихоты» атты фильм ұсынылады. Фильм Іле өзенін браконьерлерден қорғайтын адам туралы. Сондай-ақ мен шығармашылық кештер өткізіп, онда қазақстандық ақындардың өлеңдерін оқимын.

 Менің айтқым келетіні: жабық болу – бала кезден бойға сіңген қасиет. Ата-аналармен ауыр қарым-қатынас, мектептегі үрей бала психикасына әсер етеді. Мұны жеңу үшін кәсіби психолог қажет, бұған мен де көмектесе аламын. Бұл – менің өте жақсы көретін ісім.

 

Көбірек оқыңыз