Келіннің бетін кім ашса – сол ыстық

Беташар — келінді жаңа отбасыға, ел-жұртқа таныстыру дәстүрі. Шымылдық ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той болып жатқан үйдің келіндері екі жағынан қолтықтап алып шығады. Орамалдың теңге түйілген ұшы домбыраға байланады. Жырау туыстарды өлеңмен таныстырып жатқанда келін әр есімге иіліп сәлем салуы тиіс. Сәлем алған адам жас келінге беретін сый-сыяпатын атайды.

«Келіннің бетін кім ашса – сол ыстық»

Дәстүр бойынша, жаңа түскен келінді беташар жоралғысы жасалмастан бұрын қыз-келіншектерден басқа ешкім көрмеген.

Ертеде беташар айтатын жырау тойдан бірнеше күн бұрын келіп, отбасындағы адамдардың есімін, туыстық қатынасын зерттеп, арнау жырын суырып салып әзірлеген. Егер жыр көптің көңілінен шықса, жыраудың өзі де сол үйдің ең қадірлі адамына айналатын. «Бетіңді, келін, ашқаным, жаңа жұртқа қосқаным» деп басталатын беташар дәстүрінде, алдыменен, ақсақалдар мен әжелерге сәлем салып, қариялардың көңілін табады. Одан соң ата-енесіне сәлем салып, разылығын алады.

Бұл сәтте тек туыстарға сәлем салумен шектелмей, көзге көрінбес тылсым күштерден арылу мақсат етіледі. Самал Дәрібайұлы «Беташар және отбасылық ғұрыптардағы параллельдер» мақаласында былай дейді:

«Келін түсіруші жақ беташар жасау арқылы жас келінге келген ортасын таныстыра отырып, онымен бірге көзге көрінбес зұлым күш иелерінің ілесіп келмеуін де мақсат етеді. Келіннің қадамының құтты не құтсыз болуы оның түскен шаңыраққа тез сіңісіп кетуіне әсер етеді. «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген мақалдың осындай жағдайларға байланысты айтылғаны хақ. Егер келін түсірген шаңырақ немесе әулет тойдан соң тағы бір қуанышқа кенеліп жатса, «аяғы құт болды» деп жақсылыққа жорып жатады. Сол секілді босаға аттағаннан кейін әулет ауыр қайғыға ұшыраса (отбасы мүшелері не жақын жақын туыстардың қайтыс болуы, ауруға ұшырауы, т.б.) «аяғы құтсыз келін» деген атқа таңылуы да мүмкін»

Осындай түсінік негізінде кей жерлерде келіннің бетін ашатын кезде қамшыны пайдаланады. Көне түсінік бойынша, қамшы сыртқы тылсым күштерден қойғайды. Сол себептен де беташарда келіннің жаулығының тұсына қамшы байлаған. Қазақ халқында қамшы аяқтың астында жатпай, төрде ілініп тұрады.

тарих
Көбірек оқыңыз