Көктем көмектеседі...
Батырхан Шүкенов (1962-2015) - қазақстандық композитор, әнші. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ізгі ниет елшісі. «А'Студио» Қазақстан-Ресей музыкалық поп-тобының негізін қалаушылардың бірі, әрі солисі.
Жақсы жандар арамыздан аққан жұлдыздай ерте кететін бір қайғылы заңдылық бар. Даңққа жеткен шағында, жұлдызы жанғанда, биікке ұшқанында ғайып болады! Бейне бір биік тауға беттегенде дем жетпей қысылып, шыңына шықпастан, төменге қарай түсіп кеткендей күдік тыным бермейді. Идеалымызға деген сағыныш кеудені сыздатып тұра береді. Көкте біреу оның шарықтауын тежеп тұрғандай, әдейі тоқтатқандай көрінеді. Не үшін?! Жауап жоқ!
Батырдың шығармаларын тыңдап отырсам, ол өз тағдырын өзі алдағандай көрінеді. Құлақ құрышын қандыратын, жүрек тебірентер үйлесімді тембрінің құпиясын тауып, қолымен ұстап, жанымен түсінді. Мен ол туралы «мәдениет пен шоу-бизнесте із қалдырды», «өнер әлемінде өзін қалыптастыра алды», «халықтың сүйіспеншілігіне бөленді» деген сияқты жаттанды тіркестерді жазғым келмейді. Алайда мұның барлығы рас, оның қолынан келді, жеңіске жетті. Бірақ бастысы бұл емес...
Ол жүректерден бейнесі мәңгілік өшпейтін өмір жолын мағыналы етіп, өзінің миссиясын анықтай білген адамның үлгісі ретінде жадымызда қалды. Батыр жансыз ескерткішке айналмады. Ол тірі, өзінше күрделі, әрі әртүрлі. Музыка мен өнер оның есімін ешқашан ұмыттырмайды!
Әрбір әні жеке хикая. Бірақ барлығымызға ортақ. «Джулияның» бастапқы аккордтары жаныңды ностальгиялық естеліктерге толтырады. «Белая река» немесе «Солдат любви» әндерінің ноталарынан Алматының ескі алаңындағы би кешінен асқан рахат жоқтай болып көрінген, алаңсыз студенттік шаққа оралғың келеді. «Нелюбимая» және «Твои шаги» алғашқы махаббатыңды еске түсіреді. «Отан», «Қайран көңіл-ай» және «Сағым дүние» әндері туған жермен қауышқандағы қуаныш сезімін сыйлайды. «Душа» және «Время любви» есті сезімнің тереңдігімен таңқалдырады. «Так далеко, так близко» және «Мне поможет весна» – жаралы жүректердің емі. Бұл «шежіреде» бірде-бір кездейсоқ тармақ жоқ, жалған ноталар жоқ, барлығы – нағыз шебердің көркем кескінінің қымбат гауһарлары. Мүмкін, сондықтан болар, Батырдың бейнесі бәрімізде бірдей. Кез келген уақытта, өмірдің әрбір кезеңінде, әр күн мен әр сағатта…
Автор: Светлана Өмірғалиева
Аударған: Мөлдір Адамжан