Көктем құсы

 Көктем – табиғат жаңаруының, жаңа өмірдің, қуаныш пен махаббаттың символы. Заман алмасып, өмір салты өзгерсе де, Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз – біздің ең басты мерекеміз болып қала береді.

«Наурыз» сөзінің тура мағынасы – «жаңа күн» дегенді білдіреді. Күн мен түннің теңесуі мен табиғаттың жаңаруының көктемгі мерекесі ерекше қуанышпен және зор үмітпен атап өтіледі.

Омар Хайям өңдеген халық күнтізбесінде 22 наурыздан 21 сәуірге дейінгі бір ай ерекше нәзік атаумен «көкек» немесе «көктем құсы» деп аталады.

Наурыз кешірім мен мейірім мерекесі ретінде адамдарды бір-бірімен тату-тәтті болуға, бір-біріне тек қана махаббат сыйлауға, өкпе мен ренішті артта қалдыруға шақырады. Бұл мерекеде әсіресе шынайы мұқтаж жандарға көмектесу өте маңызды. Наурыз айында екі ел арасындағы соғыс та тоқтап, бейбіт келісімдер жасалған.

Наурыз айы келгенге дейін үйді мұқият тазалап, ауланы ретке келтіру, мереке қарсаңында ағаштар мен гүлдер отырғызу дәстүрі қалыптасқан. Ұлыстың ұлы күні табалдырықтан аттаған кезде үйде тазалық болса, онда сәтсіздіктер мен ауру-сырқаулар сол үйді айналып өтеді деген сенім болған.

Ұлттық мерекеміз Наурызды барынша жақсылап тойлау үйге бір жыл бойы табыс пен молшылық әкеледі. Мерекенің дәстүрлі тағамы – наурыз көже. Ол 7 түрлі тағамның қосындысынан тұрады (жарма мен айранды қоса алғанда), мерекелік наурыз көже – қуаныш пен сәттіліктің, даналық пен денсаулықтың, аманшылық пен қарыштап дамудың нышаны. Ұлыстың ұлы күні наурыз көже ішкен жандар бүкіл жыл бойы жақындарынан ажырамайды.

Мереке қарсаңында көп ұлтты қазақстандықтар туған-туыс, жақындарымен көрісіп, «Көктемнің келуімен!» – деп бір-бірін құттықтайды. Ақындар жарыса айтысып, жақсылықты дәріптей білген ақын жеңіске жетеді.

Мерекеде өтетін ақындар айтысын және қазақша күрес, тоғызқұмалақ, ат жарысы (қыз қуу және бәйге) сынды ұлттық спорт түрлерінен өткізілетін жарыстарды мыңдаған адам тамашалап, оған қатысып, бақ сынайды. Қызу қуаныш үстінде жастар алтыбақанның қасына жиналып, ән айтып, би билейді, көңіл көтеріп, ұлттық ойындар ойнайды.

Театрландырылған қойылымдар мен сахналық көріністер жұртты ұлттық мәдениет пен туған жерді құрметтеуге, Қазақстан халықтары арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтауға ұмтылуға үйретеді. 

 

Автор: Ләззат Сералина

Иллюстрация: Адильжан Муса, @mussa.sketch

Көбірек оқыңыз