Көрісу - көктем мерекесі

14 наурыз - Көрісу мейрамы. Бұл күні халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады.

whatsapp-image-2022-03-14-at-152147jpg 

Халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Бұл қонақжай қазақ халқына ортақ ежелден келе жатқан көктем мерекесі. Ұрпақты татулық пен бауырмалдыққа тәрбиелеу, ізеттілік пен мейірімге баулудың озық үрдісі.

Көрісу – қонақжай қазақ халқына ортақ ежелден келе жатқан көктем мерекесі. Еліміздің батыс өңірлерінде Наурыз мейрамының басы есебінде Көрісу мерекесі атап өтіледі. Бұл күнді аймақ арасында Амал мерекесі деп те айтады. Көктемге аяқ басқан ел-жұрт туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Араларында болған араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді. Жаңа жылға жаңашылдықпен аяқ басу ниетінде дастархан жайып, қонақ қылады.

Көрісу – татулық, мейірімділік, ізеттілік. Мерекенің шығу тарихы анық болмағанымен, мән-мағынасы көпке белгілі. Бұл күні жасы кішілер жасы үлкен әулет мүшелеріне амандық-саулық тілеп, үй-үйді аралайды. Кішкене балалар әрбір дастарханнан кәде-сый, сарқыт алады. Кейбір аймақтарда міндетті түрде үш үйдің есігін ашу керек деген де пікір бар.

Қыстауда отырып бірін-бірі көріп үлгермеген алыстағы туыс-туған жыл ортасына дейін кездесіп, көрісе береді. Бұл – ұрпақты татулық пен бауырмалдыққа тәрбиелеу, ізеттілік пен мейірімге баулу үрдісі.

 khrojpg 

Этнограф ғалым Досымбек Қатранұлы қазіргі күнде бұл мерекенің қалай атап өтілетіні туралы айтып өтті.

"Бұл күні әулеттің үлкендеріне барып, сәлем беріп, көрісіп, "жас құтты болсын" деп амандасады. Кәде-сыйларымен де барып жатады. Ал шаруамен өзге жаққа кетіп қалғандар тіпті жазға дейін келіп амандасса, соның өзі көрісуге жата береді, себебі жыл толғаннан кейін бірін-бірі көрмеді. Ал "Жас құтты болсын" деген не сөз? Бұл - көшпелілердің туған күн тойламайтынын анықтап отыр. Бәрі жасына жас қосқандықтан, осы күні ғана "жас құтты болсын" деген тілекті айтады. Осыдан-ақ, көшпелілерде жеке адамның туған күнін тойлау дегеннің болмағанын біліп отырмыз", - дейді Қатранұлы. 

Шаттық пен бақытқа, ақ бата мен ақжарма тілектерге, сыйластық пен молшылыққа толы бұл мерекеде мәре-сәре болған ел-жұрт осы қарқынмен Ұлыстың ұлы күні - 22 наурыз мерекесін қарсы алады...

 

Автор: Мөлдір Адамжан

Сурет: баспасөз қызметі мұрағатынан

Көбірек оқыңыз