Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген

31 мамыр – қазақ тарихында қаралы күндермен байланысты қиын кезеңнің куәгері. Жаппай cаяси қуғын-сүргін кезеңімен және ашаршылық нәубетімен тарихта қалған бұл күн халқының игілігі жолында қаза болған ұлт зиялыларын еске алып, рухына тағзым етуге арналады.    

1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. 1997 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып бекітілді. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының  тарих беттері елім деген ерінің ерлігі мен ерім деген елінің зор мақтанышы мен өксігіне толы.

dizain-bez-nazvaniya-6png 

1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің 1-хатшысы болып келген Ф.И.Голощекин елдің саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайымен таныса келе, «Қазақстанға Ұлы Қазан революциясының ешқандай ықпалы болмады. Сондықтан мұнда «Кіші Қазан» революциясын жасау керек» деген қорытындыға келіп, республикада репрессиялық шаралар жүргізе бастайды. Алаш қайраткерлерін тұтқындаумен, оларға «ұлтшыл» деген жалған жала тағумен астарлы саясат жүзеге асырылады. Салдарынан Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин және өзге де зиялылар ату жазасына кесілді. Ұлт қайраткерлеріне «КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды» деген заңсыз жала жабылды.

whatsapp-image-2022-05-31-at-113637jpg 

whatsapp-image-2022-05-31-at-113638-1jpg 

whatsapp-image-2022-05-31-at-113638jpg 

whatsapp-image-2022-05-31-at-113640-1jpg 

whatsapp-image-2022-05-31-at-113639jpg 

whatsapp-image-2022-05-31-at-113640jpg 

whatsapp-image-2022-05-31-at-113641jpg 

whatsapp-image-2022-05-31-at-113642jpg 

1927-1953 жылдары Қазақстан көлемінде 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраса, олардың 25 мыңы атылып кеткен. Репрессия жылдары Кеңес одағы аумағында талайдың өмірін тозаққа айналдырған 953 лагерь құрылған. Оның үшеуі біздің елде орналасқан.

Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды. Бұл қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да тоғытылған абақты еді.

Атын естігендер күні бүгінге дейін үрки түсетін АЛЖИР лагері КСРО-дағы әйелдер қамалған жалғыз азаптау орны болды. Әрі бұл сол кезеңдегі  ең ірі лагерь саналды. Мұнда 62 ұлт өкілінен құралған, 30 мыңдай әйел жазасын өтеген.

Репрессия жылдары елімізге 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың кәріс, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері күштеп жер аударылған. Сондай-ақ қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен басқа да ұлт өкілдерін қосқанда 1 миллион 500 мың адам қазақ даласын паналаған.

whatsapp-image-2022-05-31-at-113633jpg 

Әлихан Бөкейханов – қазақтың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы, ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғалым, әдебиеттанушы, аудармашы әрі публицист.  

Ол Абайды алғаш рет орыс оқырмандарына таныстырды. Оның мұрасы әр салаға арналған мыңдаған очерктер мен мақалалардан тұрады. Олар Ресей мен қазақ елінің барлық басылымдарында жарық көрген.

1920 жылы Алаш автономиясы тарих сахнасынан біржола жоғалып, оның мүшелері қудаланады. Әлихан Бөкейханов Мәскеуге жер аударылып, сонда 10 жыл бойы үй қамақта отырады. Бутырка абақтысына қамалған Әлихан 1937 жылы 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі. Ол Мәскеудегі Дон бауырластар зиратына жерленген.


Әлихан Бөкейхановтың өмір жолы мен шығармашылығы туралы толығырақ сілтемеге өту арқылы оқи аласыздар.


whatsapp-image-2022-05-31-at-113643jpg 

Мағжан Жұмабаев – халық ағарту ісіне белсене қатысқан алаш қайраткері, лирик, эпик ақын. Қазақтың бес арысының бірі. Гете, Лермонтов, Блок, Горькийдің еңбектерін қазақ тіліне тәржімалаған. «Педагогика», «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» еңбектерінің авторы. Ақан сері, Базар жырау, Әбубәкір Диваев туралы зерттеу еңбектер жазып, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған. «Батыр Баян» поэмасының авторы.

1929 жылы «Алқа» жасырын ұйымын құрды» деген айыппен Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жылға Карелияға айдалады.

1937 жылы наурызда Мағжан Алматыға келеді. 1937 жылдың желтоқсанында қайта тұтқындалып, 1938 жылы ақпанда халық жауы ретінде атылады.  

whatsapp-image-2022-05-31-at-113636-1jpg 

 

Сәкен Сейфуллин – көзі тірісінде-ақ қазақ әдебиетінің классигі атанған ақын, жазушы, драматург. «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесінің авторы.

1923 жылы 15 ақпанда «Еңбекшіл қазақ» газетінде жарияланған «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақаласында «бүгінде дейін орыстар қазақты қырғыз деп келеді. Енді ол заман өтті. Әрбір қазақ қырғыз дегенді тастап, қазақ дегенді басқа жұрттың құлағына сіңдіріп, үйретуі керек» деген мәселе көтереді. 1925 жылы кеңестің 5-ші съезінде «қазақ» деген атау түзетілді. Бірақ Сәкенге Мәскеу «ұлтшыл» деген айып тағады. 1939 жылы 28 ақпанда Алматы НКВД қабырғасында атылған.

31 мамыр репрессиямен қатар, ашаршылықта қаза тапқандарды еске алу күні. 1921–1933 жылдары қазақ даласы екі мәрте ашаршылыққа ұшырады. 1919 – 1922 жылдардағы аштықта 1,5 млн адам қаза болса, 1931 – 1933 жылдардағы аштық 2,5 млн адамның өмірін жалмаған. Тарихқа «Голощекиндік геноцид» деген атаумен енген қызыл қырғын жылдары қазақ халқы өзінің 70-80% жоғалтты. Алматыдағы Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы «Қарағайлы» саябағында аштық құрбандарына ескерткіш орнатылған.  

Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының тарихи сахнадағы орны  ұрпағы еңсесін тік ұстап, өткеніне абыроймен үңіліп, болашаққа нық сеніммен қадам жасап, әлемдік аренадан  өз орнын табуына кепілдік береді. Біз "арым жанымның садағасы" деген текті халықтың ұл-қыздары ретінде ата-бабаларымызбен мақтанамыз. Ер есімі әрқашан ел есінде...

 

Автор: Әсел Дағжан

Фотосуреттер: баспасөз қызметі мұрағатынан

 

Көбірек оқыңыз